Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның жанындағы музыкалық мектептің хор үйірмесінің тәрбиеленушілері Бурабайда өткен “Халықаралық өнер ассамблеясы” байқауында асығы алшысынан түсіп, бас жүлдені иеленді.
Аталмыш байқау екінші мәрте өткізіліп отыр. Жас музыканттардың орындаушылық шеберлігін шыңдауды көздейтін байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен үміткерлер қатысып келеді.
Мектепте хор үйірмесінің құрылғанына небәрі 4 жыл толып отыр. Соған қарамастан, өнер ұжымы облыстық филармонияның ұжымдарымен бірге сан мәрте үлкен сахнада өнер көрсетіп үлгерді.
Аталмыш үйірменің жетекшісі, өңірімізге белгілі хор дирижері Ғалия Мұхамеджанова байқауға “Айгөлек” атты топ қатысқандығын айтты. Топ бастауыш сынып оқушыларынан құралған. Әнші шәкірттер Үкілі Ыбырайдың “Гәккуі” мен Бақытжан Байқадамовтың “Айгөлек” әндерін орындады.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.