Санамызды сүліктей сорған кеңестік идеология кезінде қазақи қалпымызды, өзгелерден ұлтымызды ажыратып, ерекшелендіріп тұратын салтымызды жоғалтып, қымбат құндылықтарымыздан адаса жаздағанымыз жасырын емес. Бөгденің бұғауында тірлік кешу мәдениетімізге, әдебиетімізге, салт-дәстүрімізге және ырым-тыйымдарымызға, тіпті, есімдеріміздің сары майдай қалпын сақтауға теріс әсерін тигізбей қоймады. Түсінік-танымымызға, ұлттық бояуымызға түсі де, түрі де жат, естіген құлаққа оғаш Совет, Октябрь, Маршал, Генерал, Депутат, Майор, Колхозбай, Совхозбектер аз болған жоқ. Құлаққа майда, жағымды естілетін әдемі Әсел есімінің – Асель, Жабайдың – Джабай, Еріктің – Эрик, Мөлдірдің – Молдир, Мулдр, Малдир болып талай төлқұжаттардың бетінде мың бұрала “билеуі” жанымызға жара салды. Бұл есімдер кеңес өкіметі орнап, Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін тамырын бекітіп алған пәлекет еді.
Еліміз еңселі егемендікке қол жеткізіп, етек-жеңін жинап, өзге елдермен терезесі теңелген тұста кезінде ажыраудың сәл-ақ алдында тұрған игі дәстүрлеріміз арамызға қайта орала бастады. Құдайға шүкір, жаны да, рухы да үстем қазақтың қыз-жігіттері көбейіп, қатарымыз қалыңдап келеді. Ұлттығымыздың көркем үлгісін айғақтайтын дәстүрлеріміз жаңғыруда. Солардың бірі ежелден санамызда қалыптасып, тіршілігімізге енген балаға ат қоюда бетбұрыс бар. Өмір есігін жаңа ашқан қызына – нар қазақтың кешегі бұрымдарын бес күн тарап, он күн өрген ибалы да инабатты Айғаным, Зере, Айша, Ұлпан, ұлына дүйім жұрттың мақтанышы, ержүрек, беделдері бес атанға салмақ болған Жанарыс, Бекарыс, Ерасыл сынды аттарды еншілеп, азан шақырып қоятын ата-аналар көбейіп келеді. Естігенде еміреніп, құрақ ұша қуанасың. Әлгі игі ниетпен қойған балапандарының есімдерінің соңына “ова” немесе “ева” қосымшаларын емес, керісінше, “тегі”, “қызы”, “ұлы” сөздерін қосарлап жазатындар да көп. Отбасымызбен етене араласатын досымыздың қызы өмірге келіп, бақытты болсын деген ниетпен Бағашқан атағанда есімінің әдемілігіне таңдай қағып, таңданыстық.
Осы мәселенің өңіріміздегі ахуалын анықтағанды жөн көріп, облыстық әділет департаментіне хабарласқанымызда ондағы мамандар да бізді жақсы жаңалықпен сүйіндірді. Олардың айтуынша, үстіміздегі жылы 5112 сәби дүние есігін ашқан. Олардың көбі қазақтың батыр хандары Әбілмансұр, Керей, Шыңғыс есімдерін иеленсе, қызғалдақтай қыздарын Айару, Еркеназ, Сандуғаш деп атағандардың қатары қалың. Адамзатты адалдыққа үндейтін ислам дініндегі жүз он төрт сүренің бірі – “Ясин” сүресінің атауын иеленген сәби де кездесті.
Солардың бірі – тұңғыштарының есімін Керей қойған Петропавл қаласының тұрғындары, ерлі-зайыпты Ақмаржан мен Бекболат.
– Алла қалап, өмір есігін ашқан ұлымыздың есімін Керей деп атасы мен әжесі қойды. Біз де бұл атауға қарсылық танытпадық. Шу, Талас өңірінде Қазақ хандығын құрған бірегей тұлға, ардақты бабамыздың атын иемденгенімізге қуандық. Ұлымыз болашақта қазақтың ханындай қадірлі әрі ұлы болсын деген ниетпен азан шақырдық. Алла берсе, болашақта өмір есігін ашатын балапандарымызға осы игі дәстүрді жалғап, жақсы есім қоюды ниет етіп жүрміз. Өйткені, қойылған есімнің бала өміріне тікелей әсер ететінін терең түсінеміз, – дейді жас жұбайлар.
Қалайша сүйсінбеске?! Елі үшін басын бәйгеге тіккен батырларымыздың, хандарымыздың, бабаларымыздың есімдері тарих бедерінде ғана қалып қоймай, уақыт жүйткіп, замана алмасқан сайын жаңа ұрпақтың, жас қазақтың өмірінде жарқын көрініс тауып жатса, егемендіктің берген жүз нығметінің бірі сол емес пе?!
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.