Мүмкіндігі шектеулі Айсұлу Есманованың кәсіпкерлігіне қолдау көрсетілді. Бұл жолы қайырымдылық ілтипат танытқан – “Түгімбаев Н.Ж.” жеке кәсіпкерлігі.
Айсұлу Есманова – есту қабілеті төмен 3-ші топтағы мүгедек. Үй жағдайында тігіншілікпен айналысып отырған жанның отбасылық табысы сол. Қолы шебер тігінші қазақтың ұлттық киімдері мен басқа да тапсырыстарды жеңіл орындайды. “Даму-көмек” бағдарламасының бағыт-бағдарын естіген ол жобаны ұйымдастырып отырған мекемеге өтінішін білдіре келді. “Даму” қоры өз кезегінде оны қайырымдылық ниеті бар кәсіпкермен кездестіріп, діттеген мақсатын жүзеге асырды.
“Түгімбаев Н.Ж.” жеке кәсіпкерлігі – қоғамдық тамақтандырумен айналысатын, нан және кондитерлік өнімдер шығаратын бизнес нысаны. Ол – “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасының несібесін көріп отырғандардың бірі.
– Менің арманым – үлкен ателье ашу. Осы мақсатыма мына көмектің септігі зор. Тапсырысты молынан қабылдайын десем, мата, фурнитураларды жеткізе алмай жүрген едім. Бүгінде біздей жандарға бизнесте қолдау көрсететін бағдарламалар аз. Жалпы басқаның оң қабағын таныған кезде өмір сүруге, еңбектенуге деген құлшыныс артады. Сондықтан қайырымдылық көрсеткен кәсіпкерге де, арамызға дәнекерші болған “Даму” қорының қызметкерлеріне де алғысым мол, – дейді Айсұлу Есманова.
Гүлмира ЖАҚЫПОВА,
“Даму” қорының менеджері.