«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЙДЫҢ, КҮННІҢ АМАНЫНДА АДАСЫП ҚАЛМАЙЫҚ!” Ұрпақ тәрбиесі – өз қолымызда

“Soltústik Qazaqstan” облыс­тық газетінің оқырмандары журналист, жазушы Жарасбай Сүлейменовтің “Айдың, күннің аманында адасып қалмайық!” тақырыбындағы мақаласына орай пікір білдіруде. Қоғам қайраткері былтыр біздің ауылға да ат басын бұрып, ұрпақ тәрбиесі, ұлт мәселелері, тіл тағдыры жайында өрелі ой қозғаған болатын.

Жергілікті басылым бұған дейін де газет бетінде бүгінгі қоғамның беталысы жайында мақалалар жариялады. Ауылдағы ағайын қаламын қару еткен тілшілердің, олардың ойына ой қосқан азаматтардың ұлт болашағына алаңдаушылығын құптаймыз. Ата-бабамыз әріп таныған сәтінен бастап білімнің адамзатқа берер пайдасын ұғынып, сауатты болуға ұмтылды емес пе? Кезінде Алаш қайраткерлері барлық құндылықтардың бастауы білімде, оқуда екенін түсініп, өз замандастарын сауаттылыққа үгіттеді. Соның нәтижесінде қоғамда өз ойын еркін жеткізе алатын білімді ұрпақ қатары көбейе түсті. Ал қазір қалай? Теледидарды қарап отырсаң, екі сөздің басын қоса алмайтын басшылар бар. Руханият саласында лауазымды қызметте жүргендердің өзі ана тілімізді шұбарлап, ойын дұрыс жеткізе алмай жатады. Әлеуметтік желілерді жаулаған қастандыққа толы оқиғалар мен тәрбиелік мәні жоқ бағдарламалар да біздің ойлау, сөйлеу қабілетімізді шектеп, ұлттық болмысымызға кері әсерін тигізуде. Бұған қоса, қоғамды жаулаған интернет жастардың санасын улап, олардың тұлға ретінде қалыптасуын тежейді. Бұл дерт бүгінде ауылға да жетті. Қазір балалар түгіл, дастарқан басында шай құйып отырған келіндердің өзі телефонға шұқшия қарап, тілдесуден қалып барады. Қарбалас заманда ғаламтор керек, алайда, оның жағымсыз тұстары басымырақ екенін ешкім жоққа шығармас. Ғалымдардың пікірінше, шамадан тыс ақпарат ең бірінші кезекте ойлау қабілеті қалыптаспаған баланы енжарлыққа душар ететін көрінеді. Интернетті өзінің бірінші серігі, ал компьютерді досы етіп таңдаған жан айналасындағы адамдармен еркін араласу қабілетін лезде әлсіретіп алады екен. Бұл туралы мамандар: “Өзгенің адами мұң-мұқтажын түсінбейтін, айналасындағылардың жан қиналысын сезіне бермейтін, яғни жүрегі селт етпейтін халге жетеді”, – деп отыр. Адамдармен, тіпті, өзінің жақындарымен, әке-шеше, бауырларымен араласудан қашқақтайтындар ең ақыры шынайы өмірді бағалаудан қалады, виртуалды өмірден шыға алмайтын жағдайға жетеді. Осының салдарынан болашақта өмірде өз-өзіне сенімсіз, сондай-ақ, тұрмыста кездесетін қиын жағдайларды өздігінен шеше алмайтын адамдардың қатары көбеюі мүмкін. Сондықтан газет қозғап отырған мәселе өзекті.
“Оқымаса ой тоқырайды” деген сөз бар. Адам өмір бойы кітап оқып, өзін жетілдіруге үнемі көңіл бөліп жүруі тиіс. Сонда ғана ол заман ағымынан қалмай, қоғам талабына сай өсу, өркендеу үстінде болады. Өзін дамыту адамға бұл дүниеде абырой мен бедел әкелумен қатар өзгелермен тең дәрежеде ой бөлісуге, пікір таластыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі ата-ана, ұстаздар қауымы, жалпы қоғам осы жайттарды ескеріп, балаларымызға қазаққа ғана тән адамгершілік қасиеттер мен ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие беруге көңіл бөлсе екен деймін. Қазіргі жас буынға дұрыс тәрбие бере алып жатырмыз ба деген сауал әркімді толғандыруы тиіс. Білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым болу міндеті әр отбасының басты қағидатына айналса екен деймін.

Гүлнәр АЖДАНОВА,
Сарытомар орта мектебінің кітапханашысы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp