«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙТЫЛҒАН МӘСЕЛЕЛЕР АЯҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Өңіріміздегі 336 жалпы білім беретін мектепте мүмкіндігі шектеулі 1659 бала оқытылады. Алайда, қолданыстағы тиісті заңнамаға сәйкес жалпы білім беретін мектепті дефектолог және логопед мамандармен қамту қарастырылмаған. Бұл балалардың толыққанды арнайы коррекциялық-педагогикалық қолдау алуына кедергі жасап отыр.

Аталмыш мәселе облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен отырыста айтылды. Өңірімізде инклюзивті білім берудің жай-жапсарымен таныстырған облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалардың саны – 4731. Жеке бағдарлама бойынша 312 мүгедек бала үйде оқытылса, олардың 195-і республикалық бюджеттің есебінен компьютерлермен қамтамасыз етілген көрінеді. Кембағал балаларға медициналық-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық көмек көрсететін бірқатар нысандар жұмыс істейді. Алайда, олар жеткіліксіз. Бүгінгі таңда Тайынша, Тимирязев аудандарында психологиялық-педагогикалық коррекциялық кабинет ашу керек. Осындай кабинеттер облыс орталығына да қажет екен.  

Осы орайда облыс әкімі Ерік Сұлтанов селекторлық режімде әкімдік отырысына қатысып отырған Тайынша, Уәлиханов, Тимирязев аудандарының әкімдеріне психологиялық-педагогикалық коррекциялық кабинет пен логопедиялық пункт ашуды тапсырды. Ал қалған аудандардың әкімдеріне үйде білім алып жатқан мүгедек балаларға қажетті жағдайды жасауды міндеттеді.

Облыс аумағында елді мекендердің 93 пайызы жолаушылар тасымалымен қамтылыпты. Ал тұрғындары осы күнге дейін жаяулап-жалпылап жүрген 48 елді мекенді жолаушылар тасымалымен қамту тиімсіз саналып отыр. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызға ие автобус қатынастарын субсидиялау жұмысы да сын көтермейді. Облыстық мәслихат бекіткен 148 автобус қатынасының 19 ғана субсидияланады екен. Мәселен, Ақжар ауданы әлеуметтік маңыздағы қатынастардың 44,4 пайызын субсидияландырады. Ал қалған аудандарда бұл көрсеткіш анағұрлым төмен. Айыртау, Есіл, Мағжан Жұмабаев және Мамлют аудандарында бір автобус қатынасына да субсидия бөлінбепті. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исмановтың айтуынша, заңсыз тасымалмен айналысатын таксилердің көбеюі өзекті мәселеге айналып отыр. Егер өткен жылы Ресей мен Беларусьтен өңірімізге 2731 көлік әкелінсе, үстіміздегі жылдың 8 айында 13225 “темір тұлпар” сатып алынған. Ал бұл заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын жүргізушілердің санын көбейтіп, бағыттардың тиімділігін төмендеткен.

Жол жүрудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де күн тәртібіндегі мәселе. Өткен айларда жолаушылар тасымалдайтын көліктердің қатысуымен 8 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Егер өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырсақ, жол-көлік оқиғаларының саны 14 пайызға артқан. Ал облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полициясы басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Дәурен Қазыбековтің дерегіне сүйенсек, өңірімізде жыл басынан бері 166 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 24 адам қаза тапқан.

Сансыз көлік жүйткіген жолдардың жағдайын жақсарту үшін үстіміздегі жылы 13,3 млрд. теңге бөлінген. Өткен тоғыз айда оның 8,4 млрд. теңгесіне тиісті жұмыс атқарылыпты. Көктемгі бақылау кезінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 19 пайызы – жақсы, 30 пайызы – қанағаттанарлық, 51 пайызы қанағатсыз жағдайда болған екен.

Аудандардағы елді мекендердің құрылысы құжаттарын әзірлеу мен бекіту жұмысында да олқылықтар аз емес. Мәселен, өңіріміздегі елді мекендердің тек 9 пайызында ғана бас жоспар бар болып шықты. Бұл тиісті құжаттарды әзірлеуге аудан әкімдіктерінің қаржы бөлмеуінің салдары.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp