«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Айрықша қамқорлыққа алынған

Өңірімізде сегіз әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда аталмыш мекемелерде тұратын 1637 адам кешенді әлеуметтік қызметпен қамтамасыз етілген. Мемлекет қамқорлығына алынғандар арасында бірінші және екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі 1353 ересек адам, 44 бала, 240 қарт бар. Мекемелерде мыңнан астам қызметкер еңбек етеді.

Қазір карантин жағдайына байланысты әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары жабық режімде жұмыс істеуде. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Марина Маркова әлеуметтік-медициналық мекемелерде қауіпті індеттің таралуына жол бермеу және санитарлық-эпидемиологиялық шаралар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, “COVID-19” вирусының  таралуына байланысты әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында бірқатар шектеу шаралары қолға алынды. Сақтық пен тазалық күшейтілді. Әр орталықта санитайзерлер орнатылып, дезинфекция жүргізілуде. Мекемелер бірреттік қолғаптармен, бетперде, антисептиктермен қамтамасыз етілді. Қорғаныш құралдары мен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. 

Брифингте  еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Гауһар Ғабдуллина медициналық-әлеуметтік мекемелерде емделушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігіне баса көңіл бөлінгенін жеткізді. 

– Медициналық-әлеуметтік мекемелерде қызмет алушылар сырқаттанған жағдайда оқшау бөлмелерде болады. Тыныс алудың қиындауы, жіті респираторлық вирус, “COVID-19” инфекциясы бойынша ауру белгілері бар науқастар алдын ала бекітілген алгоритм негізінде емделеді. Мекеме қызметкерлері мен емделушілер арасында қауіпсіздік шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі, – деді Гауһар Лесбекқызы. 

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp