Облыс кәсіпкерлері өңіріміздегі тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетуде. Жуырда Аққайың ауданындағы Смирново ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Қожабек Үсенов төтенше жағдай кезінде “Nur Otan” партиясының аудандық филиалына көмек сұрап хабарласқан мұқтаж жандарға тегін азық-түлік таратты.
Қожабек Дәнебайұлы он жыл бұрын кәсіп ашқан. Аудан орталығында дүкен мен дәмхана тұрғызып, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Ел бойынша қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып жатқаны туралы ақпаратты естіген соң жергілікті әкімдік пен “Nur Otan” партиясының аудандық филиалынан аз қамтылған отбасылардың тізімін алыпты. Сөйтіп, аудан орталығында тұратын он отбасына арнап азық-түлік пакетін әзірлеген. Осыған дейін де қиналғандарды қамқорлықтан шет қалдырмаған кәсіпкер бұл жолы әр отбасына екі килограмнан картоп, пияз, сәбіз және бір килограмнан күріш, қант, макарон және сұйық май таратқан. “Қазіргідей сын сағатта жағдайы төмен отбасыларына тіптен қиын болып тұр. Тығырықтан шығудың жолдарын қарастырып, отбасымызбен жалғыз тұратын қариялар мен көпбалалы аналардың тізімін жасап, оларға азын-аулақ қолдау көрсетуді ұйғардық. Мен сияқты өз ісін дөңгелеткен азаматтар жергілікті биліктің зор қолдауына ие. Осындай сәтте біз де әкімдікке және жауапты мекемелерге көмегімізді беріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару үшін күш жұмылдыруымыз керек”, – дейді Қожабек Үсенов.
Игі бастаманы қолдағандардың қатарында тағы бір аққайыңдық азамат бар. Марал Ақкөзов есімді жүргізуші әлеуметтік желілер арқылы тұрмысы төмен отбасыларына көмек көрсету жөнінде жерлестеріне үндеу тастаған. Нәтижесінде жүрегі жомарт жан 30 мың теңге жинап, 6 отбасына азықтүлік алып берген.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Қ.Үсенов зейнеткер В. Бутқа азық-түлік жеткізіп беруде.