
Қазақстан мен Ресейдің XII өңіраралық ынтымақтастық форумы аймақтар арасындағы қатынастарға жаңа серпін, инвестицияларды тартуға тың екпін береді. Бұл туралы Сочи қаласында өтіп жатқан форумның аясындағы “Агроөнеркәсіп кешені саласындағы Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының перспективалары” мамандандырылған көрмесінің барысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов мәлімдеді.
“Қазақстан мен Ресейдің XII өңіраралық ынтымақтастық форумы біздің аймақтарымыздың арасындағы қатынастарға жаңа серпін, инвестицияларды тартуға оң қарқын беретініне сенімдімін”, – деді Ерік Сұлтанов.
Оның айтуынша, форум өзінің диалог алаңы ретінде тиімділігі мен маңыздылығын дәлелдей алды.
“Бүгін, зырлап өтіп жатқан ауыспалы уақытта бізге жаңа амал-тәсілдер қажет. Бұл жерде біз пікір алмасып, бір-бірімізден тәжірибе алып отырмыз.
Форум мен көрмеге қатыса отырып, біздің үздік 12 кәсіпорнымыз Ресей нарығына шығудың жақсы мүмкіндігіне ие бола алатынына сенімдіміз”, – деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.
Ерік Сұлтановтың түсіндіруінше, бұған облыстың болашағынан зор үміт күтуге болатын экономикалық әлеуеті жағдай жасап отыр.
“ҚазАқпарат”.