«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙЫРТАУ АУДАНЫ МЕЖЕГЕ ЖАҚЫН

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Айыртау ауданында болып, көктемгі-дала жұмыстарының барысымен танысты, туризмді дамыту мәселесіне назар аударды.

Айыртау ауданының егістік алқабы 369 мың гектарды құрайды, оның 303 мың гектарына дәнді дақылдар отырғызу, 53 мың гектарына майлы дақылдар егу жоспарланған. Барлық алқаптың 32 мың гектары парға қалдырылған. Ауданда осы жұмыстармен айналысатын 50 ЖШС мен 170-тен астам ШҚ бар.

Әңгіме барысында Ерік Хамзаұлы егіншіліктен басқа мал шаруашылығы да мықтап қолға алынуы тиіс, себебі, бұл бағытта мемлекет тарапынан қолдау күшті екендігіне агроқұрылым басшыларының назарын аударды.

Биыл айыртаулықтар 47 бірлік жаңа техника сатып алыпты. Ауа райы қолайлы болса, егіс науқанын 5 маусым күні аяқтаймыз деп отыр.

– Егіншілік пен мал шаруашылығын қатар алып жүруге тырысып бағудамыз. Мал фермасында 500 ақбас сиырымыз бар. Оны көбейте түсуге ниеттіміз. Серіктестікке тиесілі 10 мың гектар жеріміз бар, оның 2 мыңын биыл парға қалдырдық. Дәнді дақылдармен қатар, майлы дақылдарды да сеуіп жатырмыз. Техника мен жұмыс күші жетерлік, – дейді “Златогорка фирмасы” серіктестігінің директоры Хамит Шуамақов.

Айыртау – өңірдегі табиғаты ең көркем аудан. Имантау көлінің маңайындағы табиғаттың сұлулығына көз тоймайды. Жыл санап мұнда келетін туристердің саны арта түсуде. Облыс әкімі “Солнечный ВИП” демалыс орнының жағдайымен танысты. Ол 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Демалыс орны мезгіл таңдамайды, яғни қысы-жазы келем деушілерге есігі ашық. Мұнда туристерге арналған ағаш үйлер бар. Қазір тағы да құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ең бастысы, демалыс орнында марал мүйізімен емделуге мүмкіндік бар. Бұғының мүйізінен жасалған дәрілер – қай дертке болсын шипа.

Ерік Хамзаұлы осы шипажайдың жанындағы “Ақбар” демалыс орнында да болды. “НПО Дортехника” ЖШС-нің және туристік кешеннің бас директоры Қазбек Хасеиновтің айтуына қарағанда, демалыс орны 2008 жылы ашылыпты. Мұнда демалыс үйлерінен басқа үлкен мейрамхана да жұмыс істеп тұр. Қызмет түрлерінің бағасы да қалта көтерерлік. Ең бастысы, орналасқан жері – әсем. Жаңа маусымның ашылуына демалыс орны қазірдің өзінде даяр. Ол күніне 200-дей адамды қабылдай алады.

Отандық туризмді дамыту – Елбасы қойған міндеттердің бірі екендігін атап көрсеткен өңір басшысы бұл бағытта Айыртау ауданы біршама оң істер тындырып жатқандығын, демалыс орындарына көршілес Ресей мен еліміздің басқа өңірлерінен келіп демалушылардың қатары жыл санап көбейе түскенін тілге тиек етіп, қызмет көрсетудің сапасын арттыра түсуді тапсырды.

Назерке ТҰРСЫНОВА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp