Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов халықаралық “TourofHainan” тасжолдағы жарысында алдына жан салмай мәре сызығын бірінші болып қиған жерлес велошабандоз Алексей Луценкоға құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл жеңісімен қатар жерлесіміз Қытай елінде өткен турда көшбасшының сары жейдесін, таулы жердің үздік сайыскерінің және Азияның үздік велошабандозының жейдесін иеленді.
“Солтүстікқазақстандықтардың және өз атымнан Сізді “Тур Хайнань – 2016” халықаралық жарысында тамаша өнер көрсетуіңізбен және жарыс қорытындысында жеңіске жетуіңізбен құттықтаймын.
Алға қойған мақсатқа ұмтылу, спорттық батылдық және таңдаған тактикаңыз бірден Сізге осы экзотикалық турдың бірнеше кезеңдерінде жеңіске жетуге, көшбастаушының сары жейдесін, таулы жердің үздік сайыскерінің жейдесін және үздік азиялық велошабандоз атағын жеңіп алуға мүмкіндік берді.
Сіз Қазақстанның барлық аумағындағы жанкүйерлерге есте қалатын сезім сыйладыңыз, мыңдаған жас қазақстандықтарға үлгі болдыңыз және кезекті рет Отанымыздың даңқын арттырдыңыз!” делінген жеделхатта.
Ерік Сұлтанов Алексей Луценкоға мықты денсаулық, игілік және жаңа спорттық жеңістер тіледі.
Осы турдың бірнеше кезеңінде “Астана” құрама командасының тағы бір мүшесі солтүстікқазақстандық велошабандоз Руслан Тілеубаев та табысты өнер көрсетті.
Облыс басшысы Ерік Сұлтановтың атынан құттықтау жеделхаты сонымен қатар, “Astana” кәсіпқой командасының бас менеджері Александр Винокуровқа да жолданды. Өңір басшысы Олимпиадалық жазғы ойындардың чемпионы жетекшілік ететін команданың қайрат-жігерімен қазақстандық жанкүйерлердің мәртебелі халықаралық “Тур Хайнань – 2016” жарысында кезекті рет жеңіс қуанышына және өз еліне деген мақтаныш сезіміне бөленгенін атап көрсетті.
“Солтүстікқазақстандық велоспорттың тәрбиеленушілері өз жанкүйерлеріне нағыз мереке сыйлады және кезекті рет жарыс жолдарында өздерінің күшті екендіктерін, жеңілмейтіндіктерін мойындатты.
Бұл табысқа “AstanaProteam” командасы мүшелерінің барлығының қайрат-жігері, велошабандоздарының алға ұмтылысы мен кәсіпқойлығы жеткізіп отыр. “Astana” командасының Хайнань турында тамаша өнер көрсетуімен Сіздерді шын жүректен құттықтаймын”, – делінген жеделхатта.
Ерік Сұлтанов жерлесіміз Александр Винокуровқа мықты денсаулық, игілік және “AstanaProteam” командасына жаңа жеңістер тіледі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.