«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙЫППҰЛ САЛЫНБАСА, АЙЫЛЫМЫЗДЫ ЖИЯР ЕМЕСПІЗ…

Мен, мәселен, сенбілікке шыққан сайын тұрғындардың қоғамдық тазалыққа деген немқұрайдылығының ұлғайғанын байқаймын. Көпқабатты үйлердің жанында өсіп тұрған ағаштар жаңажылдық шыршаға ұқсаңқырайды. Бұтақтарында ілулі тұрған түрлі түсті полиэтилен пакеттер, өзге де тұрмыстық қалдықтар аспаннан түскен жоқ. Оны терезеден лақтырған – сіз бен біз. Оны да үйрететін өзіміз. Олай дейтінім, бірде қоғамдық көлікте қарсы алдымдағы орындыққа немересін жетектеген әже отырды. Немересі – бастауыш сынып оқушысы. Түскі уақыт. Баланың қарны ашқан көрінеді. Әжесі сөмкесінен қағаз майлыққа оралған бәліш алып шықты да, немересіне ұсынды. Әлгі бәлішті жеп болған қыз бала қолындағы майлықты көрсетіп: “Әже, мынаны қайда салайын?” – деп сұрады. Әжесі еш ойланбастан қоғамдық көліктің терезесін ашты да: “Көшеге лақтыра сал”, – деді. Немересі де нық сеніммен майлықты терезеден зып еткізді. Бұл көрініске таңғалған мен ғана емес. Қасымда отырған менен батылырақ жолаушы: “Мұныңыз не? Баланы неге үйретіп жатырсыз?” – деді. Бірақ бұл сөзге әлгі әжей басын бұрып та қарамады.

Бірақ қоғамдық тазалықты сақтау тәртібіне жетудің өзге де жолы бар. Өткен ғасырдың аяғында Сингапур қаласы әлемдегі көшелері ең лас шаһарлардың бірі саналған. Сингапурлықтар азық-түлік қалдықтары мен темекі тұқылдарын, ішілген сусынның бос қалбырларын көліктің терезесінен жаяу жүргіншілер жүретін жолға оңды-солды лақтыра берген. Қоғамдық көліктерде тазалық сақталмаған. Ал қазіргі таңда Сингапур – әлемдегі ең әдемі қала. Бар гәп – лақтырылған қоқысқа тағайындалған айыппұлдың құнында. Егер адам темекі тұқылын, қағаз, сағыз және тағы басқа тұрмыстық қалдықтарды қоқыс жәшігіне емес, жерге тастаса, айыппұл төлейді. Мәселен, тас-жолға лақтырылған темекі тұқылының жазасы – сингапурлық бес жүз доллар. Біздің ақшамен 54 мың теңге. Абайсызда түкіріп қалсаңыз – мың сингапурлық доллар. Теңгемен алсақ, 100 мыңнан астам соманы құрайды. Сингапурлықтарды тазалыққа үйреткен – қатал тәртіп, қаланың әр бұрышына орнатылған бақылау камералары мен айыппұлдың құны.  

Дәл осындай қатаң жаза бізге де керек-ақ. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Тазалықты сүйетін, тұрмыстық қалдықтарын қоқыс жәшігіне ғана тастайтындар бар. Оларды ішкі мәдениеті қалыптасқан адамдар қатарына жатқызған дұрыс. Жасынан қоқыс шашпауға үйренген бала өскен соң да майлықты далаға лақтырмасы анық.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp