«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Айқын жол нұсқаған

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының акт залында “Тәуелсіз еліміздің қалыптасуындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі” тақырыбында алқалы жиын өтті. Тұңғыш Президент күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл шараға облыс орталығындағы ірі бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, қоғам белсенділері мен жастар өкілдері қатысты.

– Ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманы 1991 жылғы 1 желтоқсанда бірауыздан Мемлекет басшысы болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен іске асты. Тәуелсіздіктің ширек ғасыры ішінде республика Президентінің жетекшілігімен елімізде кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықты жарқын істерге жұмылдыру, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық және өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты. Елбасының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз саяси және әлеуметтік-экономикалық сілкіністерге ұшырамай, дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтарды еңсеріп, ілгерілеу мен өркендеу жолына шықты. Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесін бүкіл қазақстандықтар ерекше жағдайда атап өтпек, – деді “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов.

Төрағасы Мемлекет басшысы болып табылатын, елімізде он жеті жыл бойы Елбасының айқындап берген міндеттерін жүзеге асыруда өзінің сан қырлы қызметімен ел сеніміне ие болған “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының құрамында алты жарым мыңнан астам мүше бар.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың cындарлы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Қазақстанның шынайы егемендігін қамтамасыз еткен маңызды мемлекеттік актілерге қол қойылды. Мәселен, 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығы шықты. Ядролық қарусыз әлемге қарай қадам басқан жаһандық қозғалыстардың бірден-бір бастауы осындай Президент шешімінен туындаған еді, – деді “Қызылжар су” ЖШС-і бастауыш партия ұйымының мүшесі, “Дуслык” татар-башқұрт этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Фанис Литфуллин.

“ЗИКСТО” акционерлік қоғамында көп жылдар бойы еңбек еткен Виталий Бакутин Мемлекет басшысының Петропавл қаласына келген жұмыс бабындағы сапары барысында кездесуден алған әсерімен бөліссе, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары іргесі қаланған “Радуга” ЖШС-і бастауыш партия ұйымының төрағасы Максим Большедворов кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған зор қолдаудың нәтижесінде өз ұжымының еліміздегі ірі кәсіпорындардың біріне айналғанын тілге тиек етті. Петропавл ауыр машина жасау зауытының инженері Марат Ахметов Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан индустриялық-инновациялық бағдарламаның нәтижесінде ұжымының қол жеткізген табыстарын айта келіп, жұмысшы жастардың еліміздің жарқын болашағы жолында аянбай еңбек ететінін мәлімдеді.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp