Биыл теріскейде күннің күрт жылынуына байланысты әдеттегі мөлшерден екі есе көп жауған қар тез еріп, қызылжарлықтарды әбігерге салуда. Айтып келмейтін апатпен күрес күшейтілсе де, облыс орталығындағы тұрғын үйлерді су басу қаупі әлі де сейілер емес. Кеше Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетовтің қатысуымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен кезекті брифингте осы мәселелер әңгіме өзегіне айналды.
– Облыс орталығындағы Жұмысшы, Заречный кенттерінің, Ойқала, Бензострой, Былғары зауыты шағынаудандарының тұрғындары жол бойындағы су деңгейінің күннен-күнге көтеріліп келе жатқанына алаңдаушылық білдіруде. Су жайыла бастағаннан бері 3192 арыз-шағым түсті. Әсіресе, Жұмысшы кенті тұрғындары көп зардап шегуде. Көмек сұрап, қоңырау шалған адамдарға дер кезінде қолдау көрсетілуде. Десе де, еріген қар суы ауыздықталар емес, – деген Марат Иманбайұлы су сору жұмыстарының үзбей жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
Бүгінде табиғи апаттың алдын алу шаралары күн-түн демей жүргізілуде. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент тарапынан қырағылық күшейтіліп, құтқару қызметінің құрылымдары да атсалысуда.
Қала әкімі қар суымен күреске бюджеттен 27,1 миллион теңге бөлінгенін айтты. Құтқару және алдын алу жұмыстарына 40 техника жұмылдырылған. Олардың қатарында 20 су сорғыш құралы, 3 арықты тазалау машинасы бар. Бүгінге дейін қала көшелері мен тұрғын үйлердің аулаларынан 120 мың текше метрден астам су сыртқа шығарылды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.