«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАТТЫҚ ТАҢЫ АРАЙЛЫ

 

Қазақ елі ұлтымыз үшін ең ұлық мереке саналатын Тәуелсіздік күнінің ширек ғасырлық мерейтойын кеңінен атап өтті. Кең-байтақ еліміздің шекарасынан тыс жерде жүрген отандастарымыз да азаттықтың күнін дәріптеді. Ал елдің солтүстік қақпасы – Қызылжар өңірі арайлап атқан ақ таңды құлашын кеңге сермеп тойлады.

Бұл күні қыс қаһарына мініп, қақаған аяз бет қаратпаса да, Орталық алаңда ел Тәуелсіздігінің мерейтойын атап өтуге жиналғандардың қарасы қалың болды. Халықпен бірге мерекелік шараны тамашалауға облыс әкімі Ерік Сұлтанов келіп, ынтымақты – ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымызды ұлы күнімен құттықтады.

Қазақстан Конституциясы көшесінің өн бойында мәдени, рухани, танымдық, тағылымдық шаралар, қаныңды қыздырар спорттық ойындар ұйымдастырылды. Ұлық мерекемізді осылайша алаңсыз тойлауымыздың өзі бір бақыт емес пе?!

Облыстың өнер ұжымдары әзірлеген “Біздің ортақ үйіміз – Қазақстан” атты концерттік бағдарлама қызылжарлықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекенің мәні мен сәнін аша түскендей болды. Туған елге, Отанға деген сүйіспеншілікті арттырар әндер шырқалып, Абай, Мағжан бабаларымыздың, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жер жайлы ұлы ойлары “Менің елім – Қазақстан!” дегендердің көңілін толқытып, сезім бесігінде тербегені анық.

Әуедегі әннің, көңілдегі күйдің әсеріне бөленген қызылжарлықтарға достықтың кең дастарқаны жайылды.

Өзін осыдан 25 жыл бұрын құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде жариялаған еліміз 130-дан астам этностың жарасымды тірлігімен мақтана алатындығын біз ғана емес, әлем халқы біледі. Ал ынтымағы жарасқан ел ғана бір-бірінің “Достық дастарқанынан” дәм тата алады. Жиналған жұртшылықтың көңілінен шыққан кең дастарқанға сары бауырсақ шашылып, буы бұрқыраған палау қойылды, ыстық шай ұсынылды.

– Еліміз бен өңіріміздің мәдени дамуына, этностар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға Елбасымыздың қосқан үлесі өлшеусіз. Бүгінгі бейбіт, ашық аспан астында өмір сүріп жатқанымызға ризамыз. Іргеміз нығайып, шаңырағымыз биіктеді. Бүгінгі мерекелік кешке біз өз мәдениетімізді, ұлттық тағамдарымызды ұсындық, – деді облыстық “Сомониён Север” тәжік қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің өкілі Хабибулло Гадоев.

Осы күні балаларға базарлық ретінде “Нептун” ойын-сауық кешенінде 14 жасқа дейнгі бүлдіршіндерге тегін жолдама таратылса, “Семейный” сауда ойын-сауық орталығындағы “Kinderland” балалар ойын-сауық орталығында 50 пайыздық жеңілдіктер болды. Аниматорлардың қатысуымен балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы да балғындарды қызық-қуанышқа бөледі. Спортсүйер қауым үшiн саламатты өмір салтын насихаттайтын “Көңілді бастамалар” мерекелік спорттық ойындардан жарыс өтті.

Халқымызда “Бақыт пен байлықтан қайда барасың деп сұраса, бірлігі жарасқан елге, бейбіт өмір орнаған жерге барамын” деген мағынасы тағылымды аңыз бар. Сол жердің Қазақстан болғаны, әр мерекемізді асқақтата тойлап, көк туымызды құстар қалықтаған бейбіт аспанымызда желбіреткенімізге не жетсін?! Жастарға арналған “Асқақтай бер, айбынды Қазақстан!” атты кешкілік концертте өңірдің өнер ұжымдары мен этнобірлестіктер өнерпаздары шырқаған ән мен күмбірлеген күй Қызылжар өңірінің аспанында түннің бір уағына дейін қалықтады. Ал түнгі аспанға сән берген от шашу алда күтіп тұрған жарқын болашақтың шұғыласындай болды.

Жанаргүл МЕЙРАМ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp