«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙТЫСКЕР АҚЫНДАР – ҚЫЗЫЛЖАРДА

Сәуір айының соңында Талдықорған қаласында бастау алған “Uly dala án men jyry, aqyndyqtyń jetі qyry” республикалық туры Қызылжарға келіп жетті. Айтыс сахнасында жұлдыздай жарқыраған Балғынбек Имаш, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов сынды айтыскер ақындар Жастар сарайына жиналған өнерсүйер көрерменге ән мен жырдан бөлек, ғаламат шоу көрсетті.

Қызылжар өңірі от ауызды, орақ тілді, халықтың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын суырып салма ақындарды ерекше ілтипатпен қарсы алды. Сахнаға шыққан ақындар қазіргі қоғамды толғандырып отырған “бармақ басты, көз қыстылық”, жер мәселесі, ұстаздардың еңбекақысы, көпбалалы аналардың жағдайы сияқты өзекті мәселелерді жырларына арқау етті. Әсіресе, Айнұр Тұрсынбаеваның:

“…Бес бала тапқан анаға

Екі бөлмелі пәтерден

Берілу керек ең кемі.

Баланың жасы тиылмай,

Анаға бақыт бұйырмай,

Дамыған мемлекетпіз деу –

Ешкім сенбейтін ертегі”, – деген жыры бүгінгі күннің ащы шындығын көрсетті.

Осыдан кейін айтыссүйер қауыс тағатсыздана күтіп отырған сәт туды. От тілді, орақ ауызды айтыскерлер өзара қалжыңы мен шыны аралас, әдемі сөз тартысын ұсынды. Кеште белгілі әнші Дәулет Болатов өнер көрсетті.

Рухани кеш жайлы толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp