
Аудандық әкімдіктер тозығы жеткен жолдарды облыстық бюджет есебінен жөндеп қана қоймай, енді жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге де қаржы сұрауды шығарған. Облыстық әкімдіктің кезекті отырысында өңірдің қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы сараланып, жайбасарлыққа салынған аудан басшылары сынға ілікті.
Облыстық әкімдіктің кезекті отырысы кадрлық тағайындаудан басталып, өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Рустан Ахметжановты және экология департаментінің басшысы Ерболат Омаровты көпшілікке таныстырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Биылғы қаңтар айында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң қарқын байқалған. Десек те, экономиканың негізгі салаларын кері тартып отырған аудандар жоқ емес. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім өндірісі 0,1 пайызға өсіп, 10,5 млрд. теңгені құрағанымен, Қызылжар және Тимирязев аудандарының жұмысы сылбыр. Ауданның әлеуетін көтеруде инвестицияның көмегі зор болғанымен, Жамбыл, Уәлиханов және Айыртау аудандары көш соңында қалған.
Осы орайда облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудан басшыларына жауапты орынбасарларының жауапкершілігін қарауды тапсырды. Ал жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге қаржы сұраған аудандардың басшыларына мәселені өздері шешулері керек екенін ескертті.
– Болашағы бар ауылдарды дамыту керек. Жоспар бойынша жолдар жөнделiп, су тартылуы қажет. Қаржыны тиімді жұмсау мақсатында болашағы бар, тұрғындар көп қоныстанған ауылдарға басымдық береміз, – деген өңір басшысы Құмар Ақсақалов инфрақұрылымды дамытуға бағытталған үшжылдық жоспар әзірлеуді тапсырды.
Ал қымбатшылық жайлаған уақытта өңірімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыруда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова жыл басынан бері аталған санаттағы тауардың бағасы тек 0,2 пайызға өскенін айтты. Аудандарда да азық-түлік бағасын төмендету мақсатында әлеуметтік дүкендер ашылып, тауарөндірушілер мұнда өнімдерін тура жеткізуде. Ал облыс орталығында тұрақтандыру қорының азық-түліктері сатылатын 24 сауда нүктесі жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта осындай орындарды Заречный мен Жұмысшы кентінде ашу жоспарланған.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімінің бағасын тұрақтандыру аса маңызды екенін атап өтті.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.