«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙДАЛАДА АҚ ОТАУ, АУЗЫ-МҰРНЫ ЖОҚ ОТАУ Жергілікті әкімдіктің салғырттығының салдары

“Оңтүстіктен – солтүстікке” көшу мемлекеттік бағдарламасының ұтымды тұстары көп екені тәжірибеде дәлелденген. Жобаның түпкі мақсаты – “Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекеге қабілеттілік” Жолдауында атап өтілгендей, еңбек нарығын жаңғыртуды басты бағдар ете отырып, халықты жиі шоғырланған өңірлерден жұмыс күші тапшы солтүстік аймақтарға ұтқырлықпен көшіру, сөйтіп экономикалық және демографиялық тұрғыдан теңестіру болып табылады. Болжам бойынша, 2050 жылға таман күнгей жақтарда халық саны 5 миллионнан асып, жұмыссыздық мәселесі күрделене түспек.

Керісінше, теріскей облыстарда тұрғындар саны бір миллионға дейін кеміп, оның ақыры әлеуметтік шиеленіске соқтыруы мүмкін. Республика жұртшылығының 50 пайыздан астамы оңтүстік өңірдегі бес облысқа тиесілі екенін ескерсек, аталмыш бағдарламаның ішкі көші-қон саясатын реттеудегі, тұрақты еңбек ресурстарымен толықтырудағы мән-маңызы айрықша.

Бүгінде Қызылжар өңірінде 1031 бос жұмыс орны бар. Мағжан еліне көшіп келуді ниет еткен отбасыларды экономикалық әлеуеті жоғары 224 елді мекенге орналастыру жоспарланған. Еліміз бойынша алғашқы пилоттық жоба қолға алынып, коттедж үлгісіндегі жаңа үйлер салына бастады. Баспананың жалға алу бағасы қолжетімді. Бірінші кезекте сұранысқа ие мамандар мен жас отбасыларға беріліп, кейін сатып алу құқығына ие болады. 2018-2019 жылдары бір мыңнан астам адам тұрақты түрде қоныстанып, үй-жаймен, жұмыспен, жер учаскелерімен қамтамасыз етілген. “Соңғы екі жылда Шал ақын ауданына 35 отбасы ат басын тіресе, 10 әулетті Ступинка ауылының тұрғындары құшақ жая қарсы алды. Үй де, жұмыс та тез табылды. Өзім жазда мал бағамын. Қыста мектепте жұмыс істеймін. Әйелім мұғалім. Төрт баламыз бар. Несиеге бірнеше сиыр сатып алып, шаруамызды дөңгелетіп отырмыз”, – дейді Болат есімді азамат. Мұндай мысалдарды көптеп кездестіруге болады.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Мағжан Жұмабаев ауданына барған жұмыс сапарында елордадан көшіп келіп, ірі қара өсірумен айналысып отырған Бәтима Шарманованың өнегелі ісін өзгелерге үлгі еткен болатын. “Bereke” ЖШС-нің жетекшісі мемлекеттік бағдарлама аясында Словакиядан 100 бас симменталь сиырларын әкелген. Ендігі ойы – сүт фермасын ашу. Құмар Іргебайұлы нәзік жанға сүт өндірумен ғана шектелмей, ірімшік әзірлейтін цех ашу туралы қолқа салып, ұсыныс қабыл алынды. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет тарапынан көшіп келушілерді ынталандырудың, әлеуметтік, тұрмыстық жағынан қолдаудың мүмкіндіктері аз емес. Жұмыс беруші жұмысқа кем дегенде бес адамды қабылдаған жағдайда 450 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша жәрдемақы бөлінетіні де құптарлық.

Десек те, халық тығыз орналасқан күнгейден теріскейге қарай көш түзегендердің бәріне қалыпты жағдай туғызылып жатыр деп айту асылық болар еді. Осыдан екі жылдай бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өткізген алқалы жиынға қатысқанымызда жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының сол кездегі басшысының атына біраз сындар айтылған. Сонда келтірілген деректерге сүйенсек, еңбекке жарамды 89 адамның 26-ы ғана жұмысқа орналастырылған. Ведомство өкілдері солтүстік жақтарға қоныс аударғандардың 47 пайызы ғана екі қолға бір күрек тапқанын мойындаған. Содан бері де жағдай аса оңала қоймаған сыңайлы. Мамлют ауданына қарасты Краснознаменное елді мекенін аттай қалап алған оңтүстікқазақстандық Айдынбек Қыдырбаев не жұмыс, не баспана таппай, сенделіп көп жүрген. Ауылдық әкімдіктегілер не жарығы, не газы жоқ бір бос үйді берген. Амалсыздан далаға от жағып, тамақ пісіруге тура келген. Көпбалалы отбасыға 25-30 мың теңгенің жұмысын ұсынумен ғана шектелген. Қыстың көзі қырауда көмір, отын, тіпті, күнделікті азық-түлік сатып алуға қаражат таппай, қатты қиналған. Қызылжар ауданы Архангелка ауылында түтін түтетіп отырған Бақытжан Толыбаев отбасының жағдайы да осыған ұқсас. Шаңыраққа арнайы келіп, мәселемен жіті танысқаннан кейін жергілікті тұрғындар тарапынан түскен шағымның растығына көз жеткіздік. Бақытжан – Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылының тумасы. Арнайы білімі болмаса да, жастайынан еңбекпен шынығып өскен. Мал бағудың, басқа кәсіптердің де қыр-сырына төселген.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, оңтүстікте туу көрсеткіші жоғары. Жұмыс күші жетіп артылады. Қазақстан – бәріміздің Отанымыз. Жерлестеріміздің Солтүстік Қазақстанның құнарлы жерін мекендеп, мал шаруашылығын, диқандықты кәсіп еткенін естіп, бағымызды сынап көруді ұйғардық. Таныс-білістердің жөн сілтеуімен алдымен Ғабит Мүсірепов ауданы Пески ауылына тұрақтадық. Ана тілінде білім беретін мектеп жоқтығынан балаларымыз аудан орталығындағы қазақ интернатында жатып оқыды. Интернат үйі суық болғандықтан, ауырып қалатынды шығарды. Өзім жұмыссызбын. Содан Петропавл қаласында тұратын Назым деген танысыма хабарласып едім, күрежолдың бойында орналасқан Чапаево елді мекеніне (Қызылжар ауданы) көшіп келуге кеңес берді. Мұнда үй бергенімен, қабырғалары ылғалданып, салқын тартты. Ұл-қыздарымыз орыс мектебінде ашылған қазақ сыныбында оқыды. Мал ұстайын десең, жайылым жоқ. Ауызсуды қыс бойы мектептен тасып іштік. Содан жайлы орын іздестіре келіп, осында қоныстануды ұйғардық. Ең бастысы, төрт түлік өсіруге мүмкіндік мол көрінеді. Кез келген жұмысты атқаруға күшім де, қабілетім де жетеді, арланбаймын, – дейді қылшылдаған қырық жасты еңсерген Бақытжан бауырымыз.

“Оңтүстіктен – солтүстікке” бағдарламасы шеңберінде үш баспана былтыр ауылдың шетінде бой көтеріпті. Орналасқан жері өте ыңғайсыз: желдің өті, қарасуық үздіксіз соғып тұрады. Күздің жауын-шашынында, қыстың ақтүтек боранында оқушылардың алыстағы мектепке қатынауы да қиын. “Орталық көшелерде бос жатқан жер телімдері бар екені қанша ескертілгенімен, тыңдар құлақ табылмады. Осы жерге тұрғызды. Әрқайсысын салуға 7 млн. теңгенің қаражаты жұмсалғанымен, сапасы еш сын көтермейді. Әрлі-берлі өткенде сыртынан жұтынып тұрғанына қарап “ә, бәрекелді” деп сүйсінуші едім. Атақты сазгер Шәмшінің ауылынан ат басын тіреген отбасыға құтты болсын айта келіп, қарадай түңілдім. Төрт қабырғаға қарап қалған 9 жанның күйкі тірлігі жанымды қатты жабырқатты”, – деген осы ауылдағы ақсақалдар алқасының мүшесі Әлім Төлебаев орын алған олқылықтарды тізбелеп берді.

Әлі күнге дейін электр жарығы тартылмағанын жарыса айтқан үйелменді-сүйелменді шиеттей балалар көздері бозарып, теледидар көруге зар. Үйдің сырты қоршалмаған. Отын-суға арналған, мал ұстайтын қора-қопсы салынбаған. “Қоянды көріп, қалжасынан түңіл” демекші, үйдің ішіне кіргенімізде небір келеңсіздіктерге тап болдық. Қабырғалар тілім-тілім болып жарылып кеткен. Былтыр салынған жылу батареясынан су тамшылап ағып тұр. Бөлмелер қазандық арқылы жылытылады. Бізді пеш салудың мүлдем ойластырылмағаны таңдандырды. 7 баланың анасы Мөлдірдің күні күйеуі сатып әкелген газ плитасына қарап қалған. Барлық ас-су осында дайындалады. Пештің жоқтығынан үй шаруасына епсекті, небір нан-тоқаш, бәліштерді пісірудің хас шебері Мөлдірдің қолы жіпсіз байланған. Оның айтуынша, ауылда көпбалалы отбасылар үшін пештің бірінші қажеттілік екені ескерілмегені өкінішті. Тамақ пісірсең де, шай қайнатсаң да, балалардың киімдерін кептіріп, даладан тоңып келгенде жылынсаң да – өте ыңғайлы әрі үнемді. Бәрінен де жанға жылылық сыйлайтын шуағын, қасиетін айтсаңшы. Қазір күн сайын бөлке-бөлке нан сатып алуға мәжбүр. Электр есептегішті де өздерінің қаражатына орнатыпты. Иесіз тұрған екі ақшаңқан үйдің қабырғалары жарылып, еден тақтайлары қақ айырылып кеткен.

Отбасының осында қоныс тепкеніне бір айдан асса да, бірде-бір шенеуніктің хал-жағдай сұрап, есік ашпауы, отағасы мен отанасының жұмыссыз жүргендеріне назар аудармауы нақты істен гөрі қағазбастылыққа құмар бюрократтық тоң мінезді көз алдымызға елестетті. Қоштасар сәтте Мөлдір қарындасымыз үй аттарына әлі рәсімделмегендіктен, ең кіші баласына жәрдемақы ала алмай отырғанын айтып қалды. Үйдің қабырғасына көзіміз түсті. “Репейная 2 “А” деген жазу бадырайып тұр. Көше атауының сиқын қараңыз. Бұл елді мекенде “Береговая”, “Центральная”, “Школьная” секілді мәнсіз атаулардан көз сүрінеді. “Береговая” тұйық көшесі бақандай төртеу болып шықты. Туған жер үшін маңдай терін шүмектеп төккен Социалистік Еңбек Ерлері Молдай Байтөсев пен Есләм Бәукеновтың осы ауылдан түлеп ұшқанын ескеріп, көшеге аттарын беруге жарамаған ауылдағы, одан қалды аудандағы атқамінерлердің ісіне қарап, қарын ашады.

Ауылдан ұзап шығып, артымызға қарадық. Үш ақшаңқан үй жұтынып тұр. Сыртқы келбеті қарадай сүйсіндіреді. Ал ішкі кейпі “айдаладағы ақ отау, аузы-мұрны жоқ отаудың” кейпі.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp