
Шайбалы хоккейден ашық ел біріншілігі аясында жергілікті “Qulager” командасы өз алаңында елордалық “Astana” клубымен кездесті.
Өткен жылдың желтоқсан айында қос команда арасында өткен соңғы кездесуде жерлестеріміз айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын. Спорт сарайындағы кездесу де сол сценаримен өтті. Ойын басталысымен командалар бірден өткір шабуылдарға көшті. Кездесу барысында Федор Хорошев, Евгений Попитич, Кирилл Власов, Денис Стасюк мергендік танытса, Дамир Рамазанов дубль авторы атанды. Есеп – 6:3.
Қарымта ойында қызылжарлық Федор Хорошев есепті ашса, сәлден соң әріптесі Денис Стасюк таблодағы есепті еселей түсті. Тартысты өткен екінші кезеңде Станислав Логинов пен Ильгиз Нуриев мергендік танытса, Денис Стасюк дубль орындады. Қонақтар тарапынан тек Дмитрий Пушкарев қақпашымыздан айласын асыра алды. Ал соңғы кезеңде Даниил Ищенко елордалық қақпашының қорғанысынан саңылау тапты. Соңғы кезеңнің аяқталуына бірер минут қалған кезде қызылжарлық Евгений Попитич кездесудің соңғы нүктесін қойды. Есеп – 7:1.
Қоржынында 91 ұпайы бар қызылжарлық “Qulager” хоккей клубы турнир кестесінде алтыншы орында келеді. Жерлестеріміздің келесі қарсыласы – турнир кестесінде бесінші орында келе жатқан “Altaі Тorpedo” командасы.