«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АКВАРИУМДАҒЫ БАЛЫҚТЫҢ КҮЙІН КЕШІП…

Соңғы кездері ауыл тұрғындарының қалалық жерлерге жаппай көшуі елді мекендерде білім ошақтарының жабылып қалуына немесе шағын жинақты мектептер санының артуына әкеліп отыр. Дерек көздеріне сүйенсек, бүгінде елімізде 8 мыңға жуық жалпы білім беретін мектептің 4 мыңнан астамы шағын жинақты мектеп мәртебесін алған. Бұл үрдіс біздің облыстағы білім ошақтарына да тән. Бізде жалпы білім беретін 547 мектептің 444-і – шағын жинақты. Олардың материалдық-техникалық базасының әлсіздігі, қаржыландырудың жетімсіздігі, педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігі, біріккен сыныптарға, яғни жастары әртүрлі балалардан тұратын аудиториямен жұмыс істей алатын тәжірибелі мамандардың аздығы, тағы басқа да қордаланған мәселелері де жеткілікті.

Айыртау ауданындағы Бірлестік орта мектебінде 170-тен астам оқушы кеңестік кезеңде жатақханаға лайықтап салынған екіқабатты ғимаратта білім нәрімен сусындауда. Ауылдағы 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен қамтылып, 16 балғын мектепалды даярлық тобында, тағы 30 бүлдіршін шағын орталықта (екі ауысымда) білім алып жүр.  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әлеуетінің жақсаруын білім саласын жаңғыртумен және адами капиталды сапалы дамытумен байланыстырады. Бұл ретте мектепте оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісімен 28 педагог айналысады. 26 жоғары білімді педагогтің біреуі – жоғары, он үші – бірінші, тоғызы – екінші санатты ұстаздар. Олардың 6-ауы Петропавл және Алматы қалаларындағы “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталықтары” филиалдарында өз біліктіліктерін арттырып, қазір тәжірибелерімен мектептегі өзге мұғалімдермен бөлісуде.

“Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?” – деп Мұхтар Әуезов айтқандай, мектепте шығармашыл, өз ісін сүйетін, білім беру үдерісіне қатысушылардың барлығымен серіктестік жасай алатын және соған ұмтылатын мұғалімдер жұмыс істейді. Олар оқушыларды түрлі байқауларға даярлай отырып, өздері де талай сайыстардың жеңімпаздары болған. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Алмагүл Белгібаева облыстық “Жүзден жүйрік” байқауының жүлдегері болса, бастауыш сынып мұғалімі Баршын Сейітова – республикалық “Ұлағатты ұстаз” байқауының 1-орын иегері. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы болатынындай, олардың шәкірттері де түрлі деңгейлердегі сайыстарда оза шауып жүр. Баршын Жылқайдарқызы оқушыларын “Ақбота”, “Кенгуру”, “Пони”, “Нұрлы көжек” сынды сайыстарға қатыстырып, шығармашылықтарын шыңдауда. Шығармашыл ұстаздардың қатарына қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беретін Самал Апетованы да жатқызуға болады. Оның оқушысы Гүлбақыт Кенжеболатова “Мағжан оқуының” республикалық кезеңінде бас жүлдені жеңіп алған.

– Мектеп оқушыларының арасында республика деңгейіне шығып, жүлдегер атанып жүргендер де баршылық. Сайран Айтмағанбетова (мұғалімі С.Наушина) “Абай мен Пушкин менің өмірімде” шығармалар байқауында, Сәуле Әленова (мұғалімі С.Апетова) “Абай оқуларында”, Эльмира Қызбикенова (мұғалімі Б.Күзенбаева) – биология, Сұлтан Таласбеков пен Айнұр Ермекбайқызы (Қ.Байдулина) математика пәндерінен қашықтық олимпиадаларында жеңімпаз және жүлдегер атанды, – дейді математика және физика пәндерінің мұғалімі, 23 жылдан бері мектепті басқарып келе жатқан Әнуарбек Махметов.

Мектепті “Алтын белгіге” бітірген апалы-сіңлілі Айзада мен Гүлзада Әленовалардың алғашқысы Алматы қаласындағы Қазақ-Британ технологиялық университетін үздік тамамдап, қазіргі таңда банкте қызмет істеп жүрсе, Астана қаласындағы Еуразиялық ұлттық университеттің түлегі Гүлзада “Болашақ” бағдарламасы бойынша Нью-Йоркте білімін жалғастыруда.

Сол сияқты Самал Айтмағанбетова, Динара Сейітова, Бану Балтакескенова, Айдана Махметова, Гүлзада Наушина, Айдана Сейітова сынды мектептің мақтанышы болған түлектер де жоғары оқу орындарында грантпен оқып, еліміз бойынша әртүрлі саланың тетігін ұстап, табысты еңбек етіп жүр. Білім ошағына мемлекеттік “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша 4 жас маман келіп, ұжыммен біте қайнасып кеткен жайлары бар.

Мектепте физика, мультимедиа, информатика, “Өзін-өзі тану” пәндері кабинеттері жабдықталған. Мектеп оқушыларының Ұлттық бірыңғай тестілеуден көрсеткіштері соңғы үш жылда сәйкесінше 63,5, 77,8, 78,7 пайызға көтерілген.

Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған “Тоғызқұмалақ”, “Сиқырлы әлем” (бейнелеу өнері), “Мағжан өрендері” (мәнерлеп оқу), “Жас физик”, “Жас бишілер”, “Жас дарындар” (халықтық домбыра ансамблі) үйірмелері жұмыс істейді.

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жанат Мұқашевтың еңбегі де ерекше атауға лайық. Оның басшылығымен оқушылар аудан, облыс көлемінде шахмат, қазақша күрес, шорт-трек, еркін күрес, былғары доп, жеңіл атлетикадан өтетін сайыстарға үзбей қатысып, жүлделі орындарды еншілеуде. Бір қынжыларлығы, осылай мектебін былай қойғанда, аудан, облыс намысын қорғап жүрген оқушылармен сабақ өткізетін жөні бүтін спорт залы да жоқ. Ол ол ма, мектептің өз жайы да мәз емес.

Бүгінгі санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бойынша сыныптағы әр оқушыға тиесілі аумақ кемінде 3,5 шаршы метр болуы керектігін ескерсек, бұл мектептегі оқушыларды аквариумдағы балықтарға ұқсатуға болатын сияқты. Баяғыда бір пақыр: “Дүниенің кеңдігінен не пайда, аяғыңа киген етігің тар болса?” – деген екен. Бүгінде Бірлестік орта мектебінің оқушылары мен ұстаздары сол пақырдың кебін киіп, екі ауысымда оқып, мектебіне зорға сыйып жүр.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp