«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙЛЫҚ АЯҚТАЛДЫ, ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАЛҒАСАДЫ

Айыртау ауданында 6785 зейнеткер және 1452 мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Қарттарды қолдау айлығына орай Саумалкөлде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде азық-түлік өнімдері, жем, шөп, сабан базар бағасынан төмен бағада сатылымға шығарылды.

Аудан әкімі Ағзам Тастеміров соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне ілтипат көрсетіп, үйлеріне барып, сый-сияпат жасады. Мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар және бір шаңырақ астында жарты ғасыр бірге тұрып келе жатқан өнегелі отбасылар да назардан тыс қалған жоқ.

Айыртау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі “Келешек” қоғамдық қорымен бірге “Ақтоқты” дәмханасында 80-нен астам зейнеткер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап мерекелік дастарқан жайды.

Барлық ауылдық округтерден шақырылған қонақтарға ән мен күйден шашу шашылып, қарт адамдардың көңілі бір көтеріліп қалды.

Қазан айы бойы жоспарға сәйкес іс-шаралар жүргізіліп, аудандағы мектептер, кәсіпорындар, түрлі ұйым қызметкерлерінің атсалысуымен 783 зейнеткерге мерекелік концерттермен жалғасын тапқан қайырымдылық түскі ас ұйымдастырылды.

Әлеуметтік қолдау және қайырымдылық көмек көрсету үшін бекітілген төрт деңгейлік жүйе бойынша ауданның ұйымдары мен кәсіпорындары басшылары 119 жалғызбасты адамға қол ұшын берді.

Тайынша психоневрологиялық интернатына – музыкалық орталық, Смирноводағы қарттар мен мүгедектер интернат үйіндегі қамқорлыққа алынған әрбір адамға – ақшалай сыйлық, тұрмыстық техника, “Надежда” қарттар үйіне және Пресновка интернатына арнайы мерекелік сыйлықтар табысталды.

Аудандық мәслихаттың депутаттары мүмкіндігі шектеулі 82 балаға азық-түлік пакеттерін берді. Үйде оқытылатын мүмкіндігі шектеулі балалар үшін “Алтын күз” таңертеңгілігі өткізілді. Шараға келген балғындар қуанышқа бөленіп, аялы алақанның жылылығын сезінді.

Қарттарды қолдау айлығы аясында “Арықбалық” ЖШС, “Кутузовское Алиби” ЖШС, “Бабық Бұрлық” ЖШС, “Исағали” ЖШС, “Жарқын СҚ” ЖШС, ауданның ардагерлер кеңесі, “Келешек” қайырымдылық қоры және барлық кәсіпорын қызметкерлері белсенділік танытып, қарттар мен көнекөз қарияларға деген ықыластарын білдірді. Айлық аяқталғанымен, бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.

Ерлан ҚАЗБЕКОВ,

Айыртау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp