Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары арасында қазақ күресінен “Полиция барысы – 2015” облыстық турнирі өтті. Додаға 17 құрама командадан 34 балуан қатысып, бақтарын сынады.
Спорттық шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Берік Біләлов қатысушыларға бүгінгі шараның қан майданда қаза тапқан, ел тыныштығы үшін жанын пида еткен ардагерлердің құрметіне ұйымдастырылып отырғандығын атап айтты. Спортшыларға сәттілік тілеген ол қазақ күресінен облысымыздың алғашқы спорт шебері Бауыржан Құлжановқа “Динамо қозғалысын алға бастырғаны үшін” медалін табыстады.
Сайыстың жеңімпаздарына келер болсақ, ақтық сында мамандандырылған күзет басқармасының өкілі, полицияның кіші сержанты Азат Шаукеров пен облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілі, аға лейтенант Ержан Дәулетов боз кілемде кездесті. Бәсекелі кездесудің қорытындысы бойынша 21 жастағы Азат Шаукеров жеңіске жетті. Намысқа бермеуге тырысып баққан Ержан Дәулетов екінші орынға ие болды. Ал облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкері, майор Ербатыр Әменкин үздік үштікті түйіндеді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.