«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗДЫРАР АДАМ БАЛАСЫН

Жуырда облыста болған оқиға естіген адамның жағасын ұстатып, өңір жұртын дүрліктірді. Қатарластары мектепті тамамдап, жоғары оқу орнына түсудің амалын ойлап жүргенде, 18 жастағы қыз қауіпті синтетикалық есірткі затын жасап, интернет арқылы саудалады деген күдікке ілінді. Тексеріс барысында үрімдей жастың қолдан жасаған 40 грамм есірткісі, яғни 600 адамға жетерлік доза тәркіленді.

Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Жандос Басыбаевтың айтуынша, сотқа дейінгі тергеу амалдарының барысында күдіктінің тұратын жері тексеріліп, жедел іс-шаралар қолға алынды. Үйінен табылған ақ түсті заттың сот-химиялық сараптама нәтижесінде мефедрон екені белгілі болды.

Өкінішке қарай, дүние жүзін жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын жайып келеді. Соңғы жылдардағы деректер көрсетіп отырғандай, негізгі мәселе нашақордың санында емес, жасында болып отыр. Өйткені, келешек ұрпаққа ақыл, бағыт-бағдар беретін алдыңғы толқын есірткіні “табыс көзі” көріп, қаншама адамның өмірін улау арқылы пайда табуды доғарар емес.

Биылғы жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңірімізде есірткіге тәуелділікпен наркологиялық есепте тұрғандар саны 3,6 пайызға төмендеп, 636 адамды құрады. Қоғам дертіне айналған уға еліктегендер санының азайғаны қуанарлық жайт, әрине. Есірткінің салдарынан болған өлім-жітім де біршама азайған көрінеді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде жеті қайғылы оқиға тіркелсе, биыл наркологиялық тәуелділік салдарынан үш адам көз жұмған. Есірткіге тәуелді азаматтардың дені, яғни 514-і облыс орталығында тіркелген. Бір өкініштісі, олардың қатарында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер де бар.

Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, саудагерлер арам пиғылын жүзеге асырып, өскелең ұрпақты дұрыс жолдан тайдыру үшін жастар көп қолданатын “Тelegram”, “ВКонтакте” сынды әлеуметтік желілерді кеңінен пайдаланады екен. Еліміздің түкпір-түкпірінен немесе әлемнің кез келген жерінен интернет арқылы қалаған затына тапсырыс беріп, сатып ала алатын қазіргі кезде синтетикалық есірткі саудасы да өршіп тұр. Жастардың денсаулығына, тіпті, болашағына үлкен қауіп төндіретін улы затты сатып алу еш қиындық туғызбайды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, олар алдымен желінің арғы жағындағы адаммен келіссөз жүргізіп, көрсетілген нөмірге немесе есепшотқа ақша жіберсе жеткілікті. Содан кейін оған тауардың қайда жасырылғаны жөнінде хабарлама келеді.

Үстіміздегі жылдың басынан бастап интернет арқылы саудаланған есірткі қылмысына қатысты төрт факті тіркелді. Мәселен, қаңтар айында облыс орталығының тұрғындары екі жастың қылмыстық әрекетінің жолын кесті. Олардың біреуі “Жеделхат” мессенджерінде интернет дүкенінің әкімшісі және иесі болса, екіншісі жүргізуші және “кепілгер” рөлін атқарған. Олардың заңға қайшы әрекеттері әшкере болып, тексеріс нәтижесінде жалпы салмағы 327,51 грамм немесе 5 458 доза синтетикалық есірткі заты тәркіленген болатын.

Кез келген қылмыстың жолын кесудің ең тиімді амалы оның алдын алу екені белгілі. Сондықтан бұл жұмыстарға есірткімен күресте де баса мән беріледі. Осы орайда сананы да, тәнді де улаған есірткі затымен күресте наркологиялық заттарды жарнамалайтын граффити жазбаларын бояуға белсене атсалысатын ерікті жастардың еңбегі ерен. Азаматтардың бірлескен әрекетінің нәтижесінде өткен жылдан бастап 223 жазба өшірілді.

– Біз білім беру, денсаулық сақтау, облыс әкімдігінің жастар саясаты, мәдениет, туризм және спорт басқармаларымен, өскелең ұрпақтың мәселелерімен айналысатын басқа да бірлестіктермен байланыс орнатып, белсенді жұмыс атқарудамыз. Бірінші жартыжылдықта басқарма мамандары дәріс, конкурс, акция, “дөңгелек үстел” отырыстары мен онлайн-конференциялар түрінде 144 алдын алу шарасын өткізді. Төтенше жағдай кезінде “Қамқор” еріктілер клубының мүшелері балалар нашақорлығын болдырмауға қатысты бейнеролик әзірлеп, оны “Whatsapp” мессенджері арқылы таратуда, – деген облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Жандос Орманұлы осы бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасатынын айтты.

Евгений Заянцтың басшылығымен жұмыс істейтін “Надежда NORD” қоғамдық қорының еріктілері және кеңесшілерінің жұмысы да жалғасуда. Олар есірткіге тәуелділікке салынған адамдарды емдеуге де атсалысуда. Осы орайда есірткіге тәуелділіктен арылып, емделіп шыққан азаматтардың жастармен әңгімелесу жұмыстары да қылмыстың алдын алуға айтарлықтай септігін тигізуде. Мәселен, ерікті жастардың қатарына енген Денис Насретдинов тәртіп сақшыларына нашақорлықтың құлдығынан шығуға көмектесуге ниетті. Бұл үшін петропавлдық азамат өзінің басынан өткен ауыр жағдаймен бөлісіп, қоғамға қауіп төндірген індеттен аулақ болуға шақырады. “Жастық жалын мен арынның арқасында адам өзін қаншалықты мықты, батылмын деп сезінсе де, есірткіге келгенде бар ерік-жігерінен айырылып, әлсіздік танытуы мүмкін”, – дейді ерікті.

Күнделікті хабарларға құлақ түрсек, қоғамға қауіпті есірткі затын сатушылардың тұзағына түсіп, болашағына балта шапқандардың көбі – жастар. Балалары бар ата-аналар үнемі олармен әңгімелесіп, алдын алуға тырысуы керек. Өйткені, жасөспірімдер қоршаған ортаның кері әсеріне иланғыш келеді. Өмірден өз орнын таппаған олар әртүрлі жағымсыз әрекеттердің жетегінде кетеді. Өз іс-әрекетінің салдарын дұрыс болжамау, жеңілтектік, танымының толық қалыптаспағаны, еліктеушілік – алғаш рет спиртті ішімдіктер мен есірткінің дәмін көруді тудыратын себептер. Сондықтан әр ата-ана өз баласының дұрыс өсіп-жетілуіне, қашанда тура жолмен жүріп, ешкімнің ала жібін аттамауына, теріс қылықтардан аулақ болуына жауапты.

Осындайда хакім Абай Құнанбаевтың: “Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын” деген мәнді де мағыналы сөзі еріксіз ойымызға оралады. Бүгінде хакім айтқан кеселдермен қатар нашақорлық та адамзат баласына үлкен қауіп төндіріп, ұрпақты аздыруға бет алғанын аңғару қиын емес. Сондықтан ата-ана бар жақсысын, тәттісін баласына ұсынып, “жегенің алдыңда, жемегенің артыңда” деумен шектелмей, оның тәрбиесіне, мінез-құлқына көбірек көңіл бөлуі тиіс.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp