«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙШЫҚТЫ БЕЛЕС

“Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,

Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер.

Жастық – алтын, қайтып келмес күнімде

Ойын ойнап, шыбын-шіркей қуған жер”, –

деп Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаев жырына арқау еткендей, адамзат баласы үшін өсіп-өнген өлкенің орны қашан да бөлек емес пе?! Небір тау тұлғалы азаматтардың “мысыр шаһарына” айналған Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның құрылғанына биыл 50 жыл толды. Тарих таразысымен өлшеп қарағанда аз уақыт болғанымен, осы мерзім ішінде ауданымыз дамудың түрлі сатыларынан өтіп, әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсарып, іргесі бекіп, керегесі кеңейе түскеніне куә болудамыз.

Осынау айтулы күнге орай аудан орталығы – Новоишимка ауылында салтанатты шара өтіп, оған аға буын өкілдері, ауданымыздан шыққан, бүгінде еліміздің әр түкпірінде жемісті қызмет етіп жүрген азаматтар жиналды. Олар тәуелсіздікпен бірге құлпырып келе жатқан ауданның жетістіктеріне тоқталып, алдағы межелерді дәттеп, мерейлі қуанышқа ортақтасты.

Қабырғалы қаламгер Ғабит Мүсіреповтің есімін иеленген ауданымызға тартылған инвестиция көлемі жыл сайын ұлғаюда. Ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес салалары да дамып келеді. Аудан әкімі Ағзам Тастеміров осы және өзге де игіліктерді тілге тиек ете келе: “Туған жерді өркендетуге әрбір тұрғын атсалысуда. Бұл – абыройлы міндет. Ауданымыздың іргетасының берік болуы елді, жерді сүйген азаматтардың ерен еңбегіне байланысты. Осыны жас буын өкілдері қаперлерінде ұстағаны жөн. Өйткені, ауданның болашағының баянды болуына білімі терең, жаңашыл жастар атсалыспақ”, – деді.

Бұл күні ауданның өмірінде айшықты қолтаңбаларын қалдырған бірқатар азаматқа сый-құрмет көрсетілді. Мәселен, Социалистік Еңбек Ері Сүйіндік Исмағанбетов, сондай-ақ, Әнуарбек Сағитов, Серік Сүлейменов, Сұлтан Ахметов, Федор Штранин, Абдурахим Нукаев, Марат Беспалинов есімді жандарға ауданның құрметті азаматы атағы берілді. “Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға 50 жыл” төсбелгісімен марапатталғандар қатары да аз болмады.

Шараның ресми бөлімі мерекелік концертке ұласып, аудандық Мәдениет үйінің және облыс орталығынан келген өнерпаздар әсем ән әуелетіп, күй қалықтатты. Қазақ эстрадасының жұлдызы, әнші Алмас Кішкенбаевтың өнеріне жиналғандар риза болды.

Аудан жұртшылығының ортақ қуанышы қазақ күресі, көкпар тарту және бәйге сынды ұлттық ойындарымен еселене түсті. Қазақ күресінен жүлделі бірінші орынды Диас Қожахметов иеленді. Көкпар тартудан Ковыльный ауылының спортшылары мықты екенін дәлелдеді.

Шолпан САЛЫҚОВА.

СУРЕТТЕ: аудан әкімі А.Тастеміров үздіктерді марапаттауда.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp