Беларусь елінің тумасы, ұлты поляк Светлана Назарюк бір жасында анасымен бірге Қазақстанның топырағына табан тіреген екен. Ол орыстілді ортада ержетсе де, қазақша ән айтқанды ұнатады. Светлана өзінің қазақ сөздерін нақышына келтіріп айта алатындығының басты себебін сол ән айтумен машықтанғанның нәтижесі дейді. Жоғары сыныпта оқып жүрген кезде облыстық “Жас қанат” ән байқауында “Қобызым” атты әнді орындап, көрермендер көзайымы болыпты. Бүгінде оның сүйікті әні – Қарақат Әбілдинаның “Айналайын” әні. Мектеп қабырғасында жүргенде өзге ұлттар арасында өткізілетін “Мемлекеттік тіл – менің тілім” байқауына бірнеше рет қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
– Мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін екі мамандық бойынша бітіріп алған соң сонда төрт жыл ұстаздық еттім. Онда экономика факультетінің қазақ тобына сабақ бердім. Осы кезде мен үшін тіл меңгерудің мүмкіншілігі зор болды дер едім. Кейін жұмыс орным “Қазақстан халық банкі” саласына, бүгінде “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының” өңірлік мекемесіне ауысқаннан бері жұмыстың бағыты есеп-қисап жағында болғандықтан, тіл дамыту мүмкіндігі төмендеп кетті, – дейді Светлана Викторовна.
Светлана Назарюк 2011 жылдан бері “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның өңірлік филиалында бас менеджер болып еңбек етеді. Былтыр “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ өзіне еншілес мекемелер арасында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында өзге ұлт өкілдері арасында “Бәйтерек” байқауын ұйымдастырған болатын. Үміткерлердің арасында Светлана Викторовнаның жұлдызы жанып, бірінші орынды қанжығасына байлап қайтты.
– Менің тіл үйренуге деген ерекше бір қабілетімнің бар екенін сеземін. Бұл мүмкін тілді білсем деген ынта-талаптан да шығар. Қызым Даянаның қазақ тілін жетік меңгергенін қалап, қазақтілді балабақшаға берген едім. Бірақ бала орысша ойлайтындықтан, оның білім алу өрісін тарылтпайын деп орыс мектебіне беруге тура келді. Алайда, қызым екеуміз өзара қазақ тілінде сөйлескенді ұнатамыз. Бүгінгі жастарға мемлекеттік тілді меңгеруге талап та жоғары, мүмкіндік те зор ғой. Қызым тілді жетік үйреніп алып, менің қол жеткізе алмай отырған деңгейімді бағындырады деген сенімдемін, – дейді Светлана Назарюк.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.