«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Азық-түлікті қымбаттатпаудың амалы

Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру үшін арнайы штаб құрылған болатын. Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында ұйымдастырылған брифинг барысында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Медет Оспанов журналистерді бағаны тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Өңірде азық-түліктің бағасы көбінесе маусымдық кезеңдерге байланысты қымбаттайды. Кейде өндірушілердің тауар тапшылығы кезінде бағаны өсіріп жіберетіні бар. Күнделікті тұтынатын азық-түліктің қымбаттамауын өңірлік штаб өкілдері апта сайын бақылап отырады. Бүгінде облыс орталығы мен аудандарда мұндай 100 шақты сауда орны белгіленген.

– Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрі анықталып, олардың 14-і тұрақтандыру қорына сатып алынады. Қазір ұн, нан мен макарон өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдері делдалсыз тікелей саудаланып жатыр. Әлеуметтік нан сататын наубайханалар бағасы арзан бірінші сұрыпты ұнмен қамтамасыз етілуде. Жұмыртқа да өндіруші кәсіпорындардан тікелей сауда орындарына жеткізіледі. Бірқатар шаруашылықтар көкөніс өсіруге көшті. Осылайша сөрелерге бағасы арзан қарақұмық жармасын, күріш, күнбағыс майын, ұн, макарон өнімдері, қант, тұз, құс еті, картоп, қырыққабат, сәбіз бен пиязды жеткізу мүмкіндігі бар. Оларды облыс бойынша 26 сауда орнынан алуға болады, – деді Медет Оспанов.

Соңғы уақытта, әсіресе, күнбағыс майы күрт қымбаттады. Қоғамның әлжуаз топтарын қолдау үшін бүгінде “Радуга” ЖШС “Майское” майын қолжетімді бағада саудалауда. Ол үшін кәсіпорынға айналымдағы қаржысын толықтыруға мемлекеттен ақша бөлініпті. Қанттың бағасы да жоғары. Өңірге шекер Тараздағы Көксу қант зауытынан бір килограмы 285 теңгеден жеткізіліп жатыр. Осы күні қорда былтыр сатып алынған көкөніс те таусылып, оңтүстіктен бағасы едәуір жоғары биылғы картоп, сәбіз, тағы басқа өнімдер әкелінді.

– Көкөністің бағасы маусымдық себептерге байланысты қымбаттады. Жағдай маусым, шілде айларына қарай оңалады. Биыл тұрақтандыру қорына бір жарым мың тонна көкөніс, үш мың тонна ұн сатып алынады. Бағаны тұрақтандырудың тағы бір жолы – азық-түліктің шекті құнын белгілеп, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тым қымбаттауына жол бермеу, – деді Медет Дулатұлы. Отырыста сенбі күндері тұрғындардың ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде азық-түлікті арзан бағамен сатып алуға мүмкіндігі бар екені, сүт және ет өнімдері қолжетімді бағаға саудаланатыны айтылды.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА.

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp