«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙДЫҢ, КҮННІҢ АМАНЫНДА АДАСЫП ҚАЛМАЙЫҚ!

Мазасыз шақ

Тарих еншісіне енген өткен до­ңыз жылының соңғы үш айы бойы “аттан” түспей аудандар мен ауыл­дарды армансыз араладық. Армансыз дегенді қате түсініп қалмаңыздар. Қыстың қысқа күнінде төңіректі ерте тұмшалайтын қою қараңғылықты тілгілеген көлік жарығын қуалап, ақ қар, көк мұздың азабын тартқан, мазасыз күй кешкен сәттеріміз көп болды. Бұл мен үшін таңсық жұмыс емес. Бұқаралық ақпарат құралдарында өткізген жарты ғасырға жуықтаған ғұмырымда Есіл өңірінде мен баспаған тау-тас жоқ шығар. Одан бөлек, Президент Жолдауын насихаттаумен айналысатын облыстық ақпарат тобының, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде де ай сайын шалғайдағы елді мекендерге шығып, қаланың қайнаған өмірінен жырақтау жатқан ел-жұртпен жүздесіп тұрамын. Бірақ бұл жолғы сапардың мақсаты басқа еді.

Үстіміздегі жылдың ақпан айында іргесін қазақтың ғана емес, бүкіл Түркі әлемінің ұлы қайраткері Мағжан Жұмабаев, Алаштың ардақтылары – Смағұл Сәдуақасов, Қош­ке Кемеңгеров, Ғаббас Тоғжанов, Бекмұхамет Серкебаев (атақты жерлесіміз, жезтаңдай әнші Ермек Серкебаевтың әкесі) қалаған еліміздегі байырғы басылымдардың бірі – қасиетті қарашаңырақ “Sol­tústik Qazaqstan” газетінің алғашқы санының жарық көргеніне бір ғасыр толады. Бұл, әрине, елеусіз қалдыратын, мына желіктің желі ұйытқи соққан алмағайып заманда желіген аттай мойын бұрмай өте шығатын оқиға емес. Егер олай істесек, кешегі ғасырлар тоғысында елінің болашағына, ұлтының тағдырына алаңдап, басын оққа байлаған, “Көтер басты! Аш көзді! Таста керенау жалқаулықты! Қайраттан, сілкін! Жармасыңдар бос шашылып жатқан ғылым-білім жемістеріне! Хат білмегенің білуге, тануға қам қылып, түпке жеткен надандықтан құтылуға кірісіңдер!” –деп ұран тастаған ұлыларымыздың ұрпаққа ұлағатын, елге аманатын тәрік еткен болып шығар едік.
Біздің газетіміздің алғашқы саны 1920 жылдың 22 ақпанында “Кедей сөзі” деген атаумен Омбы қаласында өмірге келді. Бастауында кімдер тұрғанын айттық. Ол кезде Омбы губернияның орталығы болатын. Қоғамда үлкен өзгерістер болып жатқанын түсінген қазақтың зиялылары, білім мен ғылымға құштар жастары ең алдымен елдің сауатын ашуға ұмтылды. Оның бір тиімді жолы үнжариялар шығару еді. Осылай, “Айқап”, “Тіршілік”, “Жас азамат”, “Қазақ” сияқты қазақ баспасөзінің қарлығаштары оқырманға жол тартты. Балауса басылым –“Кедей сөзі” нақ осы кезде ақпарат кеңістігіне қанат қағып, қараңғы қазақ елін оятуды алдына айқын мақсат етіп қойды. Мысалы, Өтел Сарин деген автор газеттің алғашқы сандары­ның бірінде жарияланған “Оян, бейнетқорлар!” деген мақаласында: “Қас кім? Дос кім? Айыра алмай дал болып жүрмеңдер, Бұл дәурен екі айналып келе бер­мес!.. Біз де, міне, “Кедей сөзі” деген, атында да, затында да басқалық жоқ, сендердің мұң-мұқтажыңды қарастыратын газет шығарып, алдарыңа ұсынып отырмыз… қолға алып қарап, телміріп оқыңдар! Айнадан жүз көргендей: қандай жайда, қандай күйде жүргендеріңді көресіңдер…Теңдік жуан қамшы мен жуан білекте емес, жуан білімде. Оны жақсы ұғыну керек” деп оқырманға жаңа басылымның өмірге келгені туралы сүйінші хабарды жеткізе отырып, оның алдында тұрған міндеттерге де тоқталады. Ал Мағжан Жұмабаев “Автономия кімдікі?” (“Кедей сөзі”,12 қаңтар 1921 ж.) деген тақырыппен жариялаған еңбегінде: “Бостандық елдікі! Автономия елдікі!.. Айлы, күнді, қанды, отты тарихы бар; кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар; бас­қаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар – қазақтікі. Жүз жылдар орыс ақсүйектері мен байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаштікі” деп қараңғы қазақ елінің аспанын торлаған қою бұлтты сейілтуге, күмәнмен, күрсінумен күні өткен кедей-кепшіктің көңіліне сенім отын ұялатуға ұмтылады.
Міне, содан бері бір ғасыр артта қалды. “Мың өліп, мың тірілген” қазақ сияқты газетіміз де талай қиындықтарды бастан кешті. Заман талабына сай атауы да “Бос­тандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы”, “Sol­tústik Qazaqstan” болып бірнеше рет өзгерді. Бәрінің де арғы атасы – “Кедей сөзі”. Қа­ламгерлердің бүгінгі буыны да Алаш ардақтыларының аманатына адалдығын сақтап, халықтың сөзін сөйлеуден, мұңын мұңдап, жоғын жоқтаудан жаңылмай келеді.
Мерейтой дегенде біз аста-төк дастарқан жайып, сылдыр сөзден тау тұрғызуды ойлап отырған жоқпыз. Оны біз халық алдында есеп беретін, газеттің мазмұнын одан әрі байытуға, тартымдылығын барынша арттыруға ықпал ететін белсенді іс-қимыл кезеңі деп білеміз. Міне, сондықтан да кездесулердің барысында басылымның бүгінгі бағыт-бағдары, ұстанымы, жүріп өткен жолы, қол жеткізген шығармашылық жетістіктері әңгіме өзегіне айналды, алда тұрған міндеттер сараланды.

Жау алыста демеңіз…

Оқырмандармен кездесулер барысында газетіміздің арлы-бергі тарихы туралы әңгіме қозғай отырып, ғасыр биігіне көтерілген абыз басылымның басындағы қиындықтарды да орап өте алмадық, соңғы жылдары таралымының күрт төмендеп кеткенін ашық айттық.
Оқырмандарымыздың да ойлағандары ішінде екен. Газеттің күні өткен жоқ па еді, не қажеттің бәрін ғаламтордан да табамыз ғой дегендей сыңаржақ пікірлердің жетегінде жүргендердің де аз емес екеніне көз жеткіздік. Біздің уәжіміз: дәуір алмасып, ұрпақ жаңарғанмен газет өзінің өзектілігін жойған жоқ, жоймақ та емес. Біздің басылым да ұлттың рухын көтеріп, халқымыздың намысын қайрап, өңір өмірін қарасөзбен кескіндеп, өлеңмен өрнектей береді. Бұл өмірлік қажеттілік!
Халықта: “Оқымаған бір бала, оқыса екі бала” деген тәмсіл бар. Әттеген-айы, бүгінгі ұрпақ газет-журнал, кітап бетін ашудан қалып барады. Бәрінің жүрегін интернет, әлеуметтік желі деген бәле жаулап алған. Оның қоғам, ұлт үшін қауіптілігін былайғы жұртты айтпағанда, ұстаздардың, көзі ашық деген азаматтардың өздері де түсінбейтін сияқты. Ал шынтуайтына кел­сек, интернет – қазақтың қас жауы. Неге дейсіздер ғой. Айтайын. Біздің қоғамға жеткен бүгінгі интернет – нағыз сорақылықтың, бейбастақтықтың ордасы. Оны шы­найы ақпарат көзі деп қарауға әсте болмайды. Неше түрлі өсек-аяң, жүректі жаралайтын жалған сөздер осы ғаламтор арқылы тарап, халықтың ой-санасын улап жатыр.
Осы арада қазір жұрттың бәрі ұстап жүрген қалталы телефонның зиянына тоқтала кетсек артық болмас. Оны көптеген елдердің ғалымдары дәлелдеп, дабыл қағуда. Балаларына смартфон мен планшет ұстауға рұқсат беретін ата-аналар саны күн санап артып келе жатқанын жазған немістің “Focus” басылымы: “АҚШ-та жүргізілген жаңа зерттеу мұндай цифрлық “бала күтушінің” зиян екенін анықтады”, деп жазды. Ал Цинциннати балалар ауруханасының медициналық орталығының мамандары гаджеттерді ұзақ уақыт пайдалану сөйлеу мен жазу секілді қабілет­терге жауап беретін мидың ақ затына кері әсер ететінін анықтаған. Ғалымдардың зерттеуі туралы бұл мақала “JAMA Pediatrics” журналында жарияланды. Ғалымдар 2-3 жас аралығындағы 47 баланың миын МРТ-ға түсірген. Олардың гаджеттерді пайдаланғанына қарай балалардың миындағы ақ затта өзгерістер болатыны анықталды. “Күніне бір сағаттан артық сматфон немесе планшет ойнаған балалардың ми құрылымының дамуында өзгерістер болғаны байқалды”, деп жазады басылым. “Смартфонды қолдану бала ағзасының дамуына кері әсер етеді. Бүгінгі таңда ата-аналар саналы түрде баламен уақыт өткізудің орнына оларды смартфондармен оңаша қалдырады. Тіпті, кейде тамақтану кезінде де бала смартфонмен отырады. Бұның салдары өте жаман болуы мүмкін”, – дейді ғалымдар.
Енді Уикипедия – ашық энцик­лопедиясынан алынған мына мәліметтерге назар аударыңыз. “Электромагниттік өрістер барлық тіршілік көздеріне, cоның ішінде адам организміне өте үлкен зардап тигізеді. Биологиялық және медициналық зерттеу нәтижелері көрсеткендей, электромагниттік өріс­тердің адамның нерв жүйесіне, ішкі мүшелеріне, физиологиялық дамуына тигізетін теріс зардаптары анықталған. Сонымен қатар кейінгі кезде шетел мамандарымен бірігіп өткізілген зерттеулер нәтижелеріне сүйенетін болсақ, электромагниттік өрістердің әсерінен жүздеген ауру түрлерінің жаппай таралуы анықталып, қалаларда өзіне қол жұмсау фактілері көптеп тіркеле бастады. Себебі, электромагниттік өрістер адамның ми құрылысына өте қатты әсер ете оты­рып, дұрыс ойлау, есте сақтау қасиеттерін бірден бұзады”. Оған мысал іздеп алысқа барудың қа­жеті жоқ, қазір біздің облысымыз суицид жөнінен республикада алдыңғы орындардың біріне шығып отыр.
Осы күні ұялы телефондар сәбилердің де қолынан түспейтін ойыншыққа айналды. Осыдан бірер жыл бұрын “екіқабат әйелдер мен жас балалардың ұялы те­лефонды пайдалануы олардың денсаулығына орасан зиянын тигізеді” деп иондық емес сәулелерден қорғану жөніндегі Ресей ұлттық комитеті де дабыл қаққан болатын. Екінің бірінің қолында, жамбасында, қалтасында, сөмкесінде, кеудесінде жүрген осы телефондар балалардың денсаулығына кері әсер етеді екен. Атап айтқанда, олардың есте сақтау қабілеті нашарлайды, танымдық қабілеті төмендейді. Бойды сүлесоқтық пен бойкүйездік билейді. Балалардың көбісі ашушаң болады, тез шаршайды, жүйкесі жұқарып, депрессиялық синдромға ұрынуы жиілей түседі.
Кейбіреулер пойызда, лифт ішінде телефонмен сөйлесіп жатады. Ең зияны да осы екен. Ұялы телефонның антеннасы мұндай жағдайда жоғары деңгейде радиация шығарады. Бұл айналып келгенде адамның дене бөліктерін қыздырып, денсаулығына кері әсер бе­ретін көрінеді. Әсіресе, жастар күндіз-түні телефонға жабысып, қолдарынан бір тастамайды. Түнімен музыка тыңдайды, кино көреді, бір-бірімен хат алмасады. Әйтеуір телефоннан айырылғысы жоқ. Қуаттайтын қондырғы жарты метр жерде болса, онда жоғары кернеулі электр сымының астында ұйықтағанмен бірдей екен. Тіпті мұ­ның соңы мида қатерлі ісіктің пайда болуына әкеліп соғуы мүмкін. Ғалымдар осындай сұмдық сорақы жайттарды анықтап отыр.
Бұл біздің елімізге ғана тән жай емес. Ғаламтордың кесепатын түсінген кей елдер одан қорғану жолдарын іздей бастады. Мысалы, Ресей билігі өздерінің “тәуелсіз интернет жүйесін жасайтынын” мәлімдеді. Одан не шығатынын кім білсін? Шет-шегі жоқ интернет кеңістігін бақылауға алу оңай болмайтыны да түсінікті. Мүмкін, оларға Қытайдың “Алтын қалқаны” көмектесер. Бұл жоба “зиян” деп танылған контенттің бәрін сүзгіден өткізіп отырады.
Иранда да интернеттің еркіндігін бұғақтау бағытында қадамдар жасалуда. Мұнда “Twitter”, “Facebook”, “YouTube” сияқты Батыстың әлеуметтік желілеріне тыйым салынған. Оларды елдің өз ішінен ғана кіретін “Халал” желісі алмастырмақ. Бұл желіде тек өз елінің “этикалық және моральдық дәстүріне сай” материалдарды ашып көруге мүмкіндік болады. Байқайсыздар ма, алпауыттардың өзі ғаламтордың зиянынан сескене бастаған.
Кездесулер барысында өзімізге мәлім осындай жайларды ортаға салдық. Ғаламтор мен кейбір теледидар арналарындағы арсыз хабарлардың қазақ отбасының шырқын бұзып жатқанын айттық. Заманында бауырмалдық, қонақжайлық, қайырымдылық, мейірімділік сияқты, айта берсек толып жатыр, бойындағы бекзат қасиеттері болмысын нұрландырған қазақ қандай ұлт еді! Бүгінде со­лардың біразынан айырылып қалғанымыз шындық. Қазір біздің жастарымызды ғаламтор тәрбиелеп жатыр. Оның алдында мектептер мен ұстаздар да дәрменсіз. Күндердің күнінде олар берген білімнің түкке жарамай қалуы ғажап емес. Өйткені, “тәрбиесіз берген білім қауіпті” (Әл- Фараби).
Халықтың енді бір тобы, әсіресе, қыз-келіншектер, көп уақытын теледидар алдында – мән-мағынасыз, айуандық пен арсыздықты насихаттайтын шетелдік сериалдар мен шоуларды тамашалаумен өткізеді. Қазір олардың атын атап, түсін түстегім келіп отырған жоқ. Қайсыбірін айтып тауысасың?! Жағаңды ұстататын хабарларлардан көз сүрінеді. Атышулы “Қалаулымның” өзі қоғамды іштен шірітіп жатқан жоқ па?! Жап-жас қазақтың қыз-жігіттері неше түрлі былапыт сөздерді судай сапырып, бірінің-бірі шашын жұлып, көзін көгертіп жатса, одан асқан қандай сорақылық керек?! Үстіміздегі жылы Солтүстік Қазақстан облысында асыл армандарын үкілеп, отбасын құрған әрбір екінші жұптың ажырасып кетуі осындай келеңсіздіктің салдары емес деп кім айтар?!

Оқымағанның соры қалың

Кітап оқымаған адамның ой-өрісі тар, сана-сезімі төмен болатыны дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Қоғамда екі ауыз сөздің басын құрап, өз ойын нақпа-нақ жеткізе алмайтын жастардың көбейіп бара жатқаны бізді күндіз – күлкіден, түнде ұйқыдан айырып, қатты алаңдатуы тиіс. Меніңше, мұның себебін іздеп бас қатырудың қажеті жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай, бәрі оқымаудың салдары. Әлі есімде, бала кезімізде әке-шешеміз өздері шала сауатты болса да, үйге құшақ-құшақ газет-журнал жаздырып алатын. Солардың бәрін қолымыз босай қалса, жапа-тармағай оқушы едік. Бірте-бірте кітапқа ауыстық. Ол кезде кітап деген тапшы. Оқимын деген қызыққан кітабыңды біреу өзіңнен бұрын алып кетсе, тезірек оқышы деп жалынып-жалпайып, соның соңынан қуып жүргенің. Содан жамандық көрген жоқпыз – өмірді таныдық, елім-жерім деп өмір сүрген талай тұлғалардың тағдырына қаны­ғып, тәнті болдық, соларға ұқсап бағуға тырыстық, еліктеп өстік.
Қазір кітапта тапшылық жоқ. Жыл сайын неше түрлі бағдарламалар бойынша жарық көрген кітаптар шалғайдағы ауылдарға дейін жетіп жатыр. Бірақ соларды ешкім оқымай ма деп қаламын. Өйткені, ауылға жол түскен сайын мектеп кітапханаларына соқпай кетпеймін. Кітап алып немесе тапсырып жатқан балалар көзіме түсе қоймайды. Кітапханашыдан: “Балалар кітап оқи ма?” – деп сұраймын. “Оқиды”, – деп күмілжи сөйлеген кітапханашы сөзінің ар жағын жұтып қояды… Жақында Ақжар ауданындағы Ақжарқын ауылында болғанымда жиналған халықпен көңілімдегі осы күдігіммен бөліскен едім, сонда бір қарт орнынан тұрып: “Дұрыс айтасыз, қазіргі жастар кітапты қолына да алмайды. Мен өзім ескі әдетіммен айына үш-төрт кітап оқимын, соларды алған сайын байқап жүрмін, ешкімнің қолы тимеген су-жаңа қалпында тұрады, сонда үкі­меттің сол кітаптарды кім үшін шығарып жатқанын түсінбеймін”, – деді. Мен де түсінбеймін.
Қолымыз босай қалса дегеннен шығады, ол кездің балалары да басқа болатын. Ата-анамыз таңертеңнен кешке дейін шаруашылықтың жұмысында, өзіміз болсақ сабақтан келгеннен кейін ешкімнің айтуынсыз үй шаруасымен айналысамыз: мал жайлаймыз, көлден мұз ойып әкелеміз, үйдің маңын тазалаймыз, әйтеуір қарап отырмаймыз. Ал үйдің шаруасына көмектесейінші, ата-анама қолқанат болайыншы деген ой қазіргі балалардың қаперіне кіріп те шықпайтын сияқты. Олардың телефонға байланып қалғаны соншалық – бір мезгіл көшеге шығып, ойнауды да ұмытқан. Қазір қай ауылға барсаңыз да көшеде ойнап жүрген ба­лаларды көрмейсіз. Осылай ғаламтордың әлегінен әлжуаз, аурушаң балалар қаптап кетті. Бірде ауыл ақсақалы: “Байқап жүрмін, әскери комиссариат біздің балаларды жылына екі рет медициналық комиссияға шақырады. Алайда, әскерге кеткен бір адам жоқ. Неге десем, “біреуінің салмағы толмайды, әне жері, мына жері ауырады” дейді. Сонда қалай? Бұлар ауыртпалық көрген балалар емес, көйлектері көк, тамақтары тоқ” деп, кәдімгідей дағдарып, қынжылған еді. Оның себебін қазақтан басқаның бәрі біліп отыр, ұлтты қалай сақтаймыз деп неше түрлі заңдар қабылдап, шектеулер қарастырып, жанталасып жатыр. Ал қазақ ұлы Мағжанның тілімен айтсақ:
Сарғайып, бір су тимей  солып жатыр.
Мінекей, қазақ солай  бітіп жатыр,
Күннен күн артқа қарай  кетіп жатыр.
Сезінбей өз өлгенін, өзінікін
Аты өшкір оқығандар  нетіп жатыр!
Иә, билік қайда? Депутаттар неге үнсіз? Елді жайлаған мына сорақылыққа кім тоқтау салады? Ғаламторды пайдалану туралы заң неге қабылданбайды?
Өткенде бір мектепке үзіліс кезінде келіп қалдық. Әдетте, мұн­дай кезде балалар ерсілі-қарсылы жүгіріп, кең дәліз у-шуға толып кетуші еді ғой. Ал мұнда тып-тыныш. Кей балалар сыныптарынан шықпаса, енді біреулері бұ­рыш-бұрышты сағалап, телефондарына үңіліп қалған. Бір-біріне қарамайды да, өтіп бара жатқан адамдарды да аңғарар емес. Олар үшін басқа тіршілік жоқ сияқты. Ал енді осы балалар үзілістен кейін сабақтарын жалғастыру үшін партаға қайта отырады. Солардың сабаққа зейін қойып, мұғалімді тыңдайтынына күмәнім бар. Мұның өзі оқушылардың білім деңгейіне кері әсер етпесіне кім кепіл?! Олай болса, педагогикалық ұжымдардың осы жайға назар аудармауын, дабыл қақпауын қалай түсінуге болады? Меніңше, шарасыздыққа салынып, қалыптасқан жағдайға бұлай бей-жай қарай беруге болмайды. Тым болмаса, сабақ уақытында оқушылардың ұялы телефон пайдалануын шектеу қолдан келетін шығар? Және мұның өзі заңмен реттелуі тиіс.
Отбасындағы жағдай да осыған ұқсас. Бұрынғыдай шаңырақтың сәнін келтіріп, дастарқан басына жиналу, арасында ортақ мәселелер жайында ой бөлісу қалған. Қай үйге барсаң да, “тамағыңды іш, тамағыңды іш” деп балаларын дастарқан басына келтіре алмай жүрген ананы көресіз. Кейбіреулері балаларын жерден алып-жерге салып ұрсып жатады. Оны тыңдап, қорытынды шығарайын деп жатқан бала жоқ. Өйткені бала айтқаныңды істемейді, көргенін істейді. Қазір ата-аналардың өздері де телефонға тәуелді болып қалды ғой. Телефон ертелі-кеш олардың да қолынан түспейді.
“Ой да көп, уайым да көп – ойлай берсең” дегендей, ғаламдастыру заманында қазақтың аяғына тұсау болып түсіп жатқан қай келеңсіздікті айтып тауысасың?! Айтпай тағы болмайды. Айту керек. Айтып қана қою – аз, күресуіміз керек. Біздің қолымызда қандай күш бар дегенде, менің ойыма алдымен ұлттық құндылықтарымыз оралады. Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері, ұстанымдары, құндылықтары мен мағыналы терең салт-дәстүрлері бар. Олар халықтың эстетикалық көзқарасының, тәрбиелік принциптерінің, таным деңгейінің өлшемі іспетті. Бүгінгі ұрпақ ұлттық ерекшелігіміз болып табылатын осынау құндылықтарымызды аяққа басып, оның маңыздылығын жоққа шығаруда. Әрине, оған тек жастарды кінәлауға болмайды. Оларға дұрыс бағыт-бағдар сілтей алмай, кітап оқуға баули алмай отырған өзімізде де кінә мол.
Ұлтымызды құрдымға тартып бара жатқан келеңсіздіктерді жою үшін қоғам болып күресуіміз керек. Әсіресе, бұл орайда жастар­дың, олардың басын біріктіріп отырған ұйымдардың белсенділік танытқандары жөн. Айталық, “Nur Otan”-ның жас мүшелері “уралап”, түрлі шаралар өткізіп жатады. Солар неге осы мәселеге көңіл бөлмейді екен?
Рас, сапарларымыздың барысында біз болған мектептерде: “Балаларды кітап оқуға баулимыз, жүйелі түрде өтіп тұратын арнайы шараларымыз бар, осы мақсатқа күн сайын жарты сағат, бір сағат уақыт бөлеміз” дегендер де болды. Дұрыс-ақ. Бірақ мұндай шаралардың қайтарымы бола қояр ма екен? Балаларды иірген қойдай класқа қамап, қолына кітап ұстатып, күзетіп отырғанмен іс біте ме? Олардың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту керек. Қолдарындағы смартфондар мен гаджеттерді кітап алмастыруы керек. Ал кітап­қа жол газет-журнал оқудан басталады. Әзірше оны ойлап жатқан ата-ана да, ұстаз да жоқ. Белсенділік танытуға тиіс билік те бой тасалап тұрған сияқты. Әйтпесе, қыруар қаржы жұмсалып шығып жатқан мерзімді басылымдардың баршаның қолына тиюіне ең алдымен солар мүдделі болуы керек еді ғой. Бұл олардың арасында ұлт жанашырлары, елдің болашағын ойлайтын азаматтар мүлде жоқ деген сөз емес. Ондай азаматтар қай ауданда, қай ауылда болмасын бар.
Осылай уақыт ілгері озған сайын ғаламторға жұтылып, ата-бабаларымыздан қалған асыл қасиеттерімізден, салт-дәстүрлерімізден айырылып жатырмыз. Тіліміздің жайы да оңып тұрған жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға жуықтап қалса да, оның қолданыс аясын кеңейту мәселесі күн тәртібінен түсер емес. Біз егемендігіміз қолымызға тигеннен кейін мемлекет құраушы ұлтқа айналдық. Елдің, жердің иесі атандық. Қазір бізбен бірге тұрып жатқан басқа этностардың өкілдері қазаққа қарап ой түзейді, бой түзейді. Егер біз кез келген мәселеде жұдырықтай жұмылып, оңтайын тапсақ, олар бізге құрметпен қарайды, соңымызға ереді. Осылай ортақ іс алға басады. Ал керсінше болған жағдайда берекесіздікке ұрынып, аттаған сайын сүріне беретін боламыз.
Біздің әңгімеміз газетіміздің жүз жылдық мерейтойынан, басылымды таратудан басталып еді ғой, оқырман сол мәселе қалай шешілді деп отырған шығар. Сөздің тоқетері сол – қанша ала-шапқын болсақ та, осыдан үш-төрт жыл бұрынғы көрсеткішімізге жете алмадық. Өңір шежіресіне айналған “Soltústik Qazaqstan”-ды, жалпы мерзімді басылымдарды алдырып оқымайтындардың қатары әлі де қалың. Өкінішке қарай! Көңіл түкпірінде бұғып жатқан ой ұшқындарының бір парасын сыртқа шығаруымызға себеп болып отырған да сол жай.
Ұлыларымыз “Ел боламын десең, бесігіңді түзе!” демеп пе еді, ұлтымыздың тіршілік-тынысының мөлдір бастауы лайланбасын десек ойланайық, ағайын!

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp