«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙЫРТАУДАҒЫ ЖЕР ДАУЫ ШЕШІМІН ТАПҚАН СЫҢАЙЛЫ

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Бірлестік, Дәуқара, Егіндіағаш, Қарақамыс және Светлое ауылдарының тұрғындары өз жер үлестерін сеніп тапсырған “Жарқын СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің іс-әрекетіне байланысты шу көтергені мәлім. Олардың менің атыма жазған топтық арызын сол жер дауының ішінде жүрген журналист інілерім Ернұр Нұрғали мен Оңғар Алпысбайұлы әкеліп тапсырған еді. Мен оны Бас прокуратураға жолдаған болатынмын. Жақында Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Бағбан Тайымбетов қол қойған ресми жауапты алып, көңілім бір көтеріліп қалды.

“Жарқын СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) шартты жер үлестерін ұстаушылардың (пайшылар) өтініштерін қарау нәтижесі бойынша келесіні хабарлаймыз:
Жеке сот орындаушысы ЖШС-ден “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның пайдасына берешекті өндіріп алу бойынша атқарушылық іс жүргізу шеңберінде жер учаскесін сату рәсімін бастағаны анықталды.
Осылайша, аталған ЖШС-і өзі­нің 883 пайшысы тарапынан негізді наразылық тудырды. Өйткені, олар жер учаскесін сату нәтижесінде жалпы алаңы 31 мың гектар жер үлестерінен айырылып, тиісінше белгіленген дивидендтерді төлеуді талап ету құқығын жоғалтуы мүмкін еді.
Жоғарыда баяндалғанды еске­ре отырып, Айыртау ауданының прокуратурасы мен әкімдігі шаралар қолданып, сот органдарына жеке сот орындаушысының әрекетіне шағым жасау туралы өтініш беруге бастамашы болуы арқылы жер учаскесін сату рәсімі 03.02.2020 жылы тоқтатылды (Петропавл қаласының №2 сотының ұйғарымы).
Прокуратура мен аудан әкімдігінің бастамасымен 03.02.2020 жылы ЖШС-нің өкілдері мен пайшылардың қатысуымен жалпы жиналыс өткізілді, онда заңнаманың негізгі талаптары, оның ішінде өз құқықтарын сот тәртібімен қорғау тәртібі түсіндірілді (бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетілді).
05.02.2020 жылы пайшылардың өтініші бойынша Айыртау ауданының прокуратурасы “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-да жер учаскесін пайшылардың келісімінсіз кепілдеген кезде ЖШС-і тарапынан болған алаяқтық іс-әрекеттер фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша ЖШС-ге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Айыртау ауданының полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеуді жүргізуде. Тергеу барысы – облыс прокуратурасының бақылауында.
Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Айыртау ауданының прокуратурасы ауданның жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, ЖШС-нің бастамашылық тобына кейін жалпы жиналыстың хаттамаларын және жер учаскесін кепілге қою шартын жарамсыз деп тануға көмектесу үшін қажетті құжаттар мен материалдарды (соның ішінде сотқа дейінгі тергеу шеңберінде) жинауда.
Айыртау ауданы әкімінің есеп беру кездесуіне ЖШС-нің жаңа инвесторларының өкілдері қатысқанын қосымша хабарлаймыз.
Есептік кездесу өткізілгеннен кейін инвесторлар ЖШС-і қатысушыларымен және қызметкерлерімен кеңес өткізді, онда еңбекақы бойынша берешек толық өтелетіндігі және “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-дан пайшылардың жер үлесін сақтай отырып, жерді өтеуін төлеп алу бойынша жұмыстар жүргізілетіндігі атап көрсетілді.
11.02.2020 жылы инвесторлар 78 жұмысшының алдындағы жалақы бойынша 33,6 млн. теңге сомасындағы берешекті то­лық өтеді.
Анықтама ретінде: еңбекке ақы төлеуді бірнеше рет кідірту фактісі бойынша Айыртау ауданы ішкі істер бөлімінің өндірісінде Қылмыстық кодекстің 152-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс бар (еңбек заңнамасын бұзу). Қазіргі уақытта іс бойынша ЖШС-нің еңбекақыны уақтылы төлеу мүмкіндігі нақты болған-болмағандығын анықтау мақсатында бухгалтерлік сараптама тағайындалды” – деп хабарлады облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов.
Сонымен Айыртаудағы жер дауы прокуратура органдарының және аудан әкімдігінің араласуымен оң шешімін тапқан сыңайлы.

Кәрібай МҰСЫРМАН,
Парламент Мәжілісінің депутаты, “Nur Otan” партиясы фракциясының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp