«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙЛАСЫН АСЫРА АЛМАДЫ

Облыстық Сот актілерін орындау департаментінің алимент төлемдерін өндіріп алу жөніндегі бөлімі филиалының сот орындаушылары БАҚ өкілдерімен бірлесіп, алименттерді өндіріп алу жөніндегі акция аясында рейдтік шаралар жүргізуде.

8 Март көшесінде тұратын 1 миллион теңгеден астам берешегі бар борышкерді көршілері көптен көрмегенін, тіпті, аталған мекенжай бойынша оның тұрмайтынын айтты. Ал Чайковский көшесі, 17-үй мекенжайы бойынша тіркелген азаматша өзінің баласына алимент төлеуі керек. Берешегі 95 мың теңгені құрайды. Бірақ әйел үйінде болмады. Есік ашқан туыстары оның бұл жерде тұрмайтынын айтты. Атқарушылық құжаттарда көрсетілген тағы бір мекенжай Абай көшесі, 90-шы үй еді. Бұл жерде де сот орындаушылары мұнда баяғыдан тұрып жатқан мүлдем басқа отбасымен жолықты.

Алматы көшесіндегі 9-шы үйде тұратын борышкер де үйінде жоқ болып шықты. Анасы оның қайда тұратынынан хабарсыз екенін айтып, үйінің телефонын берді. Телефонды борышкердің өзі көтерді. Сот орындаушысы оның 500 мың теңге шамасындағы берешегі туралы хабарлама қалдыру үшін мекенжайын айтуын өтінді. Бірақ қарызгер ештеңе төлемейтіндігін және алыста тұратындығын айтып, телефонды іле салды. Сот орындаушылары жедел шара қолданып, департаментке хабарласып, телефон нөмірі бойынша оның мекенжайын анықтады да, 10 минуттан соң журналистермен бірге борышкер тұрып жатқан үйге келді. Есікті онымен бірге тұрып жатқан адамның егде жастағы анасы ашты. Борышкер бірден құйтырқы мінез танытып, тұрақты жұмысы, ешбір мүлкі және тұрғылықты тұратын жері де жоқтығын алға тартып, азар да безер болды. Сот орындаушылары оған берешегі туралы хабарламаны ұстатып, келесі күні департаментке алимент төлемеу себептері туралы түсініктеме беруге шақырды.

Өздерінің балаларына берешектерін төлеуден жасырынған борышкерлер түрлі әрекеттерге барады, көбінесе тұрғылықты жері туралы жалған мәліметтер береді, сот орындаушыларын жаңылыстырады, сондықтан мұндай адамдарға іздеу салынады.

Елена СКАКУНОВА,

облыстық Сот актілерін орындау департаментінің

баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp