Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тәртіп сақшылары мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларда болып, жағдайларымен танысты.
Бұл күні облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов бес отбасында болды. Солардың бірі үш бала тәрбиелеп отырған Петропавл қаласының тұрғындары Жәнібек пен Жұлдыз Қазиевтар. Жарасымды жұптың қыздары Айғаным есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатта білім алады. Екінші сыныпта оқитын Айғаным – алғыр оқушылардың бірі. Ол би билеп, түрлі түсті тастардан сәнді бұйымдар жасауды ұнатады. Білікті мамандардың арқасында сөйлеп үйреніп келе жатқан қыздарына тәртіп сақшыларының тамаша тарту жасағандарына ата-анасы дән риза.
– Қызымыз сыйлықтарға қуанып қалды. Оның жадырап күлгені – біз үшін бір қуаныш. Осындай шаралардың ұйымдастырушыларына ризамыз. Елімізде тыныштық болсын. Ұл-қыздарымыз ержетіп, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосуына ата-ана ретінде біз де атсалысамыз, – дейді көпбалалы ана Жұлдыз Қазиева.
Тәртіп сақшылары денсаулығы сыр берген балалардың әрқайсысының үйлеріне барып, біріне қоларба сыйласа, қалғандарына қажетті медициналық жабдықтармен қатар, мерекелік сыйлықтар үлестірді.
Тәртіп сақшылары жер үйде тұратын бірқатар аз қамтылған отбасыларға тегін отын мен көмір де жеткізіп берді. Зейнеткерлер мен еңбек ардагерлері де назардан тыс қалған жоқ. Көпке үлгі болар қайырымдылық шарасына аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері де қатысты.
(Өз тілшіміз).