Адамзат тарихындағы ұлы ой саңлақтары Гегель мен Канттың ілімдерімен сусындап, Қаныш Сәтбаев, Салық Зиманов, Шафиғ Шокин, Сақтаған Бәйішев сынды ғұламалардан дәріс алып, диалектикалық логика саласында қазақ ғылымының қазығын қаққан Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы Жабайхан Әбділдин – ойтаным, дүниеауи толғамдар мен ақыл-пайымдар әлеміндегі дүниежүзілік деңгейдегі ірі тұлға. Жақында журналист-жазушы Жарасбай Сүлейменов танымал ойшыл, ғибратты ұстазбен сұхбатқа құрылған «Өмір-өзен» деп аталатын кітабын баспаға тапсырды. Бұл танымдық еңбекте Жабайхан Мүбаракұлының Қазақстанда философия ғылымының қалыптасып, дамуы, қазақ ғылымы мен мәдениетінің дара тұлғалары Мұхтар Әуезовпен, Сәбит Мұқановпен, Әлкей Марғұланмен, Ермахан Бекмахановпен жүздесулері, Ұлы Даланың Мәңгілік Ел болуға ұмтылысы туралы ой-толғамдары, Тәуелсіздік ризығы, сол арқылы еліміздің көксеген болашағы жайында тағылымды ой түйіндеулері аса тартымды әңгімелердің желісін тартады. Бүгін назарларыңызға осы кітаптан үзінді ұсынып отырмыз.
– Жабайхан Мүбаракұлы, жаhандану кезіндегі ұлттық идеяны қалыптастыру мәселесінің еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қызу талқыланып келе жатқаны ғылыми ортаға, зиялы қауым өкілдеріне-жақсы мәлім. Бұл мәселенің өзектілігін жоққа шығармағанмен, зиялы қауым өкілдерінің ой-пікірлері әр кез бір арнада тоғыса бермейтіні жасырын емес. Мәселен, кейбіреулер мемлекетіміздің болашақ даму бағытына қатысты ұлттық идея мен мемлекеттік идеология қандай болуы тиіс деген сауалдың жауабын кеңестік заманда ұмыт болған дәстүрлі мәдени құндылықтарды қайта жаңғырту арқылы табамыз десе, енді біреулер жолымызды батыс құндылықтары ашады деген ойды алға тартады. Басқа да ойлардың жетегінде жүргендер аз емес. Осы жайында сіз не ойлайсыз? Тәуелсіздік жолын таңдаған біздің елімізге де дәл осы кезде болашақтың жарқын жолын анықтайтын ұлттық идея қажет дегенге қалай қарайсыз?
– Бұл сұраққа жауап беру үшін біз алдымен ұлттық идеяның табиғатын түсініп алуымыз керек. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ұлт бар жерде ол да бар. Ұлтпен бірге өмір сүреді, жойылмайды, құбылып өзгермейді. Менің түсінігімде ұлттық идея табиғи түрде пайда болады. Ол – ұлттың өмір сүруі, тілегі, ниеті, ойы.
Идея дегенді көпшілік халық дұрыс түсінбейді. Идея деген бір адамның ойынан шығаратын нәрсе емес. Бір субъективті ой емес ол. Идея деген – өте күрделі ой. Мысалы, өмірде түрлі қайшылықтар болады. Қайшылық деген жаман нәрсе емес, одан қорқуға болмайды. Ол дамыған елде, дамыған ғылымда міндетті түрде болатын жағдай. Сол сияқты проблемалар туындап жатады. Сол қайшылықтарды, проблемаларды қалай шешу керек, қалай алға жылжу керек деген сауалдарға жауап беретін күрделі ой.
– Сізді дұрыс түсінсем, ұлттық идея дегеніміз, жай ғана ойлап табуға болмайтын, небір күрделі кезеңдерде халықтың бар күш-жігерін ортақ мақсатқа жұмылдыратын, әлеуметтің тұтастығын қамтамасыз ететін күш сияқты ма, қалай? Дәл қазір ол біздің елімізге қаншалықты қажет?
– Бұл сауалыңның астарында не тұрғанын түсініп отырмын. Еліміз тәуелсіздік алды, жедел қарқынмен дамып, өсіп-өркендеп келе жатыр, әлемге танылды, ешқандай қайшылықтар байқалмайды дегің келеді ғой. Өтпелі кезеңді бастан кешіріп, әлемдік өркениеттік қауымдастықтан өз орнын табуға ұмтылып отырған біздің еліміз үшін ұлттық идея ауадай қажет. Өйткені, өмір бір орнында тұрмайды. Уақыт бізге де тосын сынақтарын ұсынуда. Олардан сүрінбей өтіп, тәуелсіздігімізді барынша нығайтуымыз, болашағымызға сенімді болуымыз керек. Бұл мәселенің тамыры өте тереңде жатыр. Сондықтан оның мәнін тереңірек түсіну үшін осы арада сәл шегініс жасағанымыз дұрыс болады.
Жоғарыда әр халықтың, әр елдің тарихында қоғамды алға сүйрейтін, небір қиындықтардан аман алып шығатын үлкен-үлкен ұлттық идеялар болатынын айттым ғой. Бұл арада идея дегенді ұлтты ұлы мақсаттарға жұмылдыратын ұлы мақсат деп түсінуге де болады. Әрине, ол идеялар өзінен-өзі пайда болмайды. Қалыптасқан жағдайға қарай идеяларды өмірге тұлғалар әкеледі. Біздің тарихымызда ондай тұлғалар көп болған жоқ. Шамамен соңғы үш жүз жылға жуық уақытты алатын болсақ, алдымен ауызға Абылай хан оралады. Ол Қазақ елін тура келген апаттан құтқарып қалды. Тарихтан жақсы білеміз, сол кезде қазақтың тағдыры қыл үстінде тұрды. Қытай мен қазақтың ортасында пайда болған Жоңғар мемлекеті біздің жерімізге көз алартты. Бұған не себеп болды? Олардың өмір сүру жағдайы бізге ұқсас еді, олар да біз сияқты малмен күн көрген халық. Демек, оларға жер керек болды. XVIII ғасырдың басында, Қалдан Серен уақытында Жоңғар мемлекеті шетелдермен байланысын нығайтып, қарулана бастады, үлкен-үлкен зеңбіректерге, басқа да от шашатын қару-жарақтарға ие болды. Мұның аяғы жоңғарлардың қазақ жеріне баса-көктеп кіруіне ұласты. Жоңғарлар қазақты оңтүстікке қарай түре қуып, біраз жерімізді басып алды. Осылай қазақтың басына қайғы бұлты үйірілді. Халықтың осы күнге дейін есінен кетпейтін «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» басталды. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген өлең де елінен, жерінен айрылып, зарлап қалған қазақтың басындағы қиын жағдайды бейнелейді. Қазақ халқының басына Гамлет төтесінен қойғандай, «Боламыз ба, болмаймыз ба?» деген күн туды. Өз алдына мемлекетіміз бола ма, жеріміз, еліміз сақталып қала ма, қайтсек халық болып, ел болып өмір сүреміз деген сауал мазалады сол уақытта қазақты. Міне, нақ осы кезде Абылай хан қазақ халқын бір тудың астына жинап, жауға төтеп беруді ұйымдастырып, соған басшы болды.
Рас, қазақ Абылай ханға дейін де талай шайқасты бастан өткерген, жеңген, жеңілген. Абылай ханды осындай алашапқын өмірден қалай құтыламыз, қашан іргесі бүтін ел боламыз деген ой мазалады. Ол үшін қазақты бір мақсатқа жұмылдыру керек болды. Абылай хан жоңғарлармен шайқасты ұлттық мақсат, ұлттық идея деп түсінді. Және ең бастысы – оған халық сенді, соңына ерді. Сөйтіп, шапқыншыларға тойтарыс берді. Ақыры, жоңғарлар біздің елдің аумағынан кетуге мәжбүр болды.
Қазақ даласында «Қалмақ қырған», «Қалмақ қашқан» деген сияқты жер-су аттары толып жатыр. Осының бәрін ұйымдастырып, ел тәуелсіздігі жолындағы күрестің басында болғаны үшін біз Абылай ханды ерекше қастерлейміз. Қазақтың тарихында небір керемет хандар болған. Бірақ олардан Абылайдың шоқтығы биік. Неге? Ол ел басына күн туып, ұлт тағдыры қыл үстінде тұрған өте қиын заманда ұлтазаттық идеясын алға тартып, соны халықтың өз қолдауымен жүзеге асырды. Халықтың сол кезде ерік-жігерінің жоғары болғаны соншалық, Қытайдың өзіне бет қаратпады.
Абылай хан ел тарихындағы теңдессіз тұлға дегенде, ең алдымен, біз осыны айтамыз. Екінші – Абылай ханның тұсында қазақтың жері адам айтқысыз кеңейді. Нақ сол кезде Ташкентің де, Бұқараң да, мына Қытайдағы қазақтар тұратын жердің барлығы Абылайға қарады. Үшінші – оның толағай тұлға ретіндегі, ұйымдастырушы ретіндегі бір ерекшелігі – ол уақытта қазақ халқының тарихындағы ең белгілі толып жатқан батырлар шықты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жуков, Рокоссовский, Конев, Баграмян сияқты батырлар шықты ғой, сол сияқты Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек, Баян батыр, Олжабай батыр, Малайсары батыр, Жасыбай, тағы басқа көптеген батырлар ел қорғанына, ерліктің ұранына айналды. Тағы да оның тұлғалық бір қыры – сол уақытта қазақтың ең ұлы билері болды. Олардың кейбірінің жасы үлкен болғанымен, сол Абылайдың заманында өмір сүрді. Төле би, Әйтеке би, Қаз дауысты Қазыбек би, басқа да кереметтей аузы дуалы билері болды. Бұқар жырау сияқты ұлы жыраулардың шыққан кезі де осы Абылай хан заманы. Демек, оның заманында қазақтың руханияты өркендеді, рухы көтерілді. Біле білген адамға бұл ұрыс даласындағы жеңіспен пара-пар еді. Батырлар мен билердің арқасында Абылай заманында қазақтың еңсесі көтеріліп, рухы асқақтады. Бір сөзбен айтқанда, адамгершілігі, кісілігі, батырлығы жағынан дәуірлеген жағдай болды. Сократ ел басқарған адамның рөлі туралы айтқанда тек қана анау жасалды, мынау жасалды дегенді айту аз дейді. Сол ел басқарып тұрғанда халықтың кісілігі, жүректілігі, адамдығы, тазалығы қаншалықты көтерілді, халық рухани жағынан қаншалықты өсті, сол маңызды дейді. Сократтың критерийімен алып қарайтын болсақ, менің ойымша, Абылай хан кезі – қазақ халқының рухы мейлінше көтерілген уақыт. Ұлттық идеяның қуаты туралы осыны айтуға болады.
– Өкінішке қарай, кейін соның бәрінен айрылып қалдық қой.
– Иә, қазақ не көрмеді. Абылай хан төрге сүйреген қазақтың басы Ресей империясына бодан болғаннан кейін тағы да ойға қарай домалады. Шу деп Ресейге кірген уақытта патша уәдені үйіп-төгіп берген ғой. Бірақ кейін соның бәрін орындамаған. Кенесары Ресей империясының басшылығына жазған хаттарында осыны айтады: менің атаммен келіскенде, біз сіздердің қарамақтарыңызға кірген уақытта, сіздер қазақ халқының саяси қалыптасуына, хандық жүйеге тиіспейміз дегенсіздер. Қазақтың жеріне тиіспейміз дегенсіздер, қазақты әскерге алмаймын дегенсіздер. Сіздер сол келісімді сақтамадыңыздар, ерте заманнан келе жатқан билік жүйесі – хандыққа ауыз салдыңыздар, оны губернияға айналдырмақсыздар. Сол сияқты қазақтың ең шұрайлы жерлерін тартып алып, халықты қырға, далаға ығыстырдыңдар деп, осындай түйінді мәселелерді атап көрсеткен. Кенесарының көтерілісінің бұрқ ете түсуіне, негізінен, осы мәселелер себеп болды.
Осыдан кейін патша үкіметі Кенесарының көзін құртуды ойластырды. Кенесарының көтерілісін күшпен басты. Басқа да көтерілістерді де аямай басып-жаншыды. Содан кейін XIX ғасырдың ортасында біз Ресейге біржола кіріптар болдық. Бізді билеп-төстеді. Осы уақытта біз басқа халықтармен, мысалға айтатын болсақ, мына Еуропа халықтарымен, Ресейдің өзімен салыстырғанда көп артта қалып қойдық. Ол жөнінде біздің сол замандағы ұлы адамдарымыз – Шоқан Уәлиханов, Абай, Ыбырай Алтынсарин, тағы да сол сияқты азаматтарымыз қатты ойланды. Бұлар қазақ халқы осындай жағдайда өзінің ұлттық ерекшеліктерін қалай сақтайды, қайткен күнде басқалармен терезесі тең болады деген сауалдарды алға тарта отырып, оның жолдарын іздестірді. Олар бұғаудан босап шығу туралы ойлаған жоқ. Дегенмен, ендігі жерде Есім салған ескі жол, Қасым салған қасқа жол деп біреулердің соңында салпаңдап жүре беруге болмайтынын түсінді. Олардың бәрінің ойлары қазақ та басқалар сияқты болашаққа көз тігіп, әлемдік өркениетке ден қоюы керек деген арнада тоғысты. Соның ішінде ең мықты ой айтқан, қазаққа бәрінен де білім керек екенін жан-жақты түсіндірген Абай болды. Сөйтіп, ол халқымыздың тағдырында айрықша рөл атқарған тағы бір керемет идеяны өмірге әкелді. Ол – ағартушылық идеясы. Қазақ басқа халықпен тең болуы үшін, осы өмірден өз орнын алуы үшін білім керек. Білімсіз алға жылжу, басқа халықпен тең болу мүмкін емес. Өсу үшін, азамат болу үшін білім керек. Сауатты болсаң, білімді болсаң ғана мақсатыңа жетесің. Ал білімді болу үшін еңбек қажет. Еңбек, бір жағынан, табыстың көзі, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей».
Екінші жағынан, еңбек арқылы ғана ақыл, білім, ғылым келеді. Абайдың бір өлеңінде «Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» деуінің де осындай сыры бар екен ғой?! Ескі жүйе, ескі тәртіп бойынша әрбір руды, әрбір ауылды ақсақалдар билеген. Көп мәселелерді ақсақалдар шешкен. Болыстар, билер солармен ақылдасып отырған. Абай басқа жолды ұсынады: еңбек ет, білім ал, ғылымға ден қой, надандықты жой – сонда ғана халықтың көзі ашылады, бағы жанады, сана-сезімі, өмірге көзқарасы өзгереді. Абай өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ дей отырып, оған білім, еңбек, рахымды қарсы қояды. Өсудің идеясы білімде, ғылымда, надандықты жоюда екенін айтады. Шоқанда да осы идея, Ыбырайда да осы идея. Ыбырай айтады ғой: «Өнер, білім бар жұрттар тастан сарай салғызды. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды», – деп. Осының бәрін алып қарайтын болсақ, жаңа көзқарас керек, жаңа идея керек дегенді білдіреді. Бұрынғының жақсылығын, адамгершілік жағын қалдырып, жаман әдеттерден, надандық пен тоғышарлықтан, өмірдің мәні тек қана мал өсіру деген ұғымнан бас тартып, білімге, ғылымға бет бұру керек дейді ойшылдар. Бұл керемет сөздер, күшті идея еді. Сондықтан осы топтың сөзіне құлақ асып, соңына ергендер көп болды.
– Абай, Шоқан халықты білімге шақырды. Орыстың тілін меңгеріңдер деді. Надандықты жою, кісілікті арттыру – бұның бәрі тамаша. Мағжан нақ осы кезде керемет дүниелер жазды. Басқа халықтармен, әсіресе, Еуропамен салыстырғанда қазақ көп артта қалып қойған. Сауаты жағынан да, білімі жағынан да, техника жағынан да қазақ – мешеу халық, осы мәселелерді шешіп, алға жылжу үшін басқа халықтармен терезесі тең болуы үшін қазақ ұйқыдан оянуы керек. Осылай еркіндік идеясы өмірге келді. Еркін болмай, тәуелсіз ел болмай, өзіңнің мемлекетің болмай, өзіңнің автономияң болмай, өзіңді-өзің билемей, не білім-ғылымың, не тарихың, өнерің, не кісілігің өсіп, дамымайды. Біреу басыңа қамшы үйіріп қанап отырғанда, сен үшін күн шығып, таң атпайды.
– Дұрыс айтасың, азаттық, еркіндік, тәуелсіздік, автономия құру мәселесін бірінші рет алаш зиялылары көтерді. Бұл мүлде жаңа идея еді. Оны қалыптастырған Әлихан Бөкейханов. Соның бас идеологы – Ахмет Байтұрсынов. Оларға Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Халел, Жанша Досмұхамбетовтер, Алашорданың басқа да зиялылары қосылды. Олар өз идеяларын өз орталарында, жақтастар арасында ғана айтып қойған жоқ, газет шығарып, халықтың санасын оятуға кірісті. Мәселен, Міржақыптың «Оян, қазағы» ел арасына тез тарап кетті. Патша төңірегіндегілер мұндай қадамдардың қауіптілігін аңғармай қалған жоқ. Содан да Алаш зиялыларын қуғынға салып, түрмеге қамады, газетін жапты. Бірақ Әлихан бастаған зиялылар алған беттерінен қайтқан жоқ. Олар кітап жазумен, газет-журнал шығарумен шектелген жоқ, партия құруды қолға алды, Алаш партиясын ұйымдастырды, партияның бағдарламасын жазды. Оның қатарына Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов сияқты көптеген еті тірі, зиялы жастарды тарта білді. Еуропалық үлгіде жасалған бағдарламалары өте керемет. Ол бойынша патша үкіметінен құтылу керек. Қазақстан демократиялық республика болуға тиіс. Бұл республикада демократиялық елдердегідей әйел теңдігі, жалпы адамдардың құқықтары сақталуға, заңға басымдылық берілуге тиіс. Қазір біз демократиялық жолмен кетіп барамыз ғой. Бұлар да соны өз бағдарламаларына енгізген. Сол сияқты басқа да көптеген мәселелер қамтылған. Олар партия құрып, бұқарамен байланысты нығайта отырып, жеке мемлекет орнатуды басты нысана етіп алды.
Алаш зиялылары көтерген тағы бір өзекті мәселе – жер мәселесі. Бұл мәселе сонау Кенесарыдан басталады. 1820 жылы патшалық Россия хандықты жойып, қазақтың ең шұрайлы жерлерін казачествоға алып берді. Осыған наразылық білдіріп, қазақтар көтеріліске шыққанда кейбіреулер «қазақтар ұятсыз, олардың жерінің 10 пайызын алып, тоқсан пайызын өздеріне қалдырып отырмыз, соның өзін азсынады» деп сөккен. Ал шын мәнінде 30 пайызға дейін алған.
Міне, халық арасында «он пайыз» деп аталып кеткен сол жерлер – нағыз құнарлы жерлер. Соны тартып алып казактарға берген. Мысалы, менің ата-бабаларымның жерлерін хорунжий Митрей деген билеп-төстеген. Осыдан кейін аталарымыз өз жерлерін өздері жалға алып, шапқан әр шөмеле үшін ақша төлеуге мәжбүр болған. Сөйтіп күндерін көрген.
– Шыдамның да шегі болады, малынан, жерінен айрылған қазақ ашынбағанда қайтсін?!
– Айтып отырмын ғой, патшалық Ресей он тоғызыншы ғасырдың басынан бастап бай демей, кедей демей, қазақтың сулы, нулы жайылымды жерлерін тартып ала бастады. Кенесары-Наурызбайдың ұлт-азаттық көтерілістері, тағы басқа да халықтық толқулардың шығуы, міне, осы кездерге келеді.
Осы кезде Қазан төңкерісі басталып, қазақтар үшін кейбір жаңа жағдайлар болды.
– Қазан төңкерісінен кейінгі сол жағдайларды тарқатыңқырай айтсаңыз.
– Ақ пен қызылдың соғысында казактардың бәрі ақтардың жағына шығып, солармен бірге қашты. Оларға Кеңес үкіметі қатты тиісті. Содан кейін жердің бәрі қайта қазаққа қалды. 20-29 жылдары аралығында қазақтың жағдайы тәуірленді. Оны әкем айтып отыратын. «Бұрын жерді пайдаланғанымыз үшін ақы төлеп келсек, билікті кеңестер алған кезде одан құтылдық. Сол сияқты жаңа үкімет етек-жеңін жия алмай жатқандықтан, салық та төлеген жоқпыз», – дейтін. 1928 жылғы ұжымдастыру кезінде Голощекиннің Қазақстанда Қазан төңкерісі жасалмапты деп жүргені содан ғой. Осыдан кейін неше түрлі сойқан басталды ғой. Сіз он жылқым бар десеңіз, белсенділер жүз жылқысы бар деп, жүз жылқым бар десеңіз, мың жылқысы бар деп жазады. Соған сәйкес салық төлейсің. Әкем бір центнер астығымыз болмаса да, жүз центнерге салық төлеген кездеріміз болды деп отыратын. Жоқ астықты қайдан аласың, амал жоқ, малды сатып төлейді. Әрі-беріден кейін малдың құны болмай қалды. Біраздан кейін салық мөлшері 200, тіпті, 300 центнерге дейін жеткен. Амалы таусылған қазақтар Семейге барып 20-30 жылқысын сатып әзер төлеген. Солай малдың бәрін құртқан. Жаппай ұжымдастыру басталғанда байлардың көпшілігі жүген-құрық қана ұстап қалған. Міне, осы жағдайлардан кейін жаппай ашаршылық басталған. Себебі, шолақ белсенді деген пәлелер пайда болған. Олар әліпті таяқ деп білмейтін сауатсыз, айналада болып жатқан оқиғалардан хабары жоқ, тек байдың көзін құрту дегенді ұстанып алған әумесерлер еді. Олар қайдан шықты? Не шаруа емес, не бай емес, өмір бойы арқасы терлеп жұмыс істемеген, бір байды мақтап, бір байды жамандап күндерін көріп, екі ортада жүрген алаяқтар. Кеңес одағы кезінде балақтан басқа өрлеген бит сияқты жұлынып шыға келді. Өйткені, ол кезде кім кедей соны бастық қою керек деген шықты.
Менің әкем оқыған көзі ашық адам еді. Әкесі бай ретінде жер аударылса да, өзін кеңестің хатшысы етіп қойыпты. Бұл амалдың жоқтығынан жасалған таңдау еді, енді біреу қағаз толтыруы керек қой. Балта деген бастығы дайын қағазға бармағын басудан басқа ештеңе білмейтін көрінеді. Тіпті, сол байғұс Лениннің кім екенін білмейді екен. Бар айтатыны, байларды құрту керек.
Кеңес кезінде бәрінен жұрдай болдық деуге келмейді. Кейбір ірі-ірі жетістіктеріміз де болды. Алматыдан бастап, үлкен-үлкен қалалар салынды. Өндірістер бой көтерді. Ауыл шаруашылығы, басқа салалар дамыды. Алайда, 1921-32 жылдары аштыққа ұшырадық, қырылдық. Мұндай жағдай бұрын-соңды қазақ даласында болмаған. Қазақ даласын 1929-30 жылдардағы қуғын-сүргін де айналып өткен жоқ. Ел мүддесіне қатысты идеяларды өмірге әкелген зиялыларымыз атылып кетті.
Мың өліп, мың тірілген қазақ тағдырға мойынсұнбады, қиындықтарды жеңе жүріп, үлкен-үлкен жетістіктерге ие болды. Бұрын хат таныған адамдар шамалы болса, аз ғана уақыттың ішінде жаппай сауатты елге айналдық. Толып жатқан институттар пайда болды. Өмірінде роман жазбаған халық едік, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы біраз жерге атымызды жайды. Халық Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұстафиннің романдарын да іздеп жүріп оқитын болды. Кейін олардың қатарына Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев сынды талантты жазушылар қосылды. Музыка саласы да жақсы дамып, опера сияқты күрделі жанрларымыз пайда болды. Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Нұрғиса Тілендиев, Еркеғали Рахмадиев, Шәмші Қалдаяқов сынды әлемдік деңгейдегі композиторларымыздың еңбегінің арқасында көптеген музыкалық құндылықтар мен симфониялар жазылды. Осы кезеңде ғылым да қарыштап дамыды десек, қателеспейміз. Құрамында 40-50 институты бар Ғылым академиясы ашылды. Ол кезде біз ғылымның дамуы жағынан үшінші орында болдық. Соның бір дәлелі – Қаныш Сәтбаев бастаған бір топ ғалымдарымыз Лениндік сыйлыққа ие болды. Ғылым өскеннен кейін өндіріс те дамыды. Қарағанды, Өскемен, Павлодар қалалары ірі өндіріс ошақтарына айналды.
Рас, кемшіліктер де өте көп болды. Жоғарыда айтқанымдай, аштыққа, репрессияға ұшырадық, жерімізге өзге халықтарды көп әкеліп, сан жағынан аз болып қалдық. Ол аздай, соғыста тағы қырылдық.
– Сіздің сөзіңізге қарағанда, патша үкіметі мен кеңес басшылығының қазақтарға қатысты саясатында елеулі айырмашылықтар болған сияқты ғой.
– Жалпы патша үкіметі қазақтарды басқа халықтармен салыстырғанда жуас халық деп есептеген. Содан да біржолата орыстандырып, шоқындырмақ болған. Осы мақсатқа қазынадан қыруар ақша бөліп, миссионерлерін қазақ арасына жіберген. Қазақ қарсылық білдірмеген, бірақ айтқандарына ере де қоймаған. Рас, шоқынған қазақтар болған. Бірақ олар өте аз. Патша үкіметінің қазақ халқына көзқарасы дұрыс болмаған. Мысалы, басында қазақтар өзін-өзі сайлай алмайды деп, қазақтарды Думаның сайлауына да қатыстырмаған. Ең бірінші сайлауларда қазақтардың атынан сайлауға башқұрттар қатысқан. Есесіне көтеріліске қатысушыларды қатты жазалаған.
Әрине, қазақпен санасқан кездері де болды. Қазақ халқының сауатын көтеру үшін төрт сыныптық орыс-қазақ мектептерін ашты. Осы күні қазақтар орыс тіліне неге құмар деп таңғаламыз ғой, оның тамыры тереңде жатыр. Кезінде, нақтырақ айтсақ, XIX ғасырдың аяғында Ресейде болыс болу үшін, не үлкен қызметке ілігу үшін орыс тілін білу керек деген заң болған. Мұны Міржақып Дулатов жазады. Кейде заң жазылғанмен, өмірде қолданыс таппай жататын кездері де болады ғой, ал бұл заң кәдімгідей жұмыс істеген.
Әрине, орыстан тек зиян ғана көрдік дей алмаймыз. Біздің ұлы адамдарымыз орыстың озық ойлы адамдарымен қарым-қатынаста болып, білім-ғылымның пайдасын түсінді, ағартушылықпен, басқа да елге, халыққа пайдалы істермен айналысты. Мысалы, Шәкәрім Толстоймен хат жазысты, Шоқан болса, Достоевскиймен кереметтей дос болды. Достоевский Шоқанға хат жазғанда айтады ғой, қазақтың келешегі сіз сияқты адамдар деп. Ыбырай Алтынсариннің де орыс достары көп болған. Басқа қазақтың адамдары орыстың зиялыларымен бір мемлекеттің ішінде болған соң етене араласып, олардан көп нәрсе үйренді. Әйтпесе, патша үкіметінің қазақты көркейтейін деген ойы тіпті болмаған. Оған қарағанда Кеңес үкіметінің ойы басқаша болды. Ленин барлық республикаларды көтеремін деп ойлаған ғой. Бірақ кейін оның саясаты, бағдарламалары қатты бұрмаланды.
Шу дегеннен институттар ашты. Орта Азия университеті деген болды. ҚазПи-дің алдында соны ашқан. 1928-ші жылы ҚазПИ ашылды. Оқытушылар жетіспеді. Олардың біразын сырттан әкелді. Осылай қазақтың балаларын бай, кедей деп бөлмей, оқыта бастады. Бұрын, жасыратыны жоқ, байлардың балалары ғана оқыды ғой. Мысалы, Абайдың, Уәлиханның балалары Ресейде оқыған. Кейіннен Ресейде оқу жаппай етек алған. Қазақтың балаларын Москваға, Ленинградқа оқуға алып барған, үлкен қалалардағы алдыңғы қатарлы институттарда оқытқан. Мысалы, Д. Қонаев Болат институтын бітірген. Қ.Сәтбаев Томскіде оқыған. М.Әуезов, Ә.Марғұлан Ленинград университетінде оқыған. Сөйтіп, қазақтың балалары ірі, беделді оқу орындарында білім алған. Елге келген соң олар академия құрған. Алдымен филиал болып ашылса, кейіннен бөлімше, одан кейін дербес ғылым академиясына айналды.
Біздің кезімізде де білім мен ғылымға керемет көңіл бөлінді. Міне, сондықтан да өткенге бір жақты қарамау керек. Кеңес үкіметінің жаман жағы да бар. Қайта-қайта аштық ұйымдастыру, зиялыларымызды қудалау, негізгі халықтың жағдайын түсінбеу, Голощекин сияқты елдің, жердің, тұрғылықты халықтың жағдайынан түк білмейтін адамдарды басшылыққа жіберу сияқты түсінбейтін жағдайлар болды.
– Аға, Алаш арыстарының тамаша идеялары, нақты бағдарламалары болғанын айттыңыз. Солардың іске аспай қалуының ең басты себебі неде деп ойлайсыз?
– Алаш зиялылары қазақ халқының тәуелсіздігін аңсады, сол үшін күресті. Ахмет Байтұрсынов та, Мағжан Жұмабаев та, Міржақып Дулатов та Кеңес үкіметіне қызмет еткенімен, осындай көзқарастары үшін билікке ұнамады. Бұлар газетте жұмыс жасады, сауатсыздықты жоюға атсалысты, оқулықтар жазды. Ұлтына жаны ашып, осындай жұмыстарға белсене атсалысқан адамдардың бірі – Қаныш Сәтбаев. Сол сияқты, Мағжан Жұмабаев та халықты білім-ғылымға баулымай құлдықтан құтқаруға болмайтынын түсініп, психологиядан, педагогикадан оқулықтар жазды. Ахмет Байтұрсынов болса, тіл ғылымының негізін қалап кетті.
Ал енді 70 жыл ішінде біз тәуелсіздікке ептеп дайындалдық. Өзіміздің республикамыз болды, шекарамыз анықталды. Бүкіл дүниежүзі қабылдамағанмен, Қазақстанның аумағы картаға түсті. Сол сияқты, ғылым-білімге, әскерге, өндіріске кадрлар даярланды. 70 жыл ішінде мемлекетіміз жартылай тәуелділікте болғанымен, келешектің негізі қалыптасты.
– Қоғамның қозғаушы күші идеялар, соны өмірге әкелетін, жүзеге асыратын тұлғалар дегенді айтып отырсыз. Біздің тәуелсіздік алғанымызға қазір жиырма жылдан асты. Осы кезеңде бүкіл халықты ортақ міндетке жұмылдыратын ұлттық идея пайда болды ма?
– Өзіміз көз жеткізіп отырғанымыздай, қоғамның дамуында күрделі өзгерістер болып тұрады. Сол мәселені шешу үшін идея керек. Адамның хайуаннан айырмашылығы сол, ол бір нәрсені жасау үшін алдымен ойланады, жоспар құрады. Содан кейін басқа тетіктерді әкеліп, іске қосады. Сондықтан, әрбір үлкен қозғалыста, ұлттық дейміз бе, тағдыршешті идеялар керек. Мәселен, Кеңес одағы құлағаннан кейін біз өз алдымызға тәуелсіз мемлекет бола аламыз ба, көпэтносты мемлекетпіз, халықтың бәрі бір мақсатқа жұмыла ма, әлде дай-дай болып, елді берекесіздік жайлай ма?.. Сол уақытта көкейімізде осындай сауалдар тұрғаны анық. Мен өзім куәмін ғой. Жағдай өте қиын болды. Жалақы айлап төленбеді. Жалақы төленбегеннен кейін жұмыс бола ма, зауыттар тоқтады. 1993 жылы өз Конституциямызды қабылдадық. Кеңес үкіметі кезіндегі конституциямен нарықтық қоғам құруға болмайтын еді. Өйткені, Кеңес үкіметінде заттың бәрі мемлекеттікі. Не басқару жүйесі сәйкес келмейді. Ал енді мұнда жекеменшік болу керек. Кіммен байланыс жасаймыз, ақшаны қайдан табамыз? Елге жалақыны қайдан тауып береміз? Осындай мәселе болды. Кейін шешілді. 1995 жылы екінші Конституция өмірге келді. Инвестициялық заңдар қабылданды. Мемлекет басшысы заңдық күші бар 134 қаулыға қол қойды. Осылай біраз мәселелерді шешуге жол ашылды. Елімізге инвестиция келе бастады. Ақша келген соң бәріне жан кіре бастады. Ел демократия деп дуылдап тұрған кез ғой. Елбасы оларға алдымен экономикамызды түзеп алайық, сосын саясатпен айналысамыз деп басу айтты. Біз сол бір қиын кезеңде Нұрсұлтан Назарбаевты қолдадық. Қолдаған себебіміз, экономиканы қалыптастыру керек, жұрттың тамақ ішуі керек. Ел жалақысын, зейнетақысын алуы керек. Осының барлығына үлкен еңбек керек болды. Президентке де, Үкімет пен Парламентке де көп еңбек етуге тура келді. Сондықтан осы жүйелер бірігіп, Президент Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен осындай күрделі мәселелерді ойдағыдай шештік.
– Сол кездері мемлекеттік тіл төңірегінде де үлкен әңгімелер болды ғой…
– Ұлттық мемлекетте сол ұлттың тілі мемлекеттік тіл болуы керек. Ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Бірақ мемлекеттік тілдің дамуына көңіліміз толмайды. Бәрі біз ойлағандай жылдам болмай жатыр. Ал бірақ мемлекеттік тіл тек қана қазақ тілі болмағанда жағдай бұдан да қиын болушы еді. Содан кейін кішкентай халық деген ұғымды түсіндірдік. Қазақстанда бір ғана ұлт қазақ дегенді түсіндірдік. Мұнда әр ұлттың өкілдері бар, бірақ олар өз алдына ұлт құрамайды. Қазір олар Қазақстан халқы Ассамблеясы деген ұйымға бірігіп отыр. Осылай бірте-бірте Қазақстан жақсы жетістіктерге жетті. Ол жетістігімізді сырт та біліп отыр. Елімізде халықаралық ЭКСПО көрмесі өтейін деп жатыр. Бұл да елдің абыройының, халықаралық беделінің өсіп отырғанын білдіреді.
Жақында Елбасымыз керемет бір идея ұсынды. Дамыған отыз елдің қатарына қосылу туралы айтып отырмын. Көш бастап келе жатқан отыз елдің қатарына ілігу деген бұл Қазақ елі Мәңгілік Ел болды, кешегі Мағжандар, Міржақыптар аңсаған мемлекет орнықты дегенді білдіреді. Кешегі артта қалған мешеу мемлекет, халық десек те болады, енді Еуропаның, Американың алдыңғы қатарлы елдерімен иық тірестіруге бет түзеуі – бұл енді намысы бар әр азаматтың жүрегін қозғайтын, мақтаныш сезімін туғызатын жағдай. Жастар, міне, осы идеяны жүзеге асыруға білек сыбанып кірісулері керек.
Бұл – ойдың, идеяның ішіндегі ең төресі. Себебі, мен айттым ғой, бұрын Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов бәрі айтып, жазған. Қазақ мешеу қалған, кейін қалған. Ал озық елдер алысқа кетті. Ол елдердің мынандай жетістіктері бар. Бірақ олар жету керек деген мәселені көтерген жоқ. Қазақ артта қалды, оян деген мәселелерді көтерді. Қазіргі заманда 30 елдің қатарына ілігу деген сөз – біздің экономикамыздың, біздің ғылымымыздың, біздің адамдарымыздың, өндірісіміздің деңгейінің көтерілуі, соның арқасында жетеміз деген талапқа келіп отырмыз. Себебі, мұндай даму болмаса, ол тек қана қиял болар еді. Сондықтан да, қазір соған сүйене отырып, кейінгі жиырма жылдағы жетістігіміз, Кеңес үкіметінде болған біздің жетістіктеріміз бар, барлық жағынан соны қарастыра келіп, Елбасымыздың мақсаты алдыңғы 30 елдің қатарына тек қана ену керек деген идея емес, соған қалай ену керек екенін, соның тетігі қандай? Соны көрсетіп беріп отыр. Бір үлкен ғұлама айтқан идеяны алға тартуға болады. Бірақ ең қиын нәрсе – идеяны іске асыру. Ол үшін тетік керек. Ол үшін сол идеяны іске асыратын адам керек.
Мен өзім жер жүзін көп араладым. Сенаттың Құқық, қауіпсіздік және қорғаныс істері жөніндегі комитетін басқарған кезімде де көп елде болуыма тура келді. Сонда салыстырсам, олардың еңбекке, білімге көзқарасы, жауапкершілігі, айтқан сөзін дәл орындауы, заңға тоқтауы, оны бұзбауға тырысуы, жемқорлықты шектеуге ұмтылуы өзгеше. Осы мәселелерді алып қарағанда, біз әлі шикілеуміз. Бұл жағынан біз немістер мен ағылшындардың шаңын жұтып келеміз. Мүмкін, оларда да бір мәселелерде кемшіліктер бар шығар. Ал жалпы алғанда, жұмыс жағынан олардан көп нәрсені үйренуіміз керек.
Президент «Мәңгілік Ел» болайық деген идея көтерді. Бұл идея көтерілген уақытта мен басында ойланып қалдым, жаңағы 30 елдің шамасында болайық дегеннің басқа бір көрінісі шығар деп. Ал енді өзім қазір ойлап қарасам, бұл Мәңгілік Ел деген өте көкейкесті мәселе екен. Себебі, қай уақытта да әр елге, әсіресе, біз сияқты елдерге қауіп көп. Ішінен де, сыртынан да. Мынау Украина кеше шалқып отырған республика болатын. Аяқастынан проблемалар туып, соның шырмауында қалды, Қырым кетті олардан, ол ғана емес, Украинаның облыстары дербес ел боламыз немесе республика боламыз деп даурығып жатыр. Көрдіңіз бе?! Сондықтан да, қазақ: «Жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында» дейді. Біз қайткенде де озық елдердің қатарына қосылуымыз керек. Ол үлкен идея. Бірақ сол 30 елдің қатарына жету идеясы бұл біздің Мәңгілік Ел болу үшін, тұрақты ел болу үшін, көрінген бізге көзін алартпас үшін керек. Мәңгілік Ел деген арман ойды ол кісі айтып қалды. Мен қазір ойлаймын, Украина оқиғалары әлі басталмаған еді ғой ол кезде. Бірақ осы кісі бір кереметті сезінді-ау деймін. Енді мен қазір түсініп отырмын, Мәңгілік Ел деген сөз – ол біздің мемлекетіміз. Біздің халқымыздың қазіргі жасап отырған елі. Бұл ел – біреу. Тістегеннің аузында кетіп қалмау керек. Бұл ел орнықты ел болып қалуы керек. Көп замандарда бұл ел Қазақ елі болып, Қазақтың мемлекеті болып тұруы керек. Ол үшін әрбір қазақ Құдайдың құтты күні ойлануы керек.
Патриоттық сезім керек. Әрине, біздің экономикамыз, ғылымымыз барлығы жетеді. Озық отыз елдің қатарына кіруге мүмкіндігіміз мол. Сонымен қатар, мына бір жайды да айта кеткім келеді. Жасыратыны жоқ, біздің арамызда не нәрсеге болсын өкпесі қара қазандай болып жүрген адамдар да бар. Солай ғой. Ел боламыз десек, соның бәрін сырып тастап, ортақ іске жұмылуымыз керек, Президентті жақтайтындар ғана емес, сол кісінің жанындағылар ғана емес, тіпті, мына оппозицияда жүргендердің өздері, исі қазақпын, қазаққа жанымыз ашиды дегендердің барлығы осы Мәңгілік Ел идеясын іске асыруы керек. Біздің ұлан-ғайыр жеріміз бар: 5 Франция, 12 Англия сияды. Халқымыз әлі аз, небәрі 17 миллион ғана. Қарағандыға, Павлодарға, Семейге қарай кетіп бара жатқанда қарасаң, кең-байтақ жеріміз жатыр. Кереметтей құнарлы. Сол жерлерге көздері түспейді дейсің бе басқалардың? Біз мол байлықтың үстінде отырмыз. Ол байлыққа біреулер қызықпайды дейсің бе?! Сондықтан да, әр уақытта біздің бірлігіміз керек, елді, жерді сүйген қуатты сезім керек. Әр уақытта әрбір қазақтың баласы елін қорғау мәселесіне дайын болуы керек. Сол уақытта ғана біз тәуелсіз елдің азаматы боламыз.
Біз үшін ең қымбат құндылық – тәуелсіздік. Бұл – біз әрең дегенде, 260 жылдың ішінде жеткен арман. Ол баянды болуы керек. Мемлекетіміз орнықты болуы керек. Халқымыз, еліміз мәңгілік болуы керек.
– Елбасымыз осы мәселеге күні кеше ғана халыққа арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» деп аталатын жаңа Жолдауында тағы бір мәрте тоқталып, Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі, барша Қазақстан қоғамының ұлы құндылығы екенін, өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұрғанын атап көрсетті.
– Президентіміздің жаңа Жолдауымен де ықылас қоя танысып шықтым. Бұған дейінгі Жолдауындағы сияқты бұл құжаттың астарында да аса үлкен мән-мағына, стратегиялық мақсат-міндеттер жатыр, бәрі анық, айқын көрсетілген. Және бір сүйініштісі, Нұрсұлтан Әбішұлы алда тұрған асқаралы міндеттер туралы әңгіме қозғай отырып, оларды шешу жолдарын да көрсетіп береді. Алда сан түрлі қауіп-қатерлер күтіп тұр. Мемлекет басшысы атап көрсеткеніндей, «Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады». Осыны бүкіл ел, халық болып ескеруіміз керек. Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек.
Міне, менің айтайын дегенім!
– Рахмет, аға!
Әңгімелескен
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
