Шығармашылық еркіндік шын ғалымның жұлдызын жарқыратып, жасампаз қабілет-қарымын шырқау биікке шығаратынын қапысыз дәлелдеген қазақстандық тұлға һәм құбылыс – академик Манаш Қозыбаев. Азаттық тұсындағы 10 жыл 2 ай ғана ғұмыры ішінде Манаш аға оқырманның тарихи санасын жаңаша қалыптастырған, бұрын-соңды беймәлім деректер мен құжаттарға сүйенген, “ақтаңдақтар” ақиқатын ашқан ондаған монографиялар, жүздеген мақалалар жариялады. Әрқайсы тарихнамалық, деректанулық, эпистемологиялық, теориялық-методологиялық тұрғыдан арнайы талдау нысанына айналуға лайық. Осылардың ішінен 1999 жылы “Отан тарихы” журналының №4 санында жарияланған “Қазақстанның ХХ ғ. тарихын зерделеу проблемалары” мақаласын академиктің ХХІ ғасыр тарихшыларына қалдырған аманаты десек, еш артықтығы жоқ.
Бұлай дейтін себебіміз, біріншіден, мақалада кеңестік-идеологиялық қысыммен тарихи ақиқаттан алшақ, таптық, партиялық ойлаумен құрастырылған, империялық өктемдікті жақтайтын жалған мифтерді жою міндеті күн тәртібіне қойылған. Содан бері 20 жылға жуық уақыт өтсе де, академиктің аманаты, діттеген межесіне жетпегендіктен, өзектілігін жойған жоқ. Екіншіден, 1989 жылы қазақ қоғамын дүр сілкіндірген “Ермак: аңыз және ақиқат” атты зерттеуі жарық көргеннен 2002 жылы дүниеден озғанша Манаш аға ұлттық тарихымызды мифтерден арылтуға “күндіз отырмастан, түнде ұйықтамастан” қызмет етті, боламын деген жанға бағыт сілтеді. Тап осы 1989 жылы әлемдік тарихта орны бар бетбұрысты оқиғалармен: Берлин қабырғасының құлауымен, социалистік лагерьдің ыдырауымен қазақ даласына азаттық елесі мен рухы оралды. 1990 жылы “Казахстанская правда” газетінің үш санында жарияланған мақаласына “Истина и мифы” деп тақырып беруі әсте кездейсоқтық емес. Үшіншіден, М. Қозыбаев әшкерелеген мифтер қатары жаңаларымен толығуда. Мәселен, қазақ қазақ болып қалыптаспаған ғасырлардағы қытайдың ақынын, моңғолдың билеушісін қазақ халқының перзенті ретінде “дәлелдеген” қалың-қалың зерттеулер жарық көрді. Демек, мифтермен күресуге шақырған аманат аманат мәртебесімен сақталуда.
Енді мақалаға оралайық. Еңбекте сегіз мифке арнайы тоқталған. Олар:
1. Қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының статусын төмендетіп, қазақ сахарасында пролетариат қозғалысының статусын әсірелеу мифі.
2. Қазақстан тарихында қазақ халқының Ресейдің құрамына енуінің прогрессивтік маңызын әсірелеу мифі.
3. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын большевиктік арнада әсірелеу мифі.
4. Әдебиетте 1917 жылғы ақпан революциясының болмысын тұқыртып, оның жасаған жақсылық ісін жасырып, кемшілігін асырып, қазан революциясымен шендестіру, қарама-қарсы қою мифі.
5. Қазан төңкерісінің заңдылығы туралы миф.
6. Ұлт мүддесін қорғаған қайраткерлерге, кейін барша халыққа ұлтшылдық айдарын тағу мифі.
7. Қазақ кеңестік мемлекеттік статусты әсірелеу мифі.
8. Бұрынғы одақтың, одан қалды Қазақстанның 70-80-ші жылдардағы дамуы туралы қарама-қарсы миф.
Бұлардан басқа И.Сталин туралы, Ұлы Отан соғысының сипаты туралы, Ұлы Жеңістің қозғаушы күштері туралы, соғыс шығыны туралы төрт мифке талдау жасалған. Осынау талас проблемалар Қазақстан мысалдары негізінде ғана емес, бүкіл Кеңес одағы тарихымен байланысты қарастырылды. Өйткені, Жеңістің 55 жылдығы жақындап келе жатты.
Мақала Қазақстанның ХХ ғасырдағы тарихына арналғанмен хронологиялық ауқымы мен мазмұны бойынша XVIII-XIX, тіпті, XV ғасырларға дейін қамтып жатыр. Мәселен, 1-ші мифке қарсы шыққанда алға тартқан уәжі: “Шын мәнінде, ұлт қозғалысы жұмысшы қозғалысы жоқ кезде қазақ Ресейге бодан болған күннен бастап туындады… Шет аймақтарды XVI ғ. екінші жартысынан жаулап, оны жегідей жеп, метрополия мүддесіне пайдаланған Ресейде орыс халқы отаршылық жүйесіне, жаугершілікке қатысты, отар елден түскен байлыққа кенелді, империялық рухта тәрбиеленді” деген ойлармен өріліп, оқырманды Көшім хан заманына алып кетеді. Азаттық үшін күрестің хронологиялық ауқымын кеңейткені кеше де, ертең де теориялық-методологиялық әлеуеті зор күйінде қала бермек.
Қазақ хандығындағы қиыншылықтар мен қайшылықтар Ресейге бодандықты қабылдауға итермелегенін, Ресей құрамына ену қазақ халқына тек прогрессивті емес, регрессивті де нәтижелер әкелгенін кесек-кесек айғақ-дәлелмен көрсетуі 2-ші мифтің жалғандығын дәйектейді. Осы орайда автор “дәрменсіздік”, “амалсыздық”, “мәжбүрлік” терминдерін бірнеше қайта қолданған. Ал “қазақ халқының күштеп шоқындырылуы, азаматтық правосының шектелуі, ұлттың рухын жаншуы, қазақ жерін бөлшектеп, ұлт территориясын орыс әкімшілік жүйесіне қосып, ыдыратуы, мұсылман қозғалысы, ұлт-азаттық күресінің үзілмей келген арқауы – бостандық, тәуелсіздік, ұлт болмысын сақтау, өркениетті елдер деңгейінде даму жолында ұлттық дискриминациядан, геноцид саясатынан құтылу жолы сияқты проблемалар ата тарихынан тыс қалды, не көмескі айтылды”, деген өткір пайым-тұжырымы ұлттық тарихнамамыздың болашағын болжаған батылдық әрі ғалымдарға жүктеген аманаты.
3-ші миф 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тарихы мен тағылымын большевиктік бұрмалаумен дүниеге келді. Кеңестік тарихнама ұлы сілкіністі саясаттанған тұрғыдан зерделеуден жаңылмады: большевизм ықпалын дәріптеді, алашшылар сатқын ретінде бағаланды, ұлтаралық қатынастың ушыққаны, патша үкіметінің геноцид саясаты “ақтаңдақ” күйде қала берді. “Шын мәнінде, – дейді М. Қозыбаев, – 1916 жыл ХХ ғасыр басында қазақ халқының саяси тәуелсіздік пен ұлттық мемлекеттігі үшін күрестің бір белесі болды. Көтеріліс басында ел сайлаған хандар, әскери жасақтардың басында ел сайлаған сардарбектер тұрды, салық жинау жүйесі қалыптасты, хан кеңесі жұмыс істеді, басқа мемлекеттермен елшілік арқылы байланыс жүргізілді”.
Мақалада жергілікті халық пен келісімсектер арасында қантөгіс шайқастар жүргені, ұлыдержавалық шовинизм жаңа белеске көтерілгені, қазақ сахарасы “от жалынға шарпылған жер мен ел” қасіретіне ұрынғаны баса көрсетілген.
Келесі миф 1917 жылғы ақпан революциясының Қазақстан тарихындағы орны мен маңызына қатысты. М.Қозыбаев қазақ даласына революция әкелген жеті жақсылықты қадап-қадап көрсетеді. Оның төртеуі (жазалаушы отрядтардың кейін шақырылып алынуы, көтеріліске қатысқан қазақ азаматтарына кеңшілік жариялануы, босқын қазақтардың елге оралуы, шабылған қазақ отбасыларына мемлекеттік көмек көрсетілуі) 1916 жылғы оқиғалармен астасып жатты. Қалған үшеуі Алаш қозғалысымен, зиялы қауым тарихымен, демократиялық үдеріспен байланысты. Кеңестік тарихнамада 1917 жылғы буржуазиялық-демократиялық революция жартыкеш, шала туған, пайдасынан зияны басым оқиға мәртебесімен бағаланатын. Қайта бірінші орыс революциясына жағымды басымдық беретін. Академик ағамыз тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді аманаттады. Біздің ойымызша, ақпан революциясының себебі мен салдарын дұрыс тиянақтау ғана ғасырлар тоғысындағы Қазақстан тарихын тарқата талдауға мүмкіндік береді.
Бесінші миф – қазан революциясының заңдылығы – большевиктер өктемдігімен түзілді. 1917 жылы Ресей жұмысшы табы елдегі саяси билікті қолына алуға даяр емес еді деген Г.В.Плехановтың пікіріне қосылған М.Қозыбаев социализм қазақ даласына жоғарыдан қондырылды деп қорытындылады. Әкелген нәтижесі де жан шошытарлық болып шықты: “қазақ ұлтын қансыратты”.
Иә, социалистік революцияның қазақтарға жат, түсініксіз құбылыс екені рас. Соны кемел ғылыми ізденіспен дәйектейтін уақыт келді. Мақсатқа жету үшін бірінші кезекте Алаш партиясының, Алаш Орда үкіметінің, Түркістан мұхтариятының жеңілу себептерін ашу керек. Қалың бұқараның, ұлт зиялылары мен буржуазиясының миссиясындағы және өзара ықпалдастығындағы қайшылықтарды, кемшіліктерді, жаңсақтықтарды дөп басып табу алдағы күндердің еншісінде. Ең бастысы – социалистік революцияны заңдылық, заңды құбылыс ретінде дәлелдеуге мәжбүрленген тарихшылар қауымы бүкіл социалистік құрылыстың тарихын тоталитарлық өктемдік тұжырымдамасы аясында жазбасқа шамасы қалмады. Миллиондардың өмірін жалмаған ашаршылық, азық-түлік тапшылығы деген, қазақтардың ана тілін ұмыта бастауы халықтардың жақындасуы деген жылтыр сөздермен рәсімделді. Қансыраған қазақ халқын еш қымсынбастан социализм бақытына бөленген халық деумен ақиқаттан алшақ пайым санаға тықпаланды. Ендеше, Қозыбаев көрсеткен бағытпен жүріп, дұрыс жол таба білу – бізге серт.
6-шы мифті жою – қазақтың ұлттық болмысын қалпына келтіру деген сөз. Ол мемлекеттік тілді шын мағынасында мемлекеттік деңгейге көтерумен, рушылдық, жершілдік, жемқорлық тәрізді кереғарлықтарды санадан, іс-әрекеттен ығыстырумен, Қазақстан халқының бірлігін және бірегейлігін нығайтумен қалыптасады. Тап қазір ұлттық тарихнамада М.Қозыбаев бекерлеген ұлтшылдықпен айыптау жоқ. Есесіне ұлтсыздық көзге түсуде.
“Алтау ала болса, ауыздағы кетедi”, деген екен бабаларымыз. Ал ондайлар алтаудан да көп болғандықтан, жерiмiздiң асты-үстiндегi байлық шетел асып, қулығы мен сұмдығын асырғандардың қанжығасына байланғаны айтудай-ақ айтылды. Бұл – бiр. Екiншiден, этностың өз iшiндегi ала-құлалық ұлттың, мемлекеттiлiктiң болашағына қатер туғызбай қоймайды. Алғашқыда ұлттық тұтастықтан, сонсоң мемлекетiнен айрылудың әкелер қасiретiн – бек ұлдардың құл болатынын, пәк қыздардың күң болатынын осыдан ХІІІ ғасыр бұрын Күлтегiн тасына қашап жазған байырғы түркiлердiң даналығына қалайша бас имейсiз. Кеңестiк жылдары Күлтегiндей дананың айтқаны басымыздан өткенi рас қой. Ендеше, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Қазақтың сана-сезiмi өткендегi, қазiргi және болашақтағы – тарихтың толқынында өзiнiң ұлттық “МЕН” дегiзерлiк қасиетiн түсiнуге тұңғыш рет ендi ғана мүмкiндiк алып отыр… Бiрақ бұл мүмкiндiк қана: ол шындыққа, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактiге айналуы қажет”, – деп жазуында өмiрлiк мәнi бар шындық жатыр.
Тарихнамадағы 7-ші мифтің туу себебін М.Қозыбаев кеңестік Қазақ автономиясының құрылуынан, шашылған қазақ жерінің жиналғанынан көреді. Бірақ ұлттық мемлекет құрылмады. Академиктің пайымдауынша, кеңес өкіметі ұлт мәселесінде жарты жолда тоқтады, территориялық ұлттық автономия, кейін одақтас республика құрды, бірақ ол декаративті мемлекеттік құрылым дәрежесінде қалды.
Кеңестік Қазақ мемлекетінің “қуыршақ мемлекет” мәртебесімен өмір сүргенін тәуелсіздік тұсындағы мемлекет құрылысы тәжірибесін, басқа да үдерістерді алға тартумен тиянақтаған жөн шығар. Бәрі салыстырумен танылады. Мәселен, Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде адам құқына байланысты 60 халықаралық-құқықтық акт Қазақстанда ратификацияланыпты, адам құқығы мен бостандығы бойынша 78 заң қабылданыпты. Біздің еліміз 8 мың-нан астам халықаралық келісімдерді бекітіпті, 70-тен астам халықаралық ұйымдарға мүшелікке кіріпті. Кеңестік дәуірде бұлар түсімізге де кірген емес. Демек, 7-ші мифті әшкерелеу жалғасын табуы керек.
8-ші екі миф бірін-бірі жоққа шығарады. М. Қозыбаев айтқандай, “бірі – бұл жылдарды шарықтау кезеңі десе, екіншісі – тоқырау кезеңі дегенді айтады. Бұл тартыс принципке негізделген. Егер біз бірінші мифті қостасақ, Кеңес өкіметінің құлауы кездейсоқтық болуын мойындаймыз. Ал екінші миф тарихи процесті толығымен аша алмайды, шындықты бұрмалайды”.
Өкініштісі – ұлттық тарихнамада екеуі де өмір сүріп келеді. Түптеп келгенде, соңғы екі мифке байланған “ақтаңдақтарды” жою ғылыми таным үшін, әсіресе, “Қазақстан – 2050” Стратегиясын, “Ұлт жоспары: 100 нақты қадам” іс-шаралар дес-тесін, “Мәңгілік Ел” ұлттық идеясын жүзеге асыру үшін ауадай қажет.
М.Қозыбаев тарихшы-ғалым ретінде ғасыр жүгін арқалаған азамат еді. Академиктің аманаты ХХІ ғасыр тарихшыларының мойнында. Ұрпақтар мен идеялар сабақтастығы үзілмеуі керек. Мұнсыз даму жоқ.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі.