Облыстық “Қызылжар” орталық мешіті Борки кентіндегі Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі студенттері арасында спорттық шара ұйымдастыруға ұйытқы болды.
Алдымен мешіттің наиб имамы Қасымхан Исаев мерекеге жиналғандарға адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге үндейтін Айт күні әрбір мұсылман ізгі амалдарымен Алланың разылығына бөлене алатынын түсіндірді. “Ал еліміздің жастары үшін ізгі амалдардың бірі – білім алу, жақсы оқып, мемлекетіміздің игілігі жолында қызмет етулеріңізге тілектеспін”, – деді Қасымхан Абдуллаұлы.
Жастар қазақша күрес, гір көтеру, футбол, баскетбол, жүгіру, арқан тарту сияқты спорт түрлерінен сынға түсті. Қазақша күрестен боз кілемде жеңілмеген Мерей Абрасуловқа, жүгіруде алдына жан салмаған Юлия Рыдинаға, гір көтеруден жақсы нәтиже көрсеткен Ерлан Амановқа “Қызылжар” орталық мешітінің арнайы сыйлықтары берілді. Сондай-ақ, футболдан “Шын сити”, баскетболдан “Бекарыс”, арқан тартудан “Звездочки” командалары өзгелерден басым түсті. Олар да марапатқа ие болды. Оқу орнында мемлекеттік “Серпін” бағдарламасы бойынша білім алып жатқан оқушылар аз емес, мереке соңында оларға мешіт атынан дастарқан жайылды.
Сондай-ақ, бұл күні 200-ге тарта жетім жасөспірім мен тұрмысы төмен отбасылардың балаларына ас берілді.
(Өз тілшіміз).