«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Айбынымызды асыратын еліміздің мемлекеттік рәміздерін жергілікті жерлерде ұлықтап, құрметтеудің маңызы зор

4 маусым – мемлекеттік рәміздер күні ретінде өңірде жыл сайын асқақ патриоттық сезіммен атап өтіледі. Мерейлі мерекеге арналған игілікті шараның бірі – Инвестициялар және даму министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық департаментінде “Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздеріне – 25 жыл” тақырыбында өтті. Онда айбынымызды асырып, рухымызды қанаттандыратын осынау қасиетті құндылықтарымыздың шығу тарихымен қатар мән-мағынасын өскелең ұрпаққа ұқтырудың, көздің қарашығындай қастерлеудің жайы сөз болды.

 Семинар-кеңесті кіріспе сөзбен ашқан аталмыш ведомоство басшысы Василий Чепухиннің әңгімені әртүрлі сала өкілдерінен құралған республикалық беделді комиссияның жұмыс бабымен өңірде болып, мемлекеттік рәміздердің қолданылуына, орналастырылуына, насихатталуына байланысты бірқатар ескертпелер айтуынан бастауы себепсіз емес. Өйткені, Елтаңба, Ту, Гимн секілді басты символикалық нышандарды елдік, тәуелсіздік ұғымдарынан бөле-жара қарауға болмайды. Бұлар мемлекеттің мызғымас негіздері саналады, асқақ естіледі. Олай болса, рәміздерімізді Ата Заң талаптарына сәйкес айрықша құрметтеу әрбір қазақстандық үшін асыл парыз, қасиетті борыш, азаматтық міндет. Өкініштісі сол, Василий Иванович келтірген кей деректерге қарағанда, бәзбір басшылар тарапынан атрибуттарға деген салғырттық, немкеттілік көзқарас сезілмей қоймайды. Мәселен, бір мыңға жуық мөр тексерілгенде олардың тек алтауы ғана стандартқа сай болып шыққан. Сол сияқты, Елтаңбаға қатысты жаңа стандарттар осыдан бір жыл бұрын қабылданғанына қарамастан, осы жылдың 1 шілдесіне дейін кезең-кезеңмен ауыстыру талабының орындалмайтын түрі бар. Өйткені, Елтаңба дайындаумен шұғылданатын лицензиялы кәсіпорындардың облыста жоқтығын ескерсек, жағдай шынында да, алаңдатарлық. Департаменттің бас маманы Вадим Маршаков осы жөнінде өте орынды мәселе көтерді. Ол бұған дейін мемлекеттік рәміздердің сапасыз жасалуы, талапқа сай орнатылмауы сияқты келеңсіз фактілер орын алып келсе, енді мұндай олқылықтарға нақты тосқауыл қойылады деген үмітін жасырмады. Өйткені, тапсырыстардың орындалу мерзімін кешіктірген заңды тұлғаларға салынатын айыппұл мөлшері қомақты. Оны кез келгеннің қалтасы көтере бермеуі ықтимал. Екіншіден, тапсырыс қабылдаушылар үш жылға дейін сапаға кепілдік береді. Бұл талаптар олардың жауапкершілігіне қоса істің сапалы әрі уақтылы атқарылуын қамтамасыз етері сөзсіз. Әйтпесе, әкімшілік жазалар қолданылады. Ол сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді орналастыруда стандарттық талаптардың бұзылатынын сынға алды. Бұл бағытта да алда қыруар шаруалар күтіп тұр.

“Қазақстан техникалық реттеу және стандарттау институты” РММ-і облыстық филиалының директоры Ләззат Кенжетаева мемлекеттік рәміздерді ерте замандарда аң-құс, ентаңбалар бейнесінде пайдаланғанын, мемлекеттердің, қалалардың өзіндік символикалық айырымдары болғанын, өздерін көк бөрінің ұрпағы санайтын түркі жұрты оның басы салынған көк байрақ ұстағанын айта келіп, Қазақстан нышандарының ешқайсысына ұқсамайтын ерекшеліктеріне тоқталды. “Олар жөнінде сөз қозғағанда, мемлекетіміздің шығу, қалыптасу, даму тарихымен байланыстырудың, тәуелсіздік ұландарын халқының тегін білуге, Отанға адал қызмет етуге тәрбиелеудің маңызы өте зор. Біз сабақтастық дәстүрінен гөрі, көбіне жалаң баяндауға бейім тұрамыз”, – деді Ләззат Дүйсембайқызы келелі бір ойдың ұшын шығарып.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко өз сөзінде өңірде жұмыс істейтін 517 мектепте арнайы стендтер мен бұрыштар орналасқанын, оқушылар арасында конкурс-байқаулардың ұйымдастырылатынын тілге тиек етті. Алайда, балғындарды отаншылдыққа, адамгершілікке тәрбиелеудің қалыптасқан тәжірибелері, алдағы міндеттермен қоса өзекті проблемалары жайлы айтылмады. Сөз саптауын байқағаннан кейін мемлекеттік рәміздер авторларының өмірбаяны оқытыла ма, Гимннің сөзін ұстаздардың өздері жатқа айта ма деген сауалдарымызды іркіп қалдық. Ішкі саясат басқармасының бөлім жетекшісі Алмас Файзуллин де көпшілікке белгілі мемлекеттік рәміздерді қолдану, орналастыру, ауыстыру мәселелерін қозғап, заңдық түсініктерге көбірек басымдық берді.

Елбасы “Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын бейнелейді”, – деп атап көрсеткен болатын. Олай болса, қазақстандықтардың еркіндікке ұмтылған зор қажыр-қайратын, асқақ арман-мұратын бейнелейтін Мемлекеттік рәміздеріміздің қолданылуына, насихатталуына, осы арқылы бүгінгі буынды отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттеріне баулу өте өзекті мәселе екенін бір сәт естен шығармайық.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp