Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Ақан сері атындағы аудандық Мәдениет үйінде «Туған жерге тағзым» атты көшпелі семинар өтті. Оған аудан әкімі Бейбіт Исманов, зиялы қауым өкілдері, тәлімгерлер мен ардагерлер қатысты.
Ұлт көшбасшысы ұсынған бағдарламаның аясында ауданымыздағы тарихи, мәдени құндылықтарымыз ұлықталып, жандандыру жұмыстары жүргізілуде Жиналған қауым: «Айыртау – әсем де көз тартарлық, қайталанбас сұлу табиғатымен, қалың алқапты ормандарымен ерекшеленетін, ақиық ақындардың жырына арқау болған сұлу да бай өлкелердің бірі” десті. Төрелер тұқымы мекен еткен асыл аймақта маңдайалды ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері өмір сүрген. Қазақтың әншілік пен ақындық өнерін құстың қос қанатындай тең ұстап, үлкен атақ пен абыройға ие болған өнерпаздар Ақан сері, Үкілі Ыбырай мен Орынбай сынды бұлбұл әншілер Айыртау мекенін жырға қосты емес пе?! Осындай атақты ұлдар туған киелі жерде тарихи-мәдени ескерткіштер де аз емес. Бүгінгі күні Сырымбет жеріндегі Ш.Уәлихановқа арналған мұражай, Айғаным қонысы, халқымыздың бірлігінің өшпес өнегесіндей болған батырлар Қарасай және Ағынтайға арналған ескерткіштер өткен тарихымыздың куәсіндей бізге өткенімізден сыр шертеді. «Қарасай-Ағынтай» мемориалдық кешені және «Ботай» қонысы Қазақстанның салттық сипаты бар республикалық картасына енгізілді.
Жиын барысында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Қадыржан Әбуов жерлес ғалымның өмірі, ғылыми қызметі мен жеткен жетістіктері жайлы тың деректер келтірді. Ал, профессор Сәбит Жәмбек «Айыртау қаламгерлері» атты баяндамасында Ақан серінің өнерпаздық болмысы жайында кеңінен әңгімелеп берді. Жазушы Ғосман Төлеғұл «Мемлекеттік тіл саясатының өзекті мәселелері» тақырыбын қозғап, қазақ тілін дамыту жолында атқарылып жатқан маңызды жұмыстарға тоқталды.
Семинар барысында «Ботай» қорық-мұражайының қызметкері Жанат Сәбитов алғашқылардың бірі болып жылқы малын қолға үйреткен бабаларымыз жайында құнды деректерді атап өтсе, Дәуқара орта мектебінің мұғалімі Қасым Нұрғалиев «Айыртау – қасиетті мекен еді» атты өлеңін көпшілікке оқып берді.
Шара соңында Айыртау ауданының әкімдігі мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті арасында ынтымақтастықты нығайту жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Бағлан ҚОЖАҚОВ