Соңғы екі жылда облыс бойынша айып тұрағына өзге елдердің нөмірлерімен жүрген алпыс автомобиль қойылды. Оның жетеуі – Ресей Федерациясы аумағынан айдап әкелінген көліктер. Кейбір көліктерге шетелде шектеу қойылғандықтан айып тұрағында тұр. Мысалы, Ресей Федерациясындағы иесінің мүлкіне тыйым салынғандықтан, тамыз айында Петропавл қаласының тұрғыны “BMW X-5” көлігінен айырылды.
Сонымен қатар айып тұрағына Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасында тоқтатылған көліктер қойылады. Олардың көбін жалған құжаттармен кіргізбекші болған, кейбіреуінің шанақтағы нөмірі қайта жазылған.
Кейде жерлестеріміз күрделі жол апатына түскен автомашиналардың қосалқы бөлшектерінен жиналған көліктерді сатып алып жатады. Оларды да жалған құжаттар бойынша сатады. Біз шетел көлігін сатып алар кезде автомобильдердің және агрегаттардың (vin-код, шанақ, қозғалтқыш, шасси және т.б.) сәйкестендіру нөмірлерін тіркеу құжаттарында көрсетілген мәліметтермен салыстыруға, шектеулер қойылғанын немесе қойылмағанын, жалпы тарихын тексеруге кеңес береміз.
Жеңіс ТЕМІРБЕКОВ,
облыстық полиция департаменті анықтау басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры.