Қызылжар ауданында DVD-дискілер өндірісімен заңсыз айналысқан тұрғын жауапқа тартылды. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі астыртын цехты үстіміздегі жылдың маусым айында әшкерелеген болатын.
Қызылжар ауданында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында контрафактілік DVD-дискілерді дайындау фактісі анықталған. А4 пішінді қағаз, пластикалық футлярлар, түрлі түсті принтер, DVD-рекордерлі жүйелік блоктары бар цех тұрғын үйлердің бірінің жертөлесінде орналасқан екен. Сондай-ақ, дайын DVD-дискілер тәркіленіп алынған. Ешбір рұқсатсыз көшірілген фильмдер Петропавл қаласының базарында сатуға арналған.
Күдікті Қылмыстық кодекстің 198-бабының 2-тармағы бойынша айыпталып, үстінен қылмыстық іс қозғалған. 2016 жылғы тамыздың 5-і күні Петропавл қалалық соты күдіктіні 100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту жазасына кесті.
“Қызылжар-Ақпарат”.