Кикбокстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Смағұловтың мұрындық болуымен Семейде ел кубогы сарапқа салынды.
Бұл жарысқа спорт шеберлері мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері ғана қатыстырылды. Біздің облыстан алты спортшы өз үміттерін сынға салды.
Командалық есепте жерлес спортшылар алдарына семейліктер мен павлодарлықтарды ғана түсіріп, қола жүлдеге қол жеткізді. Азамат Нұрпейісов, Рауан Смағұлов алтыннан алқа тақса, Айбек Төлебаев, Нұрсұлтан Жақыпов күміс жүлде еншіледі. Ал, Абзал Байзақов пен Жабай Ахметов қола алқамен оралды.
Келесі жылғы осындай жарыс – Павлодарда, ал 2015 жылы Петропавлда өтетін болды.
Жарыс қорытындысы бойынша Р. Смағұлов пен А.Нұрпейісов 27 қыркүйек – 5 қазан аралығында Бразилияда өтетін әлем чемпионатына Қазақстан намысын қорғайды.
А.Нұрпейісов одан кейін Түркиядағы әлем чемпионатына қатысу үшін желтоқсанда осы елге сапар шегеді. Шәкірттерінің Семейдегі жетістіктеріне өңіріміздің бас бапкері Әділ Нұржауыпов ризашылығын білдірді.
СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының
баспасөз қызметі.