«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙБЫНДЫ АРТИЛЛЕРИСТ

Құрметке бөленіп, ортамызда жүрген ардагерлердің бірі – Қабен Мұрзағұлов қазіргі Шал ақын ауданындағы Ысқақ Ыбыраев ауылында 1923 жылдың 14 қаңтарында дүниеге келген. Бақытты балалық шағын сонда өткізіп, алғаш мектеп есігін ашып, білім алған. 1938 жылы басқа түскен тұрмыс-тіршіліктің тауқыметімен Қабеннің әке-шешесі отбасымен түгел Қорған облысындағы Макушин ауданына көшіп кетеді. Оның ендігі өмірі сонда өтеді. Тек 2003 жылы оралман ретінде туған еліне көшіп келді. Қазір бала-шағасымен, немере-шөбересімен бірге Петропавл қаласында тұрады. Өмірдің небір қиын да қилы сәттерін басынан кешіріп, ащының да, тұщының да дәмін татқан ардагер отбасы мүшелері түгел жиналғанда, туған жеріне оралғанын, елінің ыстық ықыласына бөленгенін қуанышты сезіммен әңгіме етіп, айтып отырады.

Қабен Мұрзағұлов тұтқиылдан соғыс басталғанда он сегізге енді ғана толған балаң жігіт болатын. Соғыстың ел басына ауыр ауыртпалық түсіретінін, халыққа қисапсыз қайғы-қасірет әкелетінін сезінген ол әскерге шақырылу үшін әскери комиссариатқа барып тіркеледі. Бірақ оны бірден әскерге алмай, резервтік топқа тіркейді. Тек 1942 жылдың 7 маусымында майданға жіберіледі. Майданға кірместен бұрын Қабен Мұрзағұлов іріктелген жауынгерлермен бірге Челябинск облысындағы Шұбаркөл елді мекенінде әскери оқу-жаттығу дайындығынан өтеді. Мұнда Қабен зеңбірекші мамандығын игеріп шығады. Жаттығу кезінде ол ауыр снарядтарды зеңбіректерге тез оқтап, нысананы дәл көздеп ататын мергендігімен әрі шапшаңдығымен көзге түсіп, үздік жауынгерлердің бірі атанады. Осындай дайындықтан өтіп, әскери мамандық алғаннан кейін таңдаулы зеңбірекшілермен бірге Воронеж бағытындағы майданға аттандырылады. Бұл кезде танкіде, авиацияда, жауынгер күшінде үлкен басымдыққа ие болған жау осы бағыттағы біздің әскерлеріміздің шебін бұзып өтіп, Сталинградты басып алуға, сөйтіп мұнайлы Кавказға жол ашуға ұмтылған болатын. Сондықтан жаудың мақсатын жүзеге асырмау үшін кеңес жауынгерлерінің үлкен күші осы жерге топтастырылады. 1942 жылдың қарашасынан 1943 жылдың қаңтарына дейін жауынгерлеріміздің қалың күші осы Воронеж бағытындағы майданның қорғаныс шебінде болды. Бұл бағыттағы майданды белгілі қолбасшы Рокоссовский басқарды. Жау шепті бұзып өту үшін бірнеше рет қиян-кескі шабуыл жасады. Бірақ көздеген мақсаттарына жете алмады. Ақыры қаңтар айында күшін топтастырған біздің жауынгерлер майданның барлық шебінде жауға қарсы тойтарыс беру үшін алға ұмтылды. Үлкен тегеурінмен басталған шабуылға төтеп бере алмаған жау күші кейін шегінді.

– Бұл мен үшін естен кетпейтін ауыр ұрыс болды. Біздің артиллерия бөліміміз майдан шебінің қолайлы жеріне орналасып алып, жау танкілерін алға бастыртпау үшін снарядтарды бірінен соң бірін боратты. Атқан оғымыз нысанаға тиіп те жатты. Алғашқы лектегі танкілер жанып, істен шыға бастағанын байқаған жаудың жүрегі шайлығып, кейін шегінуге мәжбүр болды, – деп еске алады Қабен ақсақал. Осы ұрыста жау минасының кішкентай жарықшағы басына тиіп, жарақат алады. Соның салдарынан бір ай далалық госпитальда жатып, емделіп шығады.

Госпитальдан шыққаннан кейін Қабенді тағы майданның алғы шебіне – қызу шайқас жүріп жатқан Харьков қаласы бағытындағы ұрыс даласына жібереді. Осы жерде ол ұрысқа 89-шы атқыштар дивизиясының құрамындағы үшінші артиллерия полкіне зеңбірекші болып қабылданады. Мұнда ол 75 миллиметрлік зеңбіректің көздеушісі болып, тағы да жауға оқ жаудырады. Барлаушылар алдын ала анықтап берген жау нүктелерін, жасырын дзоттарын, танкілерін тура көздеп, нысанаға дәл тигізеді. Осы полктің артиллеристері жаудың бірнеше шабуылын ауыр снарядтың астына алып, бетін қайтарады.

– Бірде мынадай бір оқиға болды, – деп әңгімесін жалғастырды Қабен ақсақал ұрыс даласын көз алдына елестетіп. – Кезекті шабуылға дайындалып жатқанбыз. Жау назарына ілікпесін деп зеңбіректерді қарағай бұтақшаларымен көлегейлеп қойғанбыз. Өзіміз де әр бұтаның түбіне бойымызды жасырып, темекі тартып, елге хат жазып дегендей бейжай отырғанбыз. Біздің бұл қулығымызды немістер сезіп қалса керек, координатымызды ұшақтарына хабарлап, бізге бағыттапты. Бір кезде үш-төрт ұшақ біз жатқан нүктеге ұшып келіп, пулеметтерінен оқ жаудырып өтті. Қайта айналып келіп оқ жаудырып, бомба тастай бастады. Әлем-тапырық болдық. Зеңбіректерді аспанға қаратып, оларды көздеп атуға уақыт керек. Жанымда жатқан жауынгер танкіге қарсы ататын мылтығын қолына алмай, басын көлегейлеп, жерге жабысып қалыпты. “Андағы мылтықты алып, неге атпайсың?” – деймін. Үндемейді. Бір кезде қайыра айналып ұшып келе жатқан жау самолетіне әлгі мылтықты ала салып кезендім де, атып қалдым. Оғым мүлт кетсе керек, ұшақ үстімізден ұшып, мазамызды алды. Қайта айналғанда тағы аттым. Жау ұшағы шайқалып барып, артынан қара түтін бұрқ ете түсті. Бір мезетте алысқа қалықтап барып, жерге құлады. Артынан бұрқ ете түскен қызыл жалын аспанға көтерілді. Қалған екеуі қайтып айналып, үстімізден ұшпады. Сол жолғы ерлігім үшін полк командирі алғысын айтып, ұсыныс жасап, ІІІ дәрежелі Отан соғысы орденін кеудеме қадады.

Осындай ерліктерімен көзге түскен Қабен Мұрзағұлов аға сержант дәрежесін алып, бөлімше командирі болып тағайындалады. 1944 жылы қараша айында Белоруссия жерін жаудан азат етуге қатысады. Мұнда да жау оңайлықпен кейін шегіне қоймайды. Әр елді мекен үшін қиян-кескі ұрыс жүріп, жауынгерлеріміз лықсыған екпінімен алға жылжи түседі. Қабеңнің бөлімшесі де артиллериялық дайындық жасап, жауынгерлерімізге алға жылжуға демеу жасап көмектеседі. Бір кезде немістің ағаш ішіне жасырынған мергені Қабен команда бергенде оң қолының сұқ саусағын дәл көздеп атып, қырқып түсіреді. Ол осы жарақатымен госпитальда жиырма бес күн жатып емделеді. Госпитальдан шығысымен, өз бөлімін қуып жетеді. Содан Жеңіске дейін осы бөлімнің командирі болып, жауды Берлинде күйретуге қатысады. Майдандағы жауынгерлік жолын Воронежден бастаған Қабен Мұрзағұлов Берлинде аяқтайды. Рейхстагты басып алғаннан кейін Жеңіс салтанатын тойлаған жауынгерлерімізбен бірге ол да автоматтан аспанға бірнеше дүркін оқ атып, қабырғаға өз қолтаңбасын қалдырады.

Қабен ақсақалдың кеудесінде төрт орден мен жиырмаға жуық медаль сылдыр қағып, өткен соғыстың отты күндерінен сыр шерткендей.

– Ата, алғашқы наградаңызды қандай ерлігіңіз үшін алдыңыз? – деймін әңгіме арасында.

– Мен үшін ең қымбат награда – “Ерлігі үшін” медалі. Мұның тарихы да қызық. Бірде кезекті шабуылға шығу үшін жау күшін, қанша техникасы барын білу қажет болды. Командиріміз үш орыс жігіті мен мені шақырып алып, жаудың тылына өтіп, “тіл” әкелуді тапсырды. Барлауға шығарымызда: “Әкелетін “тілдерің” неміс офицері болсын”, – деп қайта-қайта тапсырды. Бұл Белгородтың маңындағы майдан шебі болатын. Төртеуіміз қараңғы түнді жамылып, жау тылына еңбектей бет алдық. Анда-санда аспанға ракета атылып, айналаны жарықтандырып жібереді. Біз де алға сығалай қарап, жау бекінісін анықтап келеміз. Сол жерге жеткенде немістің солдаты мен офицерін көрдік. Тез ышқынып, солдаттың үнін шығармай көзін жойдық та, әлгі офицерді ума-жумасын шығарып, бүктеген қалпы кейін шегіндік. Қорыққанынан офицер үнін де шығара алмады. Әкелген “тілімізден” құнды деректер алынды. Сол жолғы ерлігіміз үшін осы медальмен төртеуіміз де марапатталдық, – дейді майдангер.

Бұдан басқа, Қабен Курск иінінде немістің екі танкісін жойғаны үшін Қызыл Жұлдыз орденімен наградталды.

Жаудың жасырынып алып, біздің жауынгерлерді алға жылжытпай, оқ боратып тұрған миномет нүктесін жойғаны үшін Қабен үшінші рет ІІ дәрежелі Отан соғысы орденін омырауына қадаған. Айта берсе, әр наградасының тарихы бар.

Қабен Мұрзағұлов соғыстан оралғаннан кейін де бейбіт өмірде еңбекке белсене араласады. Малшы, жылқышы, мал фермасының бригадирі болып еңбек етеді. 1949 жылы ата-анасы жас кезінде құда түсіп, айттырып қойған Мәриям Ескендірқызына үйленіп, үбірлі-шүбірлі үлкен отбасына айналады. Бүгінде “Алтын алқа” тағынған Мәриям апамыз бен айбынды артиллерист атанған ардақты ардагер Қабен атамыз бақытты өмірдің тәтті дәмін татып, балалары мен немере-шөберелерінің қызығына бөленуде.

Жоламан ШАХАНОВ,

журналист.

СУРЕТТЕ: Қабен Мұрзағұлов.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp