«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙЫРТАУ ӘКІМІНЕ АУҚЫМДЫ МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЛДІ

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Айыртау ауданының активіне жаңа әкім Дархан Әміринді таныстырып, бұл қызметті екі жылдай атқарған Бейбіт Исмановтың атқарған жұмысына ризашылығын білдірді.

Қызылжар өңіріндегі табиғаты көркем, тарихы бай аймаққа әкім болу зор жауапкершілік жүктейді. Әсіресе, туризмді дамытуға зор басымдық берілген тұста атқарылар жұмыстың да ауқымы кең. Осыны тілге тиек еткен облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұған дейін атқарылған жұмыстарға тоқталды. 

 – Өткен үш жылда Айыртау ауданындағы жолдарды жөндеу үшін 8 млрд.теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаржыға 278 шақырым жол жөнделді. Бөлінген қаржы тиімді жұмсалып, белгіленген жоспарлар орындалды. Тәжірибесі мол Бейбіт Қайыркешұлының білімі мен білігін басқа салада пайдалану қажет деген шешім қабылдадым, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Экономикасы қарқынды дамып, халқының әлеуметтік деңгейі жақсарған, табиғаты сұлулығымен көз тартатын бұл ауданға назар ерекше екенін тілге тиек еткен өңір басшысы Дархан Әміриннің өзіне артылған жауапкершілікті адал атқаратынына сенім білдірді.
Дархан Өмірсерікұлы 1990 жылы Шал ақын ауданының Сергеевка қаласында дүниеге келген. 2011 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚУ-ді, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетті экономика мен бизнес бакалавры, экономика ғылымдарының магистрі мамандықтары бойынша бітірген. Әр жылдары Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігінде, «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамында еңбек етті. Осы тағайындауға дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Дархан Әмірин өзіне артылған сенімді ақтайтынын және аудан активімен бірлесіп тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуда талмай еңбек ететінін жеткізді.


Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Айыртау ауданы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp