«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАТТЫҚТЫҢ СИМВОЛЫ

Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгізілгеніне 25 жыл толды. Сонымен қатар бұл күн еліміздегі қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып табылады. Осы екі айтулы мереке қарсаңында “Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі” республикалық мемлекеттік мекемесінің Солтүстік Қазақстан филиалында салтанатты жиналыс өтті.

Жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек құттықтады.

– Қазақстан әлемдік қауымдастықта лайықты орны бар мемлекетке айналды. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік жылдары мемлекетті нығайту бағытында атқарған қыруар еңбегінің жемісі болып табылады. Тәуелсіздіктің арайлы таңы атқалы еліміз талай асулардан өтті. Енді, міне, сол Тәуелсіздігіміздің айшықты, айбынды символы – теңгенің айналымға енгізілгеніне 25 жыл толып отыр. Әрине, ұлттық валютаны енгізу туралы саяси шешім бір күнде қабылданған жоқ. Тәуелсіздік пен ұлттық валюта бір-бірінен ажырағысыз ұғымдар екені осы жылдар бедерінде айқындалды. Теңге ұлттық валюта ретінде еліміздің экономикалық даму үдерісінде өзінің лайықты орнын тапты. Еліміз “Қазақстан – 2050” Стратегиясын басшылыққа алып, әлемнің өркениет көшімен қарышты адыммен алға басып келеді. Бұл әлемнің озық 30 елінің қатарына кіруге бағытталған ізгілікті қадам болып табылады, – деді Дәурен Жандарбек.

Салтанаттты жиналыс барысында қаржы жүйесінің бір топ қызметкері облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, Петропавл қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ұлттық банктің Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Диас Мэлс теңгенің ширек ғасыр ішінде ел экономикасын нығайтудағы рөліне тоқталып, өңіріміздегі қаржы саласындағы ахуалға қысқаша шолу жасады. Содан кейін Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының атынан жиналғандарды құттықтап, қаржы саласының бірнеше қызметкерін марапаттады. Экономикалық талдау және сараптау бөлімінің басшысы Жанар Ысқақоваға “Ұлттық банктің еңбек сіңірген қызметкері” төсбелгісі тапсырылды.

Мереке қарсаңында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері арасында ұлттық валюта – теңге туралы шығармалар байқауы жарияланған болатын. Қазақ және орыс тілдерінде жазылған 46 шығарманы арнайы құрылған комиссия қараған. Байқау жүлдегерлеріне диплом мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Салтанатты жиналыста қаржы саласының ардагері, Мәжілістің экс-депутаты Иван Чиркалин, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Құдайберген Қалиев, Ұлттық банк филиалы директорының бұрынғы орынбасары Галина Зинченко жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, ширек ғасыр бұрын теңгені айналымға енгізген кездегі естеліктерімен бөлісті.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp