«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙТОЛҚЫННЫҢ САБАҒЫ

Қазақтың қозыжауырын ұл-қыздары әлімсақтан сертке берік, ата-баба дәстүріне адалдық танытқан. Оны өткен тарихымыздан да, бүгінгі өрендердің өнегелі өмірінен де жиі байқаймыз.

Жақында Малайзияның астанасы – Куала-Лумпурдегі Ити халықаралық британ-малайзиялық бірлескен университетінде білім алып жүрген он жеті жастағы Ризагүл есімді қазақ қызының елжандылық қасиеті анық аңғарылған әрекеті барша қазақстандықтың жүрегін шымыр еткізбей қоймады. Оқу орнына кірерде университеттің алдында ілулі тұратын еліміздің көк туының төңкеріліп, қисайып қалғанын көрген Ризагүл: “Менің орнымда сіз болсаңыз да сөйтер едіңіз. Сол үшін де сабаққа кіре алмай жүрмін. Күнде сабақ алдында туыма қарап өтетінмін. Осы мәселенің тез арада шешілуіне көмектесуіңізді өтінемін”, – деп университет ректорына хат жолдайды. Мұны естіген ректор көк жалауымыздың дұрысталуына тапсырма беріп, бұл ахуалға бей-жай қарай алмаған елжанды қыздың жанына келіп, кешірім сұрайды.

Университет басшысының басын идірген қаршадай қыздың мұндай әрекетін қалай ерлік демеске?! Оқығанда көңілімізге қуаныш сыйлаған бұл жүректілікті жалғастырып жүрген Петропавлдағы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті қаржыгер мамандығының студенті Айтолқын Омарованың Наурызды тойлау дәстүрін поляктарға түсіндіріп, таңдай қақтырғанын жүрегі қазақ деп соққан жалынды жастың намысының өршіл көрінісі деп қабылдадық. Туған жері Жамбыл ауданына қарасты Благовещенка ауылы болғанымен, Петропавл қаласында өседі, Қызылжардағы М. Жұмабаев атындағы лицейді бітіреді. Оның оқуға, өз бетімен ізденуге талпынысы, есепке зеректігі қаржыгер мамандығын қалауына ықпал етеді. Екі жыл бойы білікті ұстаздардың алдын көріп, олардың ыстық ықыласына бөленіп, өзі білім алып жүрген оқу орнының қоғамдық жұмыстарына белсене араласқан Айтолқын өткен жылы мемлекеттік бағдарламамен тәжірибе алмасуға Польшаның Лодзь қаласына сапар шегеді.  

– Қыркүйек айының жиырма тоғызыншы жұлдызында Петропавлдан – он төрт, Қазақстанның түрлі облыстарынан барлығы жетпіс студент Польшаға аттандық. Астананың әуежайынан аспанда қалықтап, өркеш-өркеш бұлттарды жарып өткен ұшағымыз Минск қаласын басып өтіп, Варшаваға аялдады. Біз бет алған Лодзь қаласындағы іргелі университетке Германия, Франция, Италия, Испания, Португалия сынды мемлекеттердің жастары да барды. Ешкімнен қалыспай, олармен тең дәрежеде тіл табысып, қоян-қолтық араласып кеттік, – дейді Айтолқын.

Көп ізденген адамның көмбенің үстінен шығатынын жастайынан ұғынған Айтолқын шетелде білім алып жүрген саласындағы барлық пәндерді ағылшын тілінде оқиды. Әлемге танымал ғалымдардан дәріс алады.

– Біз business system, international business negoiations, international trade Transation сынды қаржы саласын тереңдетіп оқытатын пәндерді, сондай-ақ, поляк тілін үйрететін орталықта білім алдық. Оқу жүйесі біздікімен салыстырғанда өзгеше. Ұстаздардың қоятын талабы да, соған сәйкес студенттердің мұғалімдерден қажет ететін білімі де жоғары. Ол жақта түйткілді мәселелердің көбі студенттің өз еркіне байланысты шешімін тауып жатады. Оқу уақытын және пән профессорларын өздері таңдауға құқылы, – дей келе, жергілікті, халықаралық студенттерге жасалған жағдайдың да өте жақсы қарастырылғанын айтты.

Айтолқын – қазақтың ұлттық салт-дәстүрін берік ұстанушылардың бірі. Және бәсі бөлек, мағынасы терең құндылықтарымызға қызығушылық танытады. Жамандықтан тыйып, жақсылыққа үндейтін ырым-тыйымдарды естіп қалса, оның не себептен шыққандығын, тіршілікке қалай енгендігін бүге-шігесіне дейін білмейінше, астарына үңілмейінше жаны жай таппайды. Екі жыл қатарынан өзі білім алып жүрген оқу орнында Наурыз мерекесінің жоғары дәрежеде өтуіне мән беріп, атсалысып жүрген Айтолқын Лодзь университетінде өткізілген түрлі ұлттардың ұлттық болмысын танытқан халықаралық байқауда бақ сынап, биік белесті бағындыра білді. Күн мен түннің теңеліп, жер бетіндегі тірі жанның барлығы жаңа түрге еніп, қытымыр қыстың ызғарынан құтылған халықтың аузы аққа тиіп, мал өріске бет алатын мерекеміздің тарихын, маңызын көркем тілмен, кестелі оймен, ұтымды дәлелдермен жеткізген қызға ұстазы, профессор Богдан Бучковскийдің өзі таңданысын да жасырмаған көрінеді.

– “Құрғақ қасық ауыз жыртар” демекші, Наурыз мерекесінің мән-мағынасын өзге елдің үміт артқан студенттеріндей ауызша баяндасам да болар еді. Алайда, ойларымның сүреңсіз болатынын аңғардым да, мен түрлі тағамдар дайындау арқылы мерейлі мерекенің мәнін тереңнен қозғап, түсіндіргім келді. Түрлі ұлт өкілдері менің пісірген наурызкөжем мен бауырсағымнан ауыз тиіп, дәм татқан соң сөздеріме құлақ қоя бастады. Әрине, ағылшынның әдеби тілінде жеткізу қиынға соқса да, діттегенімді әр адамның көңіліне қонымды ете алдым деп ойлаймын. Жеті түрлі тағамды санамалап, олардың әрқайсысына кеңірек тоқталдым. Наурыз мейрамының негізгі асы – көженің Қазақстанда дәл сол күні әр отбасының ақ ниетпен жайған дастарқанынан орын алатынын айтқанымда біраз шетелдіктер Қазақстанға саяхаттап барғысы келетіндерін жасырмады, – дейді Айтолқын.

Сондай-ақ, наурыздың түнінде бойжеткендердің өздері ұнатқан жігіттерге арнап соғымның соңғы етін уызға салып пісіретінін, “Ұйқыашар” атты дәм дайындайтынын, бозбалалардың қызғалдақ қыздарға арнап айна, тарақ, иіс су, “селт еткізер”, “дір еткізер” сыйлықтарды ұсынатынын ұтымды жеткізгеніне жиналғандар қол соғып, қошемет білдіреді.

Шұрайлы ана тілінің шырайын келтіріп сөйлейтін Айтолқын “Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар” деген ұғыммен келіседі. Қазақ жастары өзге тілдің бәрін біліп, өз тілінің бағасын асырып, құрметтей алса, үнемі ізденіп, әлемдік бәсекеге қабілетті болса, еліміз де көркейіп, гүлдене береді деген ол алтыбақан тебу салтын одан әрі жандандырып, халықтың сұранысына ие ұлттық ойындардың бірегейі ретінде алдағы уақытта қалалардағы ойын-сауық орындарының ішінен кішігірім алаңдарды ашу мәселесімен айналыспақ.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp