«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЙНАЛАЙЫН”

Петропавл қаласындағы “Айналайын” вокалдық ансамблінің құрылғанына 15 жыл толды. Талантты, талапты балаларды бір жерге топтастырған ұжымның алдына қойған мақсаты – ән мен биге биімі бар ұл-қыздарды өнерге баулып, тәлім-тәрбие беру. Бүгінгі таңда ұжымның 4 тобында 6-17 жас аралығындағы 45 бала өнермен сусындауда. Ансамбль облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып жүр. Ұжым репертуарында патриоттық, достық және балалар тақырыбындағы әртүрлі әндер бар.

– 15 жылда қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. Түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, өнерімізді көрсетіп жүрміз. Францияның Монтаржи қаласындағы еуразиялық халықаралық фестивальға, республикалық “Айгөлек” байқауына қатыстық. Одан басқа да түрлі байқауларда бақ сынап жүрген өнерлі балалардың әрбір жеңісі ұжым үшін үлкен қуаныш, – деді “Айналайын” вокалдық ансамблінің жетекшісі Ботагөз Маметова.

Әсем әнімен әр жүрекке жол таба білген кішкентай өнерпаздар жақында облысымызда болып өткен “Bala Turkvizyon-Қазақстан” халықаралық балалар әні байқауының іріктеу сайысына қатысты. Байқауда орта жас тобының 6 қызы “Асыл” тобының “Қазақстан” әнін сәтті орындап шықты. Ән әлемінің алғашқы баспалдағын басқан өнерлі балалардың алар асулары әлі алда екеніне олардың ата-аналары да, ұстаздары да сенімді.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: “Айналайын” вокалдық ансамблінің жетекшісі Ботагөз Маметова шәкірттерімен бірге.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp