«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙБЫНДЫ БАТЫР – ҚОСАҒАЛЫ

Тоқтаусыз жылжып жатқан тарих толқынының кезекті кезеңінде тұрған ұрпақтың, яғни біздің, болашақ алдында арқалар жүгіміз қомақты екені сөзсіз. Бізге ата-бабаларымыз мол тарихи мұра, ұлан-ғайыр бай өлкені қалдырып кетті. Ендігі кезек осы қазынаны шашау шығармай келешекке жеткізу, іргесі бекіп келе жатқан мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды қылып, ұрпағымыздың шығар белесінің биік болуын қамтамасыз ету. Алдымызда жаһандық ғаламдану заманында өз ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, өткен заманмен сабақтастықты үзбей, атамекен алдындағы жауапкершілігімізді арттырып, рухы мықты ел екенімізді дәлелдеу міндеті тұр. 

Осы бағыттағы маңызды шаралардың бірі – аты аңызға айналған тұлғаларды дәріптеп, ел жадында жаңғырту. Сонау көне дәуірді айтпағанда, қазақ өз алдына хандық құрған заманнан бастасақ та ұлтымыздың мақтанышына айналған ұландары жеткілікті. Солардың бірі – Көкше мен Қызылжар өңірінде ежелден аты ерекше құрметпен аталатын Қосағалы батыр. Батыр туралы алғаш рет Т.Қасымбаев деген ұрпағы 1973 жылдың 13 қарашасында “За коммунизм” газетінде жазған екен. Еліміз тәуелсіздік алып, тарихымызды қайта жаңғырта бастаған сәттен бастап баспа бетінде атамыз туралы деректер молырақ жазыла бастады. Зерттеушілер халқын жаудан қорғаған батырдың ерліктерін зерттеп, қағазға түсірді, ауқымды естеліктер жазды, жыр шумақтарын арнады. Қосағалы батыр туралы 2003 жылы шыққан Тортай Сәдуақасовтың “Ел мен жер” атты көлемді кітабында былай деп көрсетілген: “Қарауылдан – Мәшек, Мәшектен – Есенбай, Есенбайдан – Әлмәмбет, Әлмәмбеттен – Жақсылық, Жақсылықтан – Баян, Баяннан – Төлек, Төлектен Қосағалы туады. Бүгінгі таңда Қосағалының ұрпақтарын қазақ жерінің әр түкпірінен кездестіруге болады. Ал ең көп шоғырланып отырған жері – қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Бұлақ ауылы”. Сонымен бірге жазушы Айдархан Шәбдәнұлының 2011 жылы шыққан “Досан батыр”, 2012 жылдың 3 тамызы күні белгілі жорналшы Бақберген Амалбектің “Egemen Qazaqstan” газетіне шыққан көлемді “Қосағалы” мақаласын айтуға болады. Бұл мақаламен бірге көкшелік танымал суретші Манарбек Бұрмағанов бейнелеген батыр атамыздың суреті бірге жарияланды. Әсіресе, Айдос Әбутәліпұлы ағамыздың еңбегін ерекше айтқан жөн. “Қосағалы батыр есiмi қолдау күтедi”, – деп атамыздың атын ардақтауға ерекше үлес қосып, толғау да жазды. 

Батыр бабамыз Қосағалы Төлекұлы бойы екі метрден асатын ірі денелі адам болса керек, тоқсан жастан асып өз шаңырағында дүниеден озған екен. Батырдың зираты Көкшетау қаласынан солтүстікке қарай орналасқан Азат деген төбеде жатыр. Батырдың алып денелі болғандығын жерленген жерінің ұзындығы шамамен 4 метр екендігіне қарап та болжауға болатындай. Өмір сүрген уақыты туралы баспа бетінде 1740-1813 және 1755-1820 жылдар деп бірнеше нұсқа көрсетіліп жүр. Алайда, нақты дерек болмаса да ел аузында сақталған аңыздар мен одан кейінгі ұрпақтарының санын есептей келе Қосағалы батырдың туған кезі шамамен 1710-1713 жылдар аралығы деуге болады. Батырдың әкесі Төлек Баянұлы Ақтабан шұбырынды заманында жоңғарлардың шапқыншылығы кезінде жапа шеккен халыққа малын бөліп беріп, қамқор болған деген аңыз да бар. Содан ол Байтөлек атанса керек. Төлектің өзінен тумаса да ұрпағы атанып жүргендер сол жаугершілік замандарда бабамыздың бауырына басқан жетім-жесірлердің балалары. Осы атамыздың атын, әсіресе, батыр баласы Қосағалы асқақтата түсті. Батыр бабамыздың заманында жасаған ерліктері, басынан өткен қилы уақиғалар, ел ішіндегі дау-жанжалдарды, түйіні қиын талай мәселелерді қалай шешкені туралы әсерлі де таңдай қақтырар әңгімелер халық арасында көптеп айтылады.
Қосағалы батыр бабамыз жас кезінде Абылай ханмен, Қанай би, Жәпек сынды айтулы тұлғалармен үзеңгілес болып, соғыстың бел ортасында ерлік істерімен көзге түскен. Батыр әсіресе қалмақтардан Кіші жүздің жерін қорғауда табандылық танытқан. Содан болар, Кенесарының жанында болған тама руының Қилыбай деген батыры өзіне қосалқы есім қылып Қосағалының атын алған екен. Дәулеткерейдің “Қосағалы” деген күйі де тегін болмаса керек. Соның бәрі батыр бабамыздың атақ-даңқын айқындай түседі. Соғыстың алғашқы жылдары Қосағалы батыр бабамыз жүз басы болғаны айтылса (“Досан батыр” кітабының 67-беті), кейінірек батыр бабамыздың мыңбасы болғаны жазылған. Мысалы, сол кітаптың 159-шы бетінде мынандай дерек берілген: “Абылай өзі алдыңғы топқа қосылып, қалған қолды Бөгенбай батырға қалдырды. Бес мыңбасының атын атап “жөнелдік” дейді. Олар Атығай, Қарауыл жігіттерінен тұратын қол. Мыңбасылары Андықожа, Құлсары, Жолдыбай, Қосағалы, Досан батырлар. Бұл соғыс болып жатқан кезең 1739-1740 жылдар аралығы. (126- бет)
“Адам ұрпағымен мәңгі” дегендей, Қосағалы батырдың ұрпағы өсіп-өніп, Қазақстаннның түкпір-түкпірінде кездеседі, олардың ішінде ел қорғап жауға шапқан батырлар да, үкімет деңгейінде басшылық қылғандар да, ғылым мен білім, өнер жолының майталмандары да, шаруашылықтар мен кәсіпорындарды басқарған білікті басшылар мен кәсіпкерлер де, қарапайым еңбек қаһармандары да бар. Сол ұрпақтары батыр аталарының атын ардақтау мақсатымен Азат тауындағы батыр зиратында кесене тұрғызды. Кесене қызыл кірпіштен өрілген, ені – 6, ұзындығы – 6, күмбезін қосқандағы биіктігі 9 метр болады.
19 қазан күні кесененің салтанатты ашылуы болып, Қосағалы батырға арнап ас берілді. Зеренді аудандық мешітінің бас имамы Құран бағыштады, батырдың ұрпағы еңбек ардагері, қоғам қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Жақсылық Ысқақов, ардагер журналист Айдос Әбутәліпұлы, кесенені салуға демеуші болған Самат Ескендіров және тағы басқа азаматтар батыр туралы тілектерін айтты. Кесене Ақмола облысы “Visit Aqmola” туристік ақпарат орталығы базасына тіркелді. Баспа бетінде жарық көрген, ел аузында қалған әңгімелер топтастырылған “Ел айбыны Қосағалы батыр” кітабы жарық көріп, ол батыр ұрпақтары мен қонақтарға таратылды.
Болашақтағы мақсат – Қосағалы батыр туралы деректерді мұражайлардан, архивтерден іздеп, зерттеу жұмыстарын жүргізу. Кесене орналасқан Алексеевка ауылына батыр есімін беру туралы мәселе де көтерілді. Осындай игі шаралар – елімізде ата-баба мұрасын баянды қылумен бірге келешек ұрпақ үшін тағылымды тәрбие көзі.

 

Әйіп ЫСҚАҚОВ,
биология ғылымдарының докторы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp