Облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің, соның ішінде оның жақында тағайындалған директоры Смағұл Амановтың ұйымдастыруымен өңіріміздегі мектепке қарасты командалардың біріншілігі болып өтті.
Тоғызқұмалақшылардың он алты командасы ой-өрісті бағамдайтын осы ойында шеберліктерін сынға салды. Облыс орталығынан он екі аула клубының және Шал ақын, Айыртау, Қызылжар, Мамлют аудандарының ойыншылары тақта үстінде тартыс өткізді.
Бірінші орынды Жаңажол ауылында тұратын Айбек Нұртазин баптайтын Шал ақын ауданының құрамасы жеңіп алды.
Екінші орын облыс орталығының “Олимп” аула клубына бұйырса, жүлделі үштікке “Ровесник” аула клубының тоғызқұмалақшылары қосылды.