
Өңірімізде жалғыз қазақ тілінде тарайтын облыстық қоғамдық-саяси “Soltústik Qazaqstan” газетінің №9 санында белгілі журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің “Айдың, күннің аманында адасып қалмайық!” атты мақаласы жарияланған болатын. Қоғамға қозғау салған мақала қолыма қалам алуға мәжбүр етті.
БАЛА ТӘРБИЕСІ – БАРШАҒА ОРТАҚ
Ертеде үлкен кісілер балаға бата бергенде “молда бол, мұғалім бол” дейтін. Өйткені, ұстаз – қоғамның тірегі әрі тамыршысы. Мұғалім – жас ұрпаққа бағыт-бағдар беруші адам, ұлы тұлға. Алаштың күн келбетті көркем ақыны Мағжан Жұмабаев: “Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі”, – деп тегін айтпаса керек. Бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Қызыл сая орта мектебін тамамдаған соң ұстаздық мамандықты таңдап, ұрпақ тәрбиелеуді алдыма мақсат еттім. Оған да, міне, жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Барлық саналы ғұмырымды балаларға тәрбие мен білім беруге арнадым. Әлі де білім беру саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып, заман көшінен қалмай келемін. Бар білгенімді балаларға үйретіп, шәкірттерімнің зерек ойлы, білімді, алғыр, бәсекеге қабілетті болғанын қалаймын. Оқушыларым да сол сенімді ақтауда.
Ұстаз ретінде келешек ұрпақтың болашағына алаңдаймын. Бүгінгі алмағайып заманда таңданудан, таңғалудан қалдық. Жаһандану дәуірі өз еркіне бағындырмай қоймас. Экономикалық алға басу өз алдына, ақпараттық технологиялар кеңінен қолданысқа енгізілуде. Заман көшінен қалып қоймау да жөн шығар. Дегенмен, біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалмай, дін, діл, тілді сақтауға барынша тырысуымыз қажет. Отанға сүйіспеншілікті ұлттық құндылықты қастерлеу деп ұғынған жөн. Ал ұлттық құндылық ұрпақты тәрбиелеуден бастау алады. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Сондықтан Жарасбай Сүлейменовтің бала тәрбиесіне қатысты айтқан толымды пікірімен келісемін. Бүгінгі күннің шындығымен бөліскен автор қоғам, ұлт үшін қауіпті ғаламтордың қасіретін алға тартқан.
“Ауруын жасырған өледі” демекші, егер қоғамда болып жатқан келеңсіз көріністі ескермей, ұлттың санасын улап жатқан теріс әрекеттерге дер кезінде назар аудармасақ, ұрпақтың ертеңгі тағдыры не болмақ? Көрсек те, көрмегендей сыңай танытсақ, бұл адамшылыққа жата ма? “Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын”, – деп ұлы ақын, данышпан Абай атамыз айтпақшы, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір саналы адам ұлтының болашағына алаңдауы тиіс. Әсіресе, біздер, ұстаздар қауымы ұрпақ тәрбиесінде бейжайлық танытпауымыз керек.
“Айдың, күннің аманында адасып қалмайық!” атты мақалада автор рухани құндылық жайлы терең ой қозғаған екен. Бәрінің жүрегін жаулап алған интернет, әлеуметтік желілерге қатысты келтірген уәжі орынды. Ол рас, қазір ақпараттық дәуір заманы. Ғаламтордың шырмауына түскен адам одан оңайлықпен құтыла қоймасы анық. Сондықтан интернеттің пайдасынан зияны басым деп ойлаймын. Өйткені, қазір кез келген ақпарат қолжетімді. Қатыгездік, сорақылық, айуандық, бейбастақтық ғаламторда толып жүр. Жақында “WHATSAPP” желісі арқылы жасөспірімдердің төбелесінен бейнежазба тарады. Бір-бірін аяусыз соққыға жығып, қатыгездік танытқан балалардың бұл қылығы жаға ұстатты. Бұл түсірілімнің қандай тәрбиелік мәні бар? Кейінгі ұрпақ одан қандай ой түйеді деген сауал маған маза берер емес. Ғаламторда міне, осындай қатыгездік насихатталады. Оның орнына неге біздің салт-дәстүріміз, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелмейді? Сондықтан бұл отбасындағы тәрбиеден жіберілген қателік деп ойлаймын. Ұстаздар да мұндай сорақылықтың алдын алу керек.
Қазір жастарды интернет тәрбиелеуде. Кейбір ата-ана баласына еркіндік беріп қойған. “Әй дейтін әже, қой дейтін қожа” болмаған соң бала да өзін еркін сезінеді. Баланы тұқыртуға болмайды, алайда, тәрбиенің тізгінін жіберіп алмау керек. Күнделікті қым-қуыт шаруадан қолы босамайтын кейбір ата-аналар балаларына дұрыс көңіл бөлмейді. Тәрбие киерге киім, ішерге ас тауып берумен шектелмейді. Өкінішке қарай, мұны кейбір жастар қаперіне алғысы келмейді.
Қазір Айыртау ауданындағы Карасевка орта мектебінде математика пәнінен сабақ беремін. Биыл мен 54-ші оқу жылын аяқтаймын. Уақыт көшінде талай баланы тәрбиелеуге үлес қостым. Педагогикалық тәжірибемде балалардың психологиясы өзгергенін аңғардым. Балалар ойын еркін айта алмайды, тұйық. Бұл интернеттің кесірі деп білемін. Балалардың бар ермегі – телефон, интернет. Оқушыларға мектепте телефон ұстауға шектеу қойылуы қажет деп ойлаймын. Мектептен тыс уақытта олардың немен айналысатынын білмейміз. Ал білім ордасында балалардың тәрбиесіне ұстаздар барынша назар аударуы қажет. Болашақ ұрпақтың тағдырына алаңдасақ, елімізде интернеттің еркіндігін бұғаттау мәселесі өз шешімін тапса, құба-құп. Өйткені, шексіз кеңістікте баланың сорақы дүниелерді тамашалауына жол бермеуге тиіспіз. Әлеуметтік желінің жетегінде кеткен жеткіншектердің өз-өзіне қол салу жағдайлары да жиі кездеседі. Егер бұлай жалғаса берсе, түбі жақсылықпен аяқталуы неғайбіл. Сондықтан көпті көрген ұстаз ретінде барша әріптестерімді, әсіресе, қатарға жаңадан қосылған жас мамандарға болашақ ұрпақтың тәрбиесімен мықтап айналысуымыз қажет екенін айтқым келеді. Бала тәрбиесі – баршаға ортақ. Көркем шығармаларды насихаттап, оқушыларды кітап оқуға шақыруымыз керек. Ал ұстаздың өзі кітап, газет-журнал оқымаса, ол балаға қандай тәрбие береді?
Нұржәмила ӘЛІБЕКОВА,
ұстаз.
Айыртау ауданы.
КІТАП ОҚУДАН ҚАЛЫП БАРАМЫЗ

Жуырда “Soltústik Qazaqstan” газетінде жазушы, журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің “Айдың, күннің аманында адасып қалмайық!” деген мақаласын оқыдым. Ертеңгі күнін ойлаған адамды алаңдататын бұл мәселе маған да ой салды. Шынымен де, жас балалардың арасында күні-түні ұялы телефонын қолынан түсірмейтіндер көп. Далада ойнап, жүгіруден қалып барады. Бір кездері даладағы баланы үйге кіргізе алмаушы едік. Енді компьютерден тұрғызып, үйден шығару уайым болып барады.
Қазір облыс орталығының өзінен бір-екі кітап дүкенін зорға табасыз. Ол дүкендердің қай жерде орналасқанын да білмейміз. Ал кітапханаларға бас сұға қалсаңыз, студенттерден басқа жанды кездестірмейсіз. Мұның өзі де жас қауымның кітап оқуға деген ынтасының жоқтығын аңғартып тұрғандай. Бүгінде керек мағлұматты ғаламтордан ала салған жөн деп ойлайтын жастар аз емес. Жаһандануға бет бұру үшін жаңа технологиялар керек шығар. Алайда, ешбір технология кітаптың орнын баса алмайды ғой. Бір қызығы, жоғары технологиясы көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан Жапония елінің өзі кітап оқудан үздік елдердің қатарында екен. Жапондықтар өздері ойлап шығарған дүниелерді екінші кезекке қойып отырғаны көпшілікті ойландыруы тиіс емес пе?!
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы: “Адам білімін өз бетімен ізденуінің, кітапты көп оқуының арқасында жетілдіреді әрі бірнеше тілді меңгереді. Алдыңғы қатарлы ойшылдардың еңбектерімен танысады”, – деген болатын. Дегенмен, көшеде қолына кітап алып жүрген жасты көріп жүрміз бе? Жоқ. Қайта қолдарынан телефон түспейді. Әр нәрсенің өзіндік шегі болуы керек. Жаңа технологияның көмегімен әлемде, елімізде болып жатқан хабарларды естірту жылдамдығы артты. Бірақ жағымды жаңалықтарға қарағанда жантүршігерлік оқиғаларды бейнесімен қоса асыра сілтеушілікпен жарыса жазатын адамдар қатары көбеймесе, сирер емес. Ғаламторда кез келген сайтты ашып қалсаң, адам шошитындай жазбалар табылып жататыны жасырын емес. Жастар үшін ғаламтор, қарапайым сөзбен айтқанда, “өсек” алаңына айналып отыр. Ұялы телефонда “WHATSAPP” арқылы келген небір хабарларды, “Facebook”, “VK”, “Instagram” және тағы басқа әлеуметтік желіде жүктелген қысқа видеоларды қараумен әлекпіз.
Жарасбай Қабдоллаұлының мақалада көтерген пікірлерімен келісемін. Бүгінгі күні жастарды кітап оқуға қолымыздан келгенше шақырамыз. Жастармен өткен кездесулерде кітап оқудың артықшылықтарын айтамыз. Дегенмен, бұл сөзімізге құлақ асып жатқандары шамалы. Бүгінгі күні қай мектепке, қай ауылға барсаңыз да, кітапханадан небір туындыларды табуға болады. Су жаңа кітаптар беті ашылмаған күйі сөрелерде тұр. Әттең, жай ғана шаң басып жатыр. Сондықтан бір мезет басымызды телефон мен ғаламтордан көтеріп, қолымызға кітап алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
“Адам кітап оқуды қойса, ойлауды да қояды” деген екен XVIII ғасырдағы француз ағартушы-материалисі, жазушы Дени Дидро. Жаңа технология дамып жатқан бұл заманда кітапқа деген қызығушылықтың төмендеп кеткені, қолынан телефонын тастамаған балалардың жанарының солып бара жатқаны көңілге кірбің түсіреді. Технология жағынан емес, рухани тұрғыдан дамыған елдің “Мәңгілік елге” айналатынын ұмытпайық.
Бауыржан ҚҰЛЖАНОВ,
Петропавл қаласының Құрметті азаматы.
РУХАНИ БАЙЛЫҚҚА ЗӘРУМІЗ
Жуырда телефоным бұзылып, жаңасын алып едім, ойда-жоқта немерем қағып кетті. Бұрынғы телефонымды қайда қойсам, сол жерден алушы едім, жаңасын қойған жерімнен емес, кішкентайдың қолынан іздейтін болдым. Бір күні осы бала не шұқылап жүр деп, қасыма отырғызып қойып қарап отырдым. Саусағым дірілдеп, хабарласатын адамымды әзер тауып алатын мен бес жасар немеремнің шаңына да ілесе алмайды екенмін. Ойын, ән жүктеп алып, камерасына сурет, бейнежазба түсіріп отыр. “Телефонымды бері әкел. Балабақшадағы тәрбиешің берген үй тапсырмасын орындайық” десем, иығын қиқаң еткізді де, теріс қарап отырып алды. Әжелік еркелетуді қойып, дауысымды қатайтқанда ғана ырқыма көніп, телефонды өзіме қайтарды.
Қазіргі баланың да, жастың да, жасамыстың да алданышы телефон болды. Күнделікті көріп жүргеніміз – бүгінгі қоғамның ғаламторға жіпсіз байланып, алақандай ғана телефонға телміріп отырғаны саналы адамды ойлантуы тиіс. Жуырда облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінде жарияланған белгілі журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің “Айдың, күннің аманында адасып қалмайық!” деген мақаласы осы ойымды тарқатқандай болды. Мақала авторы ғалымдар гаджеттерді ұзақ уақыт пайдалану сөйлеу мен жазу секілді қабілеттерге жауап беретін мидың ақ затына кері әсер ететінін анықтағанын жазыпты. Бұл пікірдің жаны бар.
Бүгін “Анау тұрған немене, мынау тұрған кеме ме?” деп сан түрлі сұрақ қойып, мазаңды алуы тиіс бүлдіршіндердің тілін сындыра алмай жүрген ата-аналар көбейді. Томаға тұйық, бір тілде ойын анық жеткізе алмайтын, шолжың, өзімшіл балалардың қатары қалыңдаған сайын болашағымыз қандай болады деген алаңдаушылық басым. Өткен жолы немерем: “Әже қарашы”, – деп бір бейнежазбаны көрсетті. Ата-анасы жылап жатқан балаға телефонды ұстатқанда тыйышталады, алып қойса, жерге жата қалып жылайды. Күлетін емес, жылайтын жағдай. Ертең телефонға тәуелді, ғаламтордан неше түрлі қулық-сұмдықты көретін баланың психологиясы қалай қалыптаспақ? Осыдан кейін бала неге ашуланшақ, тұйық, тілі шықпай жатыр деп дәрігерден дәрігерге сүйрейміз. Құдайдың берген сау баласын, өзіміз ауру қылып отырғанымызды аңғармайтынымыз өкінішті.
Баланы жастайынан ертегі оқуға баулысақ, ержеткенде кітап, газет-журнал оқып, рухани азық жинап, ойы толысып, өресі тереңдейді. Кітап адамды тәрбиелейтінін білсек те, неге елемейтінімізді түсінбеймін. Қоғамда болып жатқан сан түрлі оқиғалардың, жан түршіктіретін сұмдық жағдайлардың өршуіне кітап, газет оқымай, гаджеттерге телмірудің салдары емес пе деген ой туады кейде.
Шәрбан БӘЖЕНОВА,
зейнеткер.