Жыл сайын Жаңа жылды қарсы алып жатқанда қай адам болса да, өзінің өткен өміріне бір шолу жасап, тындырған істерін бір түйіндеп алатыны сөзсіз. Әулетімізбен атамекенге қоныс аударып ғұмыр кешіп жатқанымызға да жиырма жылдан астам уақыт болды. Тарих үшiн бұл қас қағымдай ғана уақыт. Ал мен үшін өмірімдегі ең маңызды сәттер болғаны анық.
Қазақ елі Тәуелсіздік туын қолына алған 25 жылдың ішінде қаншама қиындықтар артта қалып, қаншама биік асулар алынды десеңізші?! Осы орайда Елбасымыздың шақыруымен сонау Қызылқұм даласынан көш тартып, ат басын қиян шеттегі, табиғаты қатал Қызылжар өңіріне тіреген ағайынның әрекеті ерлік деп білемін. Иә, туған жеріміз бен жұртымызды, ата-баба қабірін тастап келгендегі мақсатымыз – тарихи Отанымыздағы қалың елімізге, алтын ұя – бесігімізге, жұртқа қосылу еді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың шеттегі отандастарымызды атажұртқа шақырған үндеуіне құлақ асып, атамекенге оралуға бекіндім де баяғы Асанқайғы бабамызша жер таңдау мақсатымен жолға шықтым. Атақонысымыз Қызылорда облысының Қармақшы ауданы болғанымен, Қазақстанның бірсыпыра жерін асықпай аралап шығып, ақыры Қызылжар өңіріндегі Ақан сері бабамыз әсем әнімен әлдилеген, табиғаты ғажап Айыртау баурайына табан тіреуді жөн көрдім. Сөйтіп, 1996 жылы турист атаулының таңдайын қақтыратын атақты Шалқар көлінің жағасындағы Айыртау ауданына Өзбекстанның Бұқара облысындағы Тамды ауданынан отбасыммен бірге көшіп келдім. Ол кез мемлекеттік көші-қон бағдарламасы әлі қабылданбаған әрі елдегі экономикалық қиындықтар еңсерілмеген қиын уақыт еді. Бірақ мен “Шешінген судан тайынбас” дегендей, ешкімнен жәрдем күтіп, жалтақтап-жаутаңдамай, өмір бойы адал еңбегіммен тірнектеп жинаған азын-аулақ қаражатыма үй мен мал сатып алып, өз тірлігімді жасауға кірістім.
Ең қиынға соққаны – азаматтық алу үшін төрт жылдай сергелдеңге түскенім. Онсыз қолға алған ісімді заңды жолмен өрге бастыру мүмкін емес еді. Сондықтан Қазақстан азаматтығын алғанымда қуанғаным сондай, қанша қайсармын десем де, көзімнен қуаныш жасы қалай ыршып түскенін байқамай қалыппын. Сосын ойымда жүрген фермерлік шаруашылығымды тездетіп ресімдеп, оған өзім туып-өскен жерім – Тамдының атын бердім. Менің соңымнан осы Айыртау ауданына ағайын-туғандарымның 32 отбасысы түгел көшіп келді. Әр үйде төрт-бес бала болғандықтан, жергілікті орыс мектебінде қазақ сыныптарын аштырдық. Біздің осы жақтағы тұрмыс-тіршілігіміз түзелгенін естігеннен кейін Тамдыдан тағы 70-тен астам отбасысы лек-легімен біздің Айыртау ауданына қоныс аударды.
Бүгін өрісіміздің кеңейіп, шаруашылығымыздың да қанат жайғанын шүкіршілікпен айта аламын. Ел Тәуелсіздігімен бірге алға қарай қадам басып келе жатқан отбасылық шаруашылығымыздың арқасында жергілікті тұрғындармен етене араласып, жерге маңдай терімізді төгіп, сіңісіп кеттік.
2002 жылы Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен кәсіпкерлер форумында сөз сөйледім. Сөзімнің соңында сол жылдары елді толғандырып жүрген Өзбекстан – Қазақстан шекарасының мәселесі бейбіт жолмен шешілгеніне бауырларымның атынан ризашылығымды білдіргенімде Нұрсұлтан Назарбаев дән риза болып: “Жарайсың, оралманмын деп жарқырап тұрсың ғой!” – деп қолымды алып, арқамнан қаққаны маған соны серпін, тың жігер бергені сөзсіз.
Көптен жоспарлап жүрген ойым, Қызылжар өңіріне таңсық іс – ой-сылқара түлігін өсіру жөніндегі жобам қолдау тауып, 7 бас түйе малын 2006 жылы оңтүстіктен алып келдім. Мыңдаған жылдық тарихы бар шұбат өніміне жергілікті халықтың қызығушылығы түйе басын көбейтуге ықпал етті. Бүгінгі таңда менің басқаруымдағы “Тамды” фермерлік қожалығында отар қой, үйір түйе, жылқы және қара мал өсіріледі. Сонымен қатар, егіншілікпен де айналысып келеміз.
2014 жылы Қазақстан ұлттық телеарнасы түсірген “Тамды” шаруашылығы мен әулетіміз туралы “Береке түбі – бірлікте” деген бейнетаспа күн сайын теледидардан көрсетіліп жатты. 2015 жылы “Астана – орындалған арман” атты тележурнал түсірілімінің Шалқар көлінің жағасында қойылған бір бөліміне біздің отбасымыз өз үлесін қосты. Ел мәдениетінің дамуына тамшыдай болса да, өз үлесімізді қоса алғанымыз – біз үшін зор мақтаныш.
Жалпы, бүгінгі күні шеттен келген мыңдаған отбасы Солтүстік Қазақстан облысына қоныстанып, тірлік жасап жатыр. Сол ағайынның айтар алғысы, шын жүрегімен тілер тілегі бір, ол – Елбасының жүргізіп отырған саясатына деген ризашылық пен құрметі.
Болған жайды ой елегінен өткізген кезде, тәуелсіздіктен құнды ештеңе жоқ екенін түсіндім. Тәуелсіздіктің жемісі сол – еркін таңдау бар. Бұрынғы кездегідей емес, әр адам өз қалауынша өмір сүре алады. Еркіндігі бар ел еш уақытта жаман болмайды. Қазір барлық ауылдық жерлерде халықтың тұрмысы шүкір, жаман емес. Әркім өз тірлігін біліп жүрсе, елдің тыныштығы бұзылмайды. Қолынан іс келетін адам еш уақытта көштің соңында қалып қоймайды. Тек жасайтын ісін алдын ала ақылға салып, ойлап, екшеп алса, тәуекелге бел буып, жұмысын бастап кетуге болады.
Еліміздің келешекке ұмтылысын, жастардың жаңашылдығын, қай саланы алсақ та, серпінді даму үстінде жұмыстар жасалып жатқанының куәсі болып отырмыз. Бүгінде қолқанатым болып отырған ұлым Жомарт “Тамды” шаруа қожалығының меңгерушісі, үлкен қызым Жанат Астана қаласында тұрмыста, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Жамбылым жеке кәсіпкер болса, Жанар – Астана медицина университетін тамамдап, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша орталық аудандық ауруханаға келіп, қызметіне кірісті. Осының бәрі елдің бірлігі мен бейбіт өміріміздің арқасында жүзеге асып отыр.
Қазір әлем бір қиын кезеңде тұр. Кейбір елдерде қаншама қантөгіс соғыстар болуда, бала-шаға елден безіп қашып жатыр. Алла тағала елімізді сондай қиын жағдайлардан сақтасын.
Ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, ұрпақтарына мирас етіп кеткен, аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орынды еншілеген кең-байтақ жерімізге сырттан көз алартушы саясаткерсымақтар табылып жатқан қазіргі алмағайып заманда еліміздің іргесін әлі де бекіте түсу керек-ау деген ойға қаласың. Осындайда Тәуелсіздік туы қолына тиісімен, қилы заманда дүниежүзіне тарыдай шашырап кеткен отандастарымызды атажұртқа оралып, көк байрағымыздың астына жиналуға шақырған Елбасымыздың көрегендігіне мың мәрте риза боласың. Көкірегіңде сәулең болса, Президентіміздің Жарлығымен 1997 жылы Көкшетау мен Солтүстік Қазақстан, Семей мен Шығыс Қазақстан облыстары біріктіріліп, ірілендірілгендігінің дұрыстығына да еш шәк келтіре алмайсың. Солардың бәрі де ел мен жердің қамын жеген Ердің ғана қолынан келетін әрі бұғанасы бекіп, қабырғасы қатаймаған жас мемлекет үшін оңайға түспеген тарихи шешімдер болғандығы хақ.
Ұлтымыз өткен ғасырларда небір қиын да ауыр жағдайларды басынан өткергенін тарихтан білеміз. Халық аштықты да, әділетсіздікті де, сатқындықты да, өзгелердің қысымын да көрді. Сол қиыншылықтарға мойымаған халқымыз, бүгінде төзімді де дана халыққа айналды. Біздің ендігі мақсатымыз – қолдағы тәуелсіздігіміздің тұрақтылығын сақтау.
Жаңабай ПІРМАНОВ,
кәсіпкер.
Айыртау ауданы.