«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Азамат МАҒЗҰМОВ: «КЕЙБІР НАУҚАСТАР ТЕГІН БЕРІЛГЕН ДӘРІНІ ІШПЕЙДІ»

– Азамат Белгібайұлы, жүрек – адамның ең маңызды органдарының бірі. Статистикаға сүйенсек, елімізде жүрек-қан тамыр ауруларынан болатын өлім-жітім алдыңғы орында. Жағдайды түзету үшін кардиологиялық орталықта қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?

– Әлем бойынша жүрек-қан тамыры ауруларынан өлім-жітім жиі тіркеледі. Бұл – жүректің ишемиялық, цереброваскулярлық, перифериялық артерия, ревматикалық жүрек ауруларының, жоғары қан қысымының салдары.

Біздің облыста Үкімет пен жергілікті биліктің бірлесіп қолға алған шараларының, сатып алынып жатқан заманауи аппараттар мен білікті мамандардың жемісті жұмыстарының арқасында соңғы 10-15 жылда жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары біраз төмендеді. Бұл, әрине, қалалық және аудандық емханалар мен ауруханалардағы дәрігерлер, орта буынды медицина қызметкерлерінің жүргізіп жатқан алдын алу іс-шараларының нәтижесі. Жүрекке ашық ота жасау, стенд қою және коронаграфиялық тексеру әдісі секілді жүректің ишемиялық ауруларын ерте анықтау да өлім- жітім санын азайтуға септігін тигізуде. Мәселен, 2009 жылы орталықта 542 коронаграфиялық тексеру әдісін жасаған болсақ, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 3400-ге жетті. Сол секілді 2009 жылы 17 науқастың жүрегіне стенд қойылса, күні бүгін мұндай науқастардың саны – 1238. Бұл дегеніңіз, осынша науқасқа екінші рет өмір сыйлап, ажалдан сақтап қалдың дегенді білдіреді. Сонымен қатар, аорта коронарлық шунттау отасы 2009 жылы 43 науқасқа, 2014-2015 жылдары 230 науқасқа, биыл 88 адамға жасалды.

– Жүрек-қан тамырлары аурулары неден туындайды?

– Біздің орталықтан жылына 4500 науқас емделіп шығады. Оның сыртында 30 жастан 70 жасқа дейінгі адамдарды әр екі жыл сайын скринингтік тексеруден өткіземіз.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, келіп түсетін науқастардың көбінде сырқат денсаулықтарына дұрыс қарамаудан туындаған. Майлы және тұзды тамақты көп жеу жүрек-қан тамырларының бітелуіне әкеледі. Теңіз тағамдары мен көксерке, нәлім, алабұға сияқты балық түрлерін, өсімдік майы қосылған кез келген көкөніс салаттарын, майсыз ет түрлері – тауық, сиыр, қоян еттерін, ашыған сүт өнімдері – майлылығы төмен айран, қаймақ, ірімшікті, кез келген жеміс- жидектерді және олардан жасалған тағамдарды, жарма және күріштен басқа, кез келген ботқа түрлерін тұтынған жөн. Жүрекке салмақ түспес үшін адамға көбірек қозғалыс керек, күніне жоқ дегенде жеті шақырымға дейін жүру керек. Темекі шегу де дертті 6 есеге дейін арттырады. Сондай-ақ артық салмағы бар адамдардың да жүректің ишемиялық ауруына шалдығуы 3 есеге жоғары болады. Ал қант диабеті ишемиялық ауруға шалдығу қаупін 2-4 есеге арттырады. Тәжірибемізде ауруды жеңілдететін, асқынудың алдын алатын, өмір сапасын жақсартатын ем- домның түрлері өте көп. Орталығымызда хирургиялық тәсілдер қолданылып, аорта-коронарлық шунттау сияқты бірқатар ота жасалады. Жүректің коронарлық артерияларын тексеру үшін коронаграфия жүргізіледі. Ол арқылы қандай тамырдың қаншаға тарылғанын, қандай артериялардың зақымдалғанын, қай жерде және қанша аумақты алып жатқанын білуге болады.

Бір өкініштісі, жүрек ауруымен есепте тұрған кейбір науқастар өздеріне Денсаулық сақтау министрлігінен берілген тегін дәріні уақытымен ішпейді. Бірер күн ішіп, қан қысымы орнына келгенде доғарады. Бірақ олар мұның арты гипертониялық кризге әкелетінін, қан қысымы күрт көтеріліп, тамыр жарылып, миға қан құйылуы мүмкін екендігін ескермейді. Дәрігерлер осындай себеп-салдарды науқастарға қанша түсіндіргенімен, денсаулығына немқұрайлылық танытатындар бар. Жүрегі шаншыса «қазір кетеді ғой» деп шыдап жүре беретіндер де жоқ емес. Дәрігерге уақтылы қаралу қауіптің алдын алады.

– Орталықта науқастарға бұрын соңды болмаған қандай оталар жасалады? Жүректі, қан тамырларын емдеудің жаңа түрлерін меңгеріп жатырсыздар ма?

– Орталық мамандары коронарографиялық зерттеу әдісін пайдалануда. 400 млн. теңгеден астам қаражатқа сатып алынған ангиограф аппаратымен жүрек қан тамырлары ауруларына оталар жасалынуда. Науқастар жүрек-қан тамыр диагностикасына арналған жүрек-қан тамырлық УДЗ аппаратына түседі.

Жыл өткен сайын жүрек ырғағы бұзылған науқастар саны артып келеді. Осыған байланыста жүректің кенеттен тоқтап қалуының алдын алатын кардиовертер-дефибриллятор құрылғысы сатып алынды. Жүрекке қойылатын жасанды аппарат жүректің жұмысын алмастырады. Бұған дейін осындай ота жасау үшін науқастар Астана қаласына жіберілетін.

Жүрек пен қолқаның арасында қан коронарлық артерияның бітелген аймағының айналасында «айналма жолды» дамытатын коронарлық шунттау отасы жасалады. Осындай қиын оталардың жасалуының арқасында жүрек қан тамырларының ауруы осыдан 18 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда үш есеге дейін азайды. Бұл – үлкен жетістік.

– Қазіргі таңда кардиология саласында қандай өзекті мәселе бар?

– Елімізде де, облысымызда да кардиолог мамандар жетіспейді. Қазіргі таңда облыс бойынша 3 ауданда ғана кардиолог маман бар. Бұл жергілікті тұрғындардың тиісті кардиологиялық емді ала алмай отырғанын білдіреді. Сондықтан аудандар науқастарды біздің орталыққа жіберуге мәжбүр.

Осы кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін облыс әкімі аудандарға баратын дәрігерге қызметтік үй беруге шешім қабылдады. Осындай қолдаулардан кейін маман тапшылығы жақын күндері шешіледі деп сенеміз. Екінші мәселе, кейбір аудандарда жүректі тексеретін құрал- жабдықтар жоқ. Жабдықтар болса, оны қолданатын маман жоқ. Сондықтан қазіргі таңда осы екі жайт ең өзекті мәселеге айналып отыр.

– Қоғамда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты наразылық өте көп. Маман ретінде бұған көзқарасыңыз қалай? МӘМС нәтижесін беріп жатыр ма?

– Әрине, уақыт алға жылжыған сайын халықтың талабы да өзгереді, ал медицина бір орнында тұрып қалған жоқ, қарыштап даму үстінде. Жоғарыда айтылған кейбір қымбат күрделі оталар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен жасалуда. Заманауи медициналық құрал-жабдықтар да осы МӘМС жүйесіне бөлінген қаражаттарға сатып алынып жатыр. Осы жүйенің жұмысын өзім көріп жүргеннен кейін пайдасының орасан зор екенін толық айта аламын.

Бастапқыда кемшіліктер болған шығар, бірақ министрлік пен аймақтардағы денсаулық сақтау басқармаларымен ақылдаса ке-ліп біршама оң өзгерістер ен-гізілді.

– Еліміздегі емханалар мен ауруханаларда дәрігер этикасы ақсап тұр. Ақ халатты абзал жанға «ауруымнан емделемін» деп барған науқастар, енді қайтып дәрігердің алдына бармастай болатын жағдайлар аз емес. Осыған не дейсіз?

– Дәрігерлердің барлығы дөрекі дей алмаймын, бірақ ішінара кездесетіні рас. Әлеуметтік желілер арқылы тұрғындардың шағымдарын оқимыз, естиміз. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін дәрігерлер бас қосатын жиналыстар мен конференцияларда науқасқа дөрекі сөйлемеу, жалпы дәрігер этикасы жөнінде жиі айтылады. Дәрігер алдына келген сырқаттың толық сауығып кетуі үшін бар көмегін аямауы керек. Адамгершілік таныту – аса маңызды.

– Ғұмырыңыздың 45 жылын денсаулық сақтау саласына арнаған екенсіз. Осынау еңбек жолыңыздағы сіз үшін ең қымбат марапат қайсысы?

– Өткен жылы «Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын алдым, бұл – мен үшін марапаттардың ішіндегі ең жоғарысы. Өйткені өзің еңбек еткен өңір тұрғындарының құрметіне бөленуден асқан бақыт жоқ шығар.

–Ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

ӨМІРДЕРЕК

Туған жері: Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Қарғалы ауылы.

Туған жылы: 1954 жылдың 5 ақпаны.

Қызметі: Петропавл қаласындағы кардиологиялық орталықтың қан айналым жүйесі аурулары бойынша үйлестіруші.

Марапаттары: «КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі», «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының үздігі», «Құрмет» ордені, «Шапағат», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медальдарының иегері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp