«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙМАҚ ТАРИХЫНЫҢ АЙНАСЫ

2005 жылдың шұғылалы көктемінде өңіріміздегі аға басылымның 85 жылдығын салтанатты жағдайда бүкіл облыс жұртшылығымен бірге мерекелегеніміз есімде. Ақ тілектер жауған мерейтой кешінде газет жанашырлары лек-легімен басылым жайлы жылы лебіздерін білдіріп, газет ұжымын, барша оқырмандарын шын жүректен құттықтап, шығармашылық жаңа табыстар тілеген еді.

Өздеріңізге мәлім, газет тәрбие құралы болғандықтан, өткір сөз, ойлы орамдар арқылы адамдарды жақсылыққа, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелейді. “Soltústik Qazaqstan” газеті әр кез осындай талапқа сай бола білді. Астықты өңірдің тыныс-тіршілігін барынша көрікті де көркем, кестелі тілмен баяндап, маңызды салаларда жемісті еңбек еткен танымал тұлғалар жайында тұшымды мақалалар жариялады. Газет солтүстік өңірдің әлеуметтік-экономикалық міндеттерін шешуге қатысу арқылы көптеген реформаларды жүзеге асыруға үлес қосты. Соңғы кездері газетте бір жаңа леп, жаңаша толғаныс, өзгеше ұмтылыс бар. Жас қаламгерлер өңірде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды және маңызды жаңалықтарды халыққа толыққанды жеткізуде. Солтүстік өңірдің жетекші баспасөз құралында еңбек етіп жүрген қалам иелері жоғары кәсіби деңгейімен танылып, басылым алдағы уақытта да халқымыздың мұрат-мақсаты мен қоғам дамуына лайықты үлесін қоса береді деп сенемін.
Өңірге қазақ тілінде тарайтын жалғыз басылым талай қиын-қыстау кезеңнен өтті. Халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдады. Газет қоғамдық сананы қалыптастыруда ерекше орын алады. Оқырмандарының жүрегіне жол таба білген “Soltústik Qazaqstan” газеті болашақта да қалың оқырманы бар беделді басылымдардың қатарынан көрінетініне еш күмәнім жоқ. Жерлестерімді басылымның жүзжылдық мерейтойымен құттықтап, редакция қызметкерлеріне зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін!

 

Айдарбек САПАРОВ,
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp