Қаңтар
Қазақстан құрамасының үздік спортшысы, жерлесіміз Дмитрий Бабенко Жапонияның Томакомай қаласында өткен Азия чемпионатында 1500, 5000,10000 метр қашықтықтарда жеңістің бірінші сатысына көтерілді, яғни Азияның үш дүркін жеңімпазы атанды.
* * *
Ақпан
ҚР Ұлттық банкі теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бұрынғы бағамын ұстап тұрудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Соған орай өңір аумағында орналасқан дүкендер мен сауда орталықтарындағы, жанар-жағармай станцияларындағы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу шаралары жүзеге асырыла бастады.
* * *
Наурыз
Тілсіз жаудан адам жанын арашалап қалған Петропавл Әскери институтының 4-курс курсанты Собир Базарбаев Төтенше жағдайлар министрі В.Божконың бұйрығымен “Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін” Құрмет белгісімен марапатталды. Ол Шал ақын ауданындағы Кривощеково ауылында тұратын 61 жастағы қарияны өлім аузынан аман алып қалған болатын.
* * *
Мамыр
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 27 мамырдағы Жарлығымен Ерік Хамзаұлы Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Өңірдің жаңа басшысын облыс активіне ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулин таныстырды.
* * *
Маусым
Айыртау ауданында “Солнечный ВИП” демалыс аймағы базасында маралдың мүйізімен емдеу орны ашылды.
* * *
Облыстық әкімдікте өңір басшысы Ерік Сұлтановтың қатысуымен Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясы Үкіметінің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Хе Чэнмен өзара ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Меморандум бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында Петропавл қаласынан Ресей Федерациясының шекарасына дейін 68 шақырым республикалық жол және 10 балабақша салу көзделіп отыр.
* * *
Шілде
2 шілдеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Үдемелі индустриялық-инновациялық даму” мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жобаларды жүзеге асырудың қорытындысы бойынша жалпыхалықтық телекөпір өткізді. Оның барысында Мемлекет басшысы ел аумағында жұмыс істеп тұрған нысандардың жұмысымен танысып, жаңа жобалардың іске қосылуына рұқсатын берді. Бұл күні “ПАМЖЗ” АҚ-да энергетикалық қазандық қондырғысын жасау кешені де іске қосылды. Бұл – Қызылжар өңірінде жүзеге асырылған 29-шы жоба.
* * *
Тамыз
“Теңізшевройл” ЖШС-нің бас директоры Тим Миллер бастап келген делегация облыс әкімі Ерік Сұлтановпен кездесіп, Петропавлда машина жасау бағытында жұмыс істеп жатқан бірнеше ірі өндіріс орындарында болды, солтүстікқазақстандық бірнеше кәсіпкермен іскерлік байланыс орнатуға ниетті екендіктерін білдірді.
* * *
“Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өңірімізге жасаған жұмыс сапары кезінде өндірісті өрге бастыру және сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою мәселелеріне ерекше назар аударды. Астаналық мейманның қатысуымен өткен партия филиалының кезектен тыс ХХ конференциясында “Нұр Отан” партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағалығына өңір басшысы Ерік Сұлтанов сайланды.
Қыркүйек
Қызылжар өңіріне жұмыс бабындағы сапармен келген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты тікұшақтан облыс әкімі Ерік Сұлтанов қарсы алды. Іссапар барысында Елбасына Айыртау ауданындағы “Кутузовка-Әліби” ЖШС-нің егін алқабы көрсетілді.
* * *
Облыс орталығында “Әліби-Агро” ЖШС сыйымдылығы 20 мың тонналық “ТНС-Экспорт” астық қабылдау кәсіпорнын пайдалануға берді. Кешенді элеватордың жанынан алдағы жылы майлы дақылдарды өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр.
* * *
Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында түтін түтетіп жатқан Магомедовтер Астана қаласында өткен “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының ақтық сайысына қатысып, отандық “Нива” автокөлігімен олжалы оралды.
* * *
Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында солтүстікқазақстандық велошабондоз Алексей Луценко алтын медальды жеңіп алды.
* * *
Қазан
Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіптік-техникалық колледжінің оқытушысы Гауһар Мусина “Үздік педагог – 2014” байқауының республикалық кезеңінде жеңіске жетіп, 1 млн. 852 мың теңгенің сертификатына ие болды.
* * *
Қараша
2014 жылғы 11 қарашада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауын жария етті.
14 қараша күні Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Президент Жолдауын талқылауға арналған өңір активінің жиналысы өтті.
* * *
28 қараша күні Петропавлда “Kyzylzhar Invest – 2014” халықаралық инвестициялық форум өтті. Шара барысында жалпы құны 50 млрд. теңге тұратын 70-тен астам келісімшарт пен меморандум жасалды.
* * *
Желтоқсан
Қазақстан Республикасы Президентінің 5 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес облыс бойынша 7 адам – “Парасат”, “Құрмет” ордендерімен, 10 адам – “Ерен еңбегі үшін”, 4 адам – “Шапағат” медалімен, 10 адам Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл наградаларды облыс әкімі Ерік Сұлтанов Тәуелсіздік күні қарсаңында салтанатты жағдайда табыс етті.
* * *
Тұңғыш Президент күні, Тәуелсіздік күні, Жаңа жыл қарсаңында облыс орталығында “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы, “Жас отбасы” бағыты бойынша әрқайсысы 72 пәтерлік екі көпқабатты жалгерлік-коммуналдық тұрғын үй, 84 пәтерлік төрт үй, мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы, жабық хоккей корты, 50 орындық жекеменшік балабақша пайдалануға берілді.