«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙЫРТАУЛЫҚТАРДЫ ЖОЛ ЖАҒДАЙЫ АЛАҢДАТАДЫ

Осы күні облыс әкімі Айыртау ауданында да болды. Онда Ерік Сұлтанов әлеуметтік нысандарды аралап, бірқатар шаруашылықтардың жұмыстарымен танысты. Имантаулық ағайынмен жүздесіп, олардың сауалдарына жауап берді.

“Земля и птица” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі жұмыс барысымен танысқан соң Ерік Сұлтанов Имантау орта мектебінде де болды. Мектеп қабырғасынан ауылдық бүлдіршіндерге деп 2011 жылы шағын орталық та ашылған екен. Қазіргі таңда 65 бүлдіршін тәлім алады. Облыс әкімі бірқатар сыныптарды аралап, кітапхана, мұражай және акт залында болды. Кейін өңір жетекшісі мұнда жас шаңғышылармен кездесіп, мектепке спорттық құрал-жабдықтарды тарту етті.

Облыс әкімі Имантау ауылдық округінің әкімі Любовь Сердюктің тұрғындар алдындағы есепті кездесуіне қатысты. Басшы болған екі жыл ішінде округ әкімі ауылды абаттандыру, халықты таза ауызсумен қамтамасыз етуде біраз істер тындырған.  

– Кәсіпкерлер мен агроқұрылым басшыларының көмегінің арқасында Имантау ауылына жарық тарту мәселесі шешілді. Бүгінгі күні үш желі жұмыс істеп тұр. Биыл тағы демеушілердің көмегімен 20 бағана шамын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Тіршілік көзі мәселесіне келсек, өткен жылы Имантау ауылындағы су құбыры 8 шақырымға ұзартылды. Нәтижесінде 67 үй таза ауызсуға қосылды. Ал Жоғарғы Бұрлық ауылында бүгінде екі су таратқыш нысаны жұмыс істеп тұр, – деді округ әкімі Любовь Сердюк.

Есепті кездесуде сөз алған аудан әкімі Ағзам Тастеміров тұрғындарды 2014 жылы атқарылған шаруалардан құлағдар етті.

– Өткен жылдары 2420 адам жұмыспен қамтылды. 69 жағдайы төмен отбасыға 5 миллион теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді. Былтыр “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасына 470 адам қатысты. Бірінші бағыты бойынша 5 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асты. Ал ауданда орташа айлық 63990 теңгені құрады, – деді өз баяндамасында аудан басшысы.

Айыртаулықтар мал шаруашылығын дамытуға да қызығушылық танытуда. Бұл мақсатта агроқұрылым жетекшілері 1870 бас ірі қара сатып алуға өтінім беріпті.

– 2015 жылы 2 элеваторды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Олардың жалпы құны – 1 миллиард 70 миллион теңге. Тағы біреуі келер жылы пайдалануға берілетін болады. Мұнымен қоса бұрын Айыртау ауданында жақсы ірімшік зауыты болған. Биыл, міне, соның тамырына қан жүгіртуді жоспарлап отырмыз, – деді Ағзам Тастеміров.

Кездесуде тұрғындар облыс әкіміне сұрақтар қойды. Сауалдардың басым бөлігі жолдарға қатысты. Имантау ауылы арқылы өтетін Еленовка – Чистополье бағытындағы жол қашан жөнделетіндігі де сұралды.

– Автомобиль жолдары бойынша Айыртау ауданында әлі атқарылатын жұмыс көп. Естеріңізде болса, былтыр Елбасы сіздердің аудандарыңызға келгенде мен осы мәселені көтерген болатынмын. Жаңа технология бойынша жолдар салынады. Қазір дағдарыстың салдарынан бөлінетін қаражат көзі қысқарды. Сондықтан уақыт келгенде біз оны қалыпқа келтіретін боламыз, – деді Ерік Сұлтанов.

Жалпы биылғы жылы өңірде 300 шақырымнан астам жол жаңа технология бойынша жөнделмек.

Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp